Сумен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды

513

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өңірді сумен қамтамасыз ету мәселелеріне арналған жиын өтті.

Қазіргі уақытта аймақта егінді сумен қамтамасыз ету күрделі жағдайда өтуде. Дегенмен, жауапты министрліктермен, шаруалармен бірлесіп егінді судан қалдырмау шаралары қабылданған. Облыста арнайы жұмыс тобы құрылып шаруашылықтарға судың кезекпен берілуі бақылауға алынған. Жоғары орналасқан жерлерге су жеткізу және қашыртқыдағы суды екінші мәрте пайдалану үшін 351 насос пайдаланылуда.

Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес бақша дақылдарын егу үшін облыс бойынша барлығы 3 мың 342 гектар жер арнайы дайындалды. Мамандар егілген көлемді қайта нақтылау кезінде су тапшылығы байқалған. Кейбір елді мекендерде егіншілер су жеткізе алмай, дизельді насоспен арықтан су алуда.

Сумен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды

Жергілікті халық қосымша жер дайындауды сұрап, егін егуге ынтасын білдіруде. Себебі биыл бақша дақылдары жоспарланған көлемнен артық егілген. Демек, бұл жұмыстар қарапайым шаруа адамының күнкөріс деңгейіне оң әсер еткен. Облыс әкімі алдағы уақытта жергілікті халықтың сұранысына сәйкес бақша дақылдарын егу үшін жерді жоспармен дайындап, тұрғындардың сұранысын толықтай қанағаттандыруды тапсырды.

Қызылорда қаласы мен аудан әкімдеріне «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Қызылорда филиалымен бірлесіп, дақылдардың нақты су тұтыну нормасына сәйкес су беру кестесін шаруалармен келісе отырып, үйлестіру, су деңгейін көтеру бойынша тиісті жұмыстар жүргізу жүктелді.

Өңірде су тапшылығын болдырмау үшін шілде-тамыз айларында Шардара су қоймасына түсетін судың көлемі секундына 200 текше метрден кем түспеуі және қоймадан төменгі ағысқа секундына 500 текше метр су жіберілуі қажет.

Облыс әкімі жауапты басшыларға егінді судан қалдырмау шараларын бақылауда ұстауды тапсырды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<