Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен актив отырысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы тағайындалды.
Осы уақытқа дейін департамент басшысы болған Серікжан Мырзалы басқа лауазымға ауысуына байланысты қызметтен босатылды.
Жиынға ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Дархан Ғалымтайұлы Құрақбаев арнайы қатысып, департаменттің жаңадан тағайындалған басшысы Ернар Әбсейітұлы Мақажановты таныстырды.
Аймақ басшысы Ернар Әбсейітұлын құттықтап, жаңа қызметінде абырой тіледі.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткен мемлекеттік саясаттағы негізгі басымдықтың бірі – сыбайлас жемқорлықпен күрес. Мемлекет үшін маңызды істерді орындауда алдымызда бірлесіп атқаратын үлкен міндеттер бар.
Осы ретте, Ернар Әбсейітұлы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау, қоғамда жемқорлыққа мүлде төзбеушілік қағидатын берік орнатуға ықпал етіп, ұлттық жобалар аясында халықтың тұрмысы мен экономикалық әлеуетін жақсартуға бағытталған бюджет қаражатының мақсатты жоспарланып, әділетті жұмсалуы жолында табанды еңбек етеді деп ойлаймын. Ернар Әбсейітұлын жаңа қызметімен құттықтай келе, мемлекеттің басты міндеті – жемқорлықпен ымырасыз күресу арқылы оның тамырына балта шауып, заң үстемдігін орнатуға мүдделік танытады деп сенім білдіреміз», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Жаңа департамент басшысын облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, облыстық сот төрағасы Әділхади Шығамбаев пен Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Мақсұт Нәлібаев құттықтады.
Ернар Мақажанов 1981 жылы туған, білімі жоғары. Еңбек жолын 2005 жылы жедел бөлімшелерде, оның ішінде Алматы, Солтүстік Қазақстан облыстары және Алматы қаласы бойынша Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменттерінде (қаржы полициясы) қызмет етуден бастады. 2015-2017 жылдары ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Алматы қаласы және Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменттерінің басшысы лауазымдарында қызмет етті. 2017 жылдан бастап сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдарында басшылық қызметтер атқарып келді.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<