Сындарлы шақтан шыңдалып шығамыз

755

0

Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың халық алдында есепті кездесуі болды. Облыс басшысы өткен жылды қорытындылап, алда тұрған міндеттер туралы бірқатар маңызды жоспарларды електен өткізді.

Онлайн форматта ұйымдастырылған есепті кездесуде облыс әкімінің сөйлеген сөзі ұсынылып отыр.

Құрметті жерлестер!

Өткен 2020 жыл еліміз үшін өте күрделі болды.

Әлемдік пандемия қа­лып­ты тіршілігімізге ай­тар­лықтай әсер етіп, эко­номикамыздың даму үдерісін тежеді.

Қызметтің барлық саласына түбегейлі өзгерістер енгізілді. Әлемді шарпыған бұл індет біздің аймағымыз үшін де үлкен сынақ болды.

Ұлтымыздың ұлы ақыны, дана Абайдың «Бейнет көрмей, дәулет жоқ» деген кемеңгерлік қағидасына сү­йеніп, барша халықтың бе­рекелі бірлігінің, тынымды тірлігінің арқасында бұл қиындықты да еңсере білдік.

Сыр халқы қай кезде де қиындыққа мойыған емес. Бұл жолы да біз табан­ды­лы­­ғы­мызды танытып, бір-бірімізге қолдау білдірдік.

Сындарлы сәтте Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының бас­­та­масымен құрылған «Бір­­­геміз» қорынан көлемді қар­­жы бөлініп, халыққа мате­­риалдық көмек көр­сетілді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы То­қаев коронавируспен кү­ре­су үшін бюджеттен қо­мақты қаражат бөліп, нақты ше­шімдер қабыл­дады. Ін­дет­пен күрес шаралары әлі жалғасуда. Өйткені коронавирус әлі толық­тай ауыз­дық­талған жоқ.

Бүгінгі күні Қызылорда облысы «жасыл аймаққа» тұрақтап, эпидемиологиялық күрделі жағдайды алдын алуға дайын.

Анықтама ретінде: 

(09.02.2021ж.) ауру жұқтыр­ған­дар саны – 3 657, емделіп шыққандар саны –  3 533 (96,6 пайыз), қайтыс болғандар саны – 16, ауруханада жат­қан­дар саны – 24.

Сындарлы шақтан шыңдалып шығамыз

Өткен жылы Қызылорда қаласынан заманауи үлгідегі 200 орындық модульді жұқ­палы аурухана құрылысы жүргізіліп, толықтай аяқталды. Сәуір айында пайдалануға береміз.

Бұған қосымша 3200 төсек-орын мен 3500 медицина қызметкерінен тұратын кадр­лық резерв жасақталды.

Екі айға жететін дәрі-дәрмектің тұрақтандыру қо­ры қалыптастырылып, оған жер­­гілікті бюджеттен 488 млн теңге қаржы бөлінді.

Облыстағы медициналық ұйымдар қажетті медици­на­лық жабдықтармен толық қамтылды.

Анықтама ретінде: 686 оттегі концентратор және 251 ИВЛ, 8 компьютерлік томограф, 66 рентген аппаратымен қамтамасыз етілген. Көпбейінді облыстық және Қазалы ауданаралық ауруханаларында оттегі стансалары іске қосылды.

Тоғыз ПЦР аппараты жұ­мыс жасауда. Тұрғындардан тәулі­гіне 1000-1500 сынама алынуда.

Бүгінгі күні аймақта жап­пай вакцинациялау жұ­мыстары жүргізілуде. Вакцина салдыру – әр адамның жеке қалауы. Мәжбүрлеу жоқ.

Ең маңыздысы, әр адам өзінің, туыстары мен жақын адамдарының денсаулығына  мұқият болу керек.  Бұл – бүгінгі күннің талабы.

Қазіргідей күрделі жағ­дайда алдымызда тұрған бас­ты міндет – экономиканы дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және халықтың әл-ауқатын жақсарту.

Бұл ретте, өткен жылы «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» аясында 40,1 млрд теңге қаржы қаралып, 291 жоба жүзеге асты.

Бұл пандемия кезеңінде жаңа жұмыс орындарын ашу­ға және халықтың әлеу­мет­тік тұрмысын жақсартуға мүмкіндік берді.

Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қа­зақ­стан халқына арнаған Жолдауында осы міндеттерді жүзеге асыруға басымдық беріліп, ел дамуының алдағы кезеңдегі нақты бағыттары айқындалды.

Біз Жолдауда көрсетілген осы міндеттерді жүзеге асыру арқылы дамудың оң тенденциясын қалыптастыратын боламыз. Оған мүмкіндіктеріміз толықтай жетеді. Алғышарт­тарымыз да бар.

Құрметті жерлестер!

Бүгін облыс әкімі ретінде Сіздердің алдарыңызда алғаш рет есеп бергелі отырмын.

Пандемия жағдайына байланысты биыл есепті кездесулер онлайн форматта өтуде.

Тек ауылдық округ әкім­дері, барлық санитарлық талап­тарды сақтай отырып, халық алдында дәстүрлі форматта есеп берді.

Облыс бойынша барлық деңгейдегі әкімдер халық алдында 178 есепті кездесу өткізіп, онда 700-ге жуық сұрақ пен ұсыныс-пікір келіп түсті. Барлығына міндетті түр­де жауап беріледі.

***

Енді облыстың экономи­калық жағдайына және алда атқарылатын міндеттерге нақ­ты тоқталып өтсем.

Облыс экономикасындағы кейбір көрсеткіштердің төмен­деуіне қарамастан, Үкіметпен жасалған меморандум бо­йынша өңірге инвестиция тарту 230 млрд теңге болып бел­гіленсе, біз көрсеткішті 27 процентке артығымен орын­дап, 292 млрд теңгеге жет­кіздік.

Тұрғын үй салу жоспары 591 мың шаршы метр болса, бұл көрсеткішті де 609 мың шаршы метр  өсіммен орындадық (өсім 3,0%).

Өңір экономикасының не­гізгі проблемасы кен орын­дарының сарқылуы болып отыр. 2020 жылы мұнай өндіру көлемі 17,3%-ке (960 мың тоннаға) азайса, ағымдағы жылы тағы 10,5%-ке (500 мың тоннаға) қысқарады деп болжануда.

Уран өндіру көлемінің 20%-ке төмендеуі (соның салдарынан құрамында уран бар шикізатты қайта өңдеу көлемі 28%-ке қысқарды) өнер­кәсіп­тік өнім өндіру мен қайта өңдеу көрсеткішіне теріс әсер етті.

Мұнай мен уран өндірісінің төмендеу салдарын азайту үшін облыста кешенді шаралар қабылдануда.

2021 жылғы 26 қаңтарда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қызылорда облысының экономикалық күрделі жағ­дайын ескеріп, Үкіметке қол­дау көрсетуді тапсырды.

Осыған орай, біз өз тарапымыздан республикалық бюджеттен қаржылық қолдауды қажет ететін 110 жобаны әзірлеп, ұсындық.

Өткен жылы индустрияландыру бағдарламасы аясында 1,5 млрд теңге қаржыға 3 жоба (172 жұмыс орны) іске асырылды.

Анықтама ретінде: 1.Тауарлы балықты өсіру және терең өңдеу кешенін кеңейту цехы-1 кезең. 2. Балықты тереңінен қайта өңдеу зауыты мен пластикалық қайық жасау цехы-1 кезең. 3. Кварц құмын байыту бойынша тау-кен ба­йыту комбинаты-1 желісі.

Ағымдағы жылы тағы да құны 48,5 млрд теңгенің 4 жобасын (506 жұмыс орны) іске асыруды жоспарлап отырмыз.

Анықтама ретінде: шыны зауытының құрылысы, құс фаб­рикасын салу, түйе сүті­нен құрғақ ұнтақ өндіру және «Арал тұз» АҚ-да испан технологиясы бойынша тұз өн­дірудің үшінші цехын салу жобалары.

Сындарлы шақтан шыңдалып шығамыз

«Шалқияда» тау-кен ба­йыту комбинатын және кальцийленген сода өндіру зауыт құрылысы. Шыны зауытының айналасында 8 өндіріс ашу жоспарлануда, 3-нің (шыны талшық, айналар, шыны ыдыс­тар мен ыдыстар өндірісі) жобалау кезеңі аяқталуда.

Ал, кальцийленген сода за­уы­тының айналасында ас со­дасын, жуу құралдарын, еріт­кіштерді және басқа да өнім­дерді шығару бойынша жоспар бар.

Жаңа жұмыс орындарын құру – біздің басым бағыт­тары­мыздың бірі.

«Ауыл – Ел бесігі», «Жұмыс­пен қамтудың Жол картасы» мемлекеттік бағдар­лама­ла­ры­ның арқасында өңірде жұмыс­сыздық деңгейін ­4,9%-те (рес­публикада 5,0%) ұстап тұрмыз.

Осы бағдарламалар аясында 2020 жылы тұрғын үй, жол және әлеуметтік салаларда 44,3 млрд теңгеге 351 жоба жүзеге асырылды.

Ал биыл 12,8 млрд теңгеге 42 жобаны іске асыратын боламыз.

Облыста өткен жыл бо­йынша 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды, оның 15 мыңға жуығы  тұрақты жұмыс орны.

2020 жылы халықтың нақты жалақысы 11,5%-ке ақшалай табысы 1,3%-ке (83 641 теңге) өсті.

2020 жылы аймақ эконо­микасының негізгі басым бағыт­­тарын дамытуға Президент тапсырмасымен қосымша 15,6 млрд теңге қаржы бөлінді. Бұл қаржыға маңызды 42 жоба жүзеге асырылды.

Барлық мемлекеттік бағ­дарламалар бойынша облыс­та 492 шақырым болатын автожол мен көше жөнделіп, 2 көпір және 408 пәтерлі 39 көпқабатты тұрғын үй, 13 әлеуметтік нысан пайдалануға берілді.

Биыл 1964 пәтерлік 101 тұрғын үйді пайдалануға береміз.

Бүгінде облыс халқы­ның 97 проценті орталық­тан­дырылған ауызсумен, 65 проценті табиғи газбен қам­тылған.

2020 жылы 16 елді мекенде су құбыры және кәріз желілерін қайта жаңғырту бо­йынша жалпы құны 4 млрд теңге болатын 27 жоба жүзеге асырылды. Осының нәтижесінде 100 мыңнан ас­там адам таза ауызсумен қамтылды.

Биыл ақпан айының басында Тереңөзек кентін газға қостық.

Жақын арада қалған 2 аудан орталығы – Жосалы және Жалағаш кенттерін «көгілдір отынға» қосамыз.

Агроөнеркәсіп саласында айтарлықтай өсім бар.

Жыл қорытындысымен облыста тұтыну бағаларының индексі 107,2 процентті, ал, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларының индексі  110,1 процентті (ҚР-111%) құрады.

Қазіргі таңда облыста 8,7 мың тоннадан астам әлеу­меттік маңызы бар азық-түлік қоры қалыптасты. Оның 2,2 мың тоннасы тұрақтандыру қорының өнімдері. Бұл мақ­сатқа 1,2 млрд теңге бөлінді.

Соңғы 5 жылда аграрлық сектордың жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 4%-ке өсті. Бұл инвестициялардың жоғары өсу қарқынына, техникалық қайта жарақтандыруға және жаңа технологиялардың ен­гізілуіне байланысты.

Тек соңғы жылдың өзінде агроөнеркәсіптік кешеннің не­гізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі  екі есеге өсті (2019 жылы – 6,7 млрд теңге, 2020 жылы – 13,6 млрд  теңге).

Ауыл шаруашылығы өнім­дерінің экспорты шамамен 9 процентке өсті, экспорттың 97 процентке қайта өңделген өнім.

2020 жылы алғаш рет шет елге қамыс экспорттадық, («Қамыс-Орда» ЖШС, Арал ауданы) оның алғашқы 685 тоннасы Германияға жіберілді.

Сонымен қатар, әлемнің 17 еліне ауыл шаруашылығы өнімдерінің 11 түрі экспортталды.

2020 жылы күрішшілеріміз гектарына 61,8 центнерден өнім алып, 550 мың тоннадан астам күріш жинап, жоғары көрсеткішке қол жеткізді.

Аймағымызда вегета­ция­лық кезеңде қайталанатын су тап­шылы­ғына байланысты ауыл ­­шаруашылығын әртарап­тандырудамыз.

Өткен жылы пилоттық режимде Жаңақорған ауданында күздік бидай себілген 80 гектарға аквагельдер қол­данылды. Нәтижесінде әр гектардан орта есеппен 18  центнерден өнім алдық.

Биыл тамшылатып суару әдісімен 3 мың гектарға қызанақ отырғызуды және жаңбырлатып жүгері мен жоңышқа егуді бастауды жос­парлап отырмыз.

Алдағы жылдарда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 158 мың гектар алқаптағы ирригациялық және дренаждық жүйелер мен 29 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіру және айналымға енгізу жобаларын жүзеге асыру көзделуде.

Өздеріңізге белгілі, жыл сайын жаз мезгілінде аймақта су тапшылығы орын алады. Әсіресе өткен жылы су тапшылығы қатты сезілді. Сырдария өзені арқылы ке­летін судың 70%-ке жуығы қыс мезгілінде келеді.

Сондықтан, алдағы уақытта қысқы тасқын суды жинақтау үшін 2,3 млрд текше метр су жинайтын қоймалар салуды жоспарлап отырмыз.

Ағымдағы жылы «Қара­өзек» (1,9 млрд теңге) және «Күміскеткен» (1,9 млрд теңге) су қоймаларының жобалау құжаттамалары аяқталған соң, құрылысын бастайтын боламыз.

Бүгінгі күні «Қызылорда» және «Әйтек» су тораптарын қайта жаңғырту және Жалағаш ауданындағы дренаж-суару жү­йесін жетілдіру жұмыстары жүргізілуде. «Жи­делі» су қой­масын жөндеу жұмыстары аяқ­талып, былтыр пайдалануға берілді.

Осы жылы Үкіметтің қол­дауымен «Көкарал» бөгетін қалпына келтіру жұмыстарын жүргіземіз. (Жоба құны – 4,7 млрд. теңге)

Мал шаруашылығын дамыту саласы бойынша жүйелі жұмыстар бар. Үстіміздегі жы­лы қосалқы жерде орна­ласқан жайылымдарда 345 су көзін құжаттандырып, шамамен 1,3 млн гектар жерді іске қосамыз. 

Балық шаруашылығының даму әлеуеті зор.

Бұл сала мемлекет тарапынан субсидияланған. 2020 жылы біз балық шаруа­шы­лығын дамытудың 2030 жылға дейінгі өңірлік бағдар­ламасын әзірледік. Оған шамамен ал­дағы жылдарда кезең-ке­зе­ңімен 29 млрд теңге бағыт­талатын болады.

Нәтижесінде тауарлық ба­лық көлемі 110 есеге артып, балық өнімдерінің экспорты қазіргі 4,2 мың тоннадан 8,5 мың тоннаға дейін ұлғаятын болады.

2030 жылға дейін кемінде 55 көл-тауарлы балық өсіру шаруашылығы, 12 тоған және 16 тор шаруашылығы құрылып, 3 жабық сумен жабдықтау құрылғысы салынады.

Кәсіпкерлікті дамытуда пан­демия кезінде өңірдегі 54 мыңға жуық кәсіпкер са­лық­тық жеңілдіктерін алып, 8,5 мыңнан астамы міндетті әлеуметтік медициналық сақ­тандыру төлемдерінен босатылды. 

9 мың сауда алаңы (147 ірі сауда нысандары) шамамен  700 миллион теңге арендалық ақыдан, 194 кәсіпкер мем­лекеттік меншікті жалдау құнынан босатылды (60 млн тг). 8 мыңға жуық кәсіпкердің 11 млрд теңгеден астам несие қарызы кейінге шегерілді.

Кәсіпкерлік саласындағы бағдарламалар аясында өткен жылы бизнесті қолдауға банк­термен 20 млрд. теңгеден астам қаражат бағытталды.

«Қызылорда» Өңірлік ин­вес­тициялық орталығымен не­­сиелендірудің қолжетімді шарт­­тары арқылы ауыл кәсіп­кер­лерінің стартап жобаларына облыстық бюджеттен 2 млрд теңге қаржы бөлінді.

Нәтижесінде жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 5 процентке (48657 бірлік, ҚР бойынша – 2%-ке) артып, жұмыспен қамтылғандар саны 96 мың адамды (2019 жылы – 91,4 мың адам) құрады.

Осы атқарылған жұмыс­тардың қорытындысымен облыста жалпы өңірлік өнімнің үлесі 18%-ке ұлғаяды (2019 жылы – 17,8%).

Облыстың жалпы эконо­микалық жағдайын талдай отырып, біз өткен жылы өңірдің 2023 жылға дейінгі «Экономикалық даму Картасын» қабылдадық.

Картада 271 млрд теңгені құрайтын 265 маңызды жоба бар. Бүгінгі күні жалпы құны 7 млрд теңгені құрайтын 89 жоба өз жұмысын бастады, 1047 жұмыс орны құрылды. Биыл жобалар санын 500-ге жеткізу жоспарлануда.

Індет кезінде мейрамханалар қызметін тоқтатқанын біле­сіздер. Облыс бойынша 128 мейрамхананың 15-сі қыз­метін өндіріс саласына қайта бағыттады.

Аз қамтылған көпбалалы ­отбасыларын тұрақты табыспен қамтамасыз ету мақ­сатында оларды кәсіп­керлікке тартудамыз.

«Еңбек» бағдарламасы бо­­йынша 670 көпбалалы ана бизнес-идеяларды іске асы­руға арналған гранттар алды.

Әлеуметтік сала әркез айрықша мәнге ие.

Біз аудандық орталық ауруханалар салу мәселесін толығымен шештік.

Енді алғашқы меди­ци­на­лық-әлеуметтік көмек көр­сететін 62 нысанды 2024 жылға дейін жаңартуды жос­парлап отырмыз.

Оның ішінде биылғы жылы Жаңақорған ауданындағы Жа­ңа­рық, Жалағаш ауда­нын­дағы Таң ауылдарында дәрігерлік амбулатория құры­лысы бас­талады. 23 нысанның (14 ­амбу­латория, 9 медпункт) жо­ба­лық-сметалық құжаттары әзір­ленеді.

Мемлекет басшысының тап­сырмасына сәйкес 2020 жылы індетпен тікелей күрес­кен 3 мыңнан аса медицина қызметкеріне 3 млрд теңге көлемінде үстемеақы төленді.

20 медицина қызметкері жоғары мемлекеттік наградамен, 107 қоғам белсендісі (еріктілер, медицина қызмет­керлері, меценаттар) «Халық алғысы» медалімен марапатталды. 

Білім беру саласында пандемияға байланысты бү­гінгі күні оқушылардың 49% қашықтан, 51% дәстүрлі форматта оқуда.

Қашықтан оқытуды сапалы ұйымдастыру мақсатында мектептердің балансындағы 14 мыңнан астам компьютер оқушыларға берілді.

Үкімет резервінен 3,2 млрд теңге қаржы бөлініп, 22 870 дана құрылғы сатып алынды.

Жергілікті бюджет және демеушілер есебінен 4 мың компьютерлік техника сатып алынып, мұқтаж балаларға таратылды.

2020 жылы аз қамтылған және көпбалалы отбасылар­дан шыққан дарынды ауыл балаларына арналған грант­тардың саны 150-ге артты (2019 ж – 126).

Апатты жағдайдағы мек­тептердің мәселесін ше­шу­деміз (2020 жылы облыста 3 апатты мектеп болды).

Өткен жылы Жалағаш ауданы, Шәменов ауылындағы апатты мектеп орнына жаңа ғимарат салынып, пайдалануға берілді. Жаңақорған кентіндегі мектептің құрылысы жүргі­зі­луде. Арал қаласындағы апатты мектептің құрылысын биыл бастаймыз.

Инвесторлар есебінен 500 орынға лайықталған бір мек­теп салынса, қазіргі таң­да Қызылорда қаласы «Сая­хат» шағын ауданынан 300 орындық бір мектептің құры­лысы жүргізілуде.  

Мәдениет саласында өткен жылы елімізде Әбу Насыр әл Фарабидің  1150, Алтын Орданың 750, ұлы Абайдың 175, Ұлы Жеңістің 75 жылдығы аталып өтті.

Мерейтойлар аясында облыста 2000-ға жуық іс-шара онлайн форматта ұйым­дас­тырылды.

Youtube платформасында арнайы «Сыр шаңырағы», «Сыр қоғамы», «Сыр бірлігі», «Сыр жастары», «Сыр спорты»  медиа-арналары ашылды.

Сыр жерінде алғаш рет Латиф Хамидидің атақты «Абай» операсы қойылды. Оған өңірдің жүзге жуық әртісі қатысты. Ежелгі және ортағасырлық қалашықтарға (Бәбіш-Мола Сортөбе, Жанкент, Сығанақ, Қышқала, Асанас) археологиялық зерттеулер жүргізілді.

Спорт саласында өткен жылы бюджет есебінен 8 жаңа спорт нысаны салынды. Мемлекеттік-жекешелік әріп­тестік шеңберінде 60 секциялы 5 жоба жүзеге асырылды. Арал ауданы Жақсықылыш кентінде 1 жобаның құрылысы жалғасуда.

Биыл Қызылорда қала­сы­ның сол жағалауында көгал­дағы хоккей және Тасбөгет кенті мен Ақай, III Интернационал ауылдарында дене шынықтыру-сауықтыру кешені құрылыстарын бастаймыз.

Мемлекет басшысының Жарлығымен 2020 жыл  «Ерік­тілер жылы» болып жарияланды.

Республикада алғашқы­лар­дың бірі болып облысымызда «Сыр еріктілерінің штабы» құрылды. Еріктілер тұрмысы төмен отбасылар мен жалғыз басты қарт адамдарға 11 тұрғын үй салып берді.

Індет кезінде 9 мыңға жуық мұқтаж отбасыға көмек көрсетіп, 5 мыңнан аса жан­ұяға мектеп құрал-жаб­дық­тарын алып берді.

Құрметті жерлестер!

Облыс әкімі қызметіне таға­йындалған уақыттан бері  облыстың барлық аудан­да­рында және 80-ге жуық ауыл­дық округтерді аралап, жергілікті жерлердегі проб­лемалық мәселелермен танысып шықтым.

Біз өңірді дамытудың 2021 жылға арналған 6 негізгі бағы­ты бойынша облыс әкімінің «Іс-қимыл жоспарын» бекіттік.

Сонымен қатар, Қызылорда облысын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған бағдарламасын қабылдадық. Аталған құжатқа алдағы 5 жылда аймақта шешімін табуы тиіс ең негізгі жобалар енгізілді.

Облыста әлі де өзекті проб­лемалар бар. Барлығын кезең-кезеңімен шешетін боламыз.  Барлығы уақыттың еншісінде.

Ардақты ағайын!

Биыл – ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы атап өтілетін мерейлі жыл. Тәуелсіздік – біздің бас­ты құндылығымыз, көзіміздің қарашығындай сақ­­тайтын асыл мұратымыз. Тәуелсіздік жылдарында Ел­басының көш­бас­шы­лы­ғы­мен талай қиын­дықтан өтіп, қуатты мемлекеттің ір­­ге­сін бірге қаладық.

Қорқыт бабамыздың «Жер қадірін ел біледі, ел қадірін ер біледі» деген жақсы сөзі бар.

Расында, бұл жетістік­тері­міздің барлығы – Елба­сы­мыздың бастамасымен, Пре­зи­дентіміздің басшы­лы­ғы­мен елдің бүгіні мен болашағы үшін еңбек етіп жүрген барлық қазақстан­дық­тардың, яғни, Сіздер мен біз­дердің бірлесе атқарған ауқым­ды істеріміздің нәтижесі, халық артқан сенім­нің жемісі.

Баршаңызды ортақ қуаны­шымыз, егемендігіміздің елдік мерейі – Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойының басталуымен құттықтаймын!

Жоғарыда атап өткенімдей, қиындықтардың бәрі уа­қыт­ша! Еңсемізді түсіріп, күй­зелістерге жол бермейік!

Бұл сын сәттен де аман-есен шығамыз. Бірлігіміз артып, татулығымыз тұрақты болсын! Тәуелсіздігіміздің тұ­ғыры берік, мәртебесі асқақ болсын!

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<