Сыр өңірі инвестиция тарту бойынша үздіктер қатарында

510

0

Бүгін ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен республикалық штаб отырысында өңдеу өнеркәсібіне инвестиция тарту мәселесі қаралып, тиісті тапсырмалар берілді. Жиында Үкімет басшысы инвестиция тарту бойынша көрсеткіші жақсы өңірлердің қатарында Қызылорда облысын да атап өтті.

«Инвестиция көлемі өсіп, нәтижелі жобалардың тиімділігін көрген өңірлер бар. Мәселен, Түркістан, Жетісу, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан және тағы басқа аймақтар», – деді Премьер-министр.

Штаб отырысынан кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев арнайы мәжіліс өткізіп, өңірге инвестиция тартудың маңыздылығын атап өтті.

«Мемлекет басшысы өз Жолдауында мықты өнеркәсіптік негіз қалыптастыру, экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жету үшін өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беру қажеттігін атап өткен болатын. Өнеркәсіп көлеміндегі өңдеу өнеркәсібінің үлесін арттыру үшін өнім өңдеуге бағытталған жобаларды жүзеге асыруымыз керек. Жаңа жобалар іздестіріп, инвестиция тарту бағытындағы жұмыстарды күшейтіп, тиісті шараларды ұйымдастыру қажет», – деді аймақ басшысы.

Мәжілісте облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына Қызылорда қаласы және аудан әкімдерімен бірлесіп, өңдеу өнеркәсібіне бағытталған нақты жобаларды әзірлеу тапсырылды. Қызылорда облысының даму орталығы, «ҚазақИнвест» акционерлік қоғамы Қызылорда облысы бойынша өңірлік директорына облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасымен бірлесіп, өңдеу өнеркәсібі бойынша әзірленген жобаларға инвестор тарту жұмыстарын үйлестіру міндеті жүктелді.

Аталған жұмыстар облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязовтың бақылауында болады.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<