Сыр өңірінде сапалы ауыз сумен қамту көрсеткіші жоғары

359

0

Фото: облыс әкімдігі

Бүгінгі Үкімет отырысының күн тәртібінде қалалар мен ауылдарды сумен жабдықтау мәселесі талқыланды. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің хабарлауынша, бірқатар өңірде, оның ішінде Қызылорда облысында барлық қалалық елді мекендер сапалы ауыз сумен толық қамтылған. Ал, ауылдық елді мекендердің 98,4 пайызы орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған.

Үкімет отырысынан кейінгі арнайы мәжілісте облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев осы мәселе бойынша жауапты басшыларға бірқатар тапсырма берді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы 2021 жылғы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында бес жыл ішінде халықты 100 пайыз таза ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырып, «бұл – Үкіметтің алдында тұрған басты міндет» деп атап өтті. Тұрғындарға тұрақты, сапалы ауыз су жеткізу ең өзекті және маңызды мәселелердің бірі болып қала береді. Қазір облыста орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылмаған 26 елді мекен бар. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылдың соңына дейін оларды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуіміз қажет», – деді аймақ басшысы.

Сыр өңірінде сапалы ауыз сумен қамту көрсеткіші жоғары

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Медет Усаин 4 қала, 230 ауылдық елді мекеннің 204-і орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылғанын айтты. Биыл тағы 13 жобаны жүзеге асыруға 5,3 млрд. теңге қаржы қаралған.

Жиында қалған елді мекендерді таза ауыз сумен қамту, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі арқылы жүзеге асырылған жобаларды мерзімінде аяқтау мәселелері пысықталды. Нұрлыбек Машбекұлы көптеген ауыз су ұңғымалары мен су жинау, тарату жүйелерінің тозғанын айтып, оларды ағымдағы жөндеуден өткізуді, күтіп-ұстау жұмыстарын тұрақты ұйымдастыруды тапсырды. Тұрғындар ауыз суды бақша суаруға, есік алдына шашуға, көлік жууға ретсіз жұмсайды. Сондықтан қала және аудан әкімдері халық арасында үнемшілдік туралы насихат жұмыстарын күшейтуі керек.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<