Сыртқы істер министрінің орынбасары инвестициялық жобалармен танысты

3

0

Фото: облыс әкімдігі

ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров, облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев, «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ сервистік қолдау департаменті директордың орынбасары – мемлекеттік органдармен және жұртшылықпен өзара іс-қимыл жөніндегі өкілі Марат Есенов Қызылорда қаласындағы құрылысына ауқымды инвестиция салынған нысандарды аралап шықты.

Алдымен қонақтарға жаңа жылу-электр орталығы таныстырылды. Президент қолдауымен Aksa energy түрік инвесторы Қызылорда қаласында 215 млрд. теңгеге қуаттылығы 240 мегаваттық жаңа жылу-электр орталығын салды.

Орталықта 176 мегаваттық 2 газтурбиналық қондырғы, 95 мегаваттық бу турбинасы, 2 бу қазандығы мен 4 жылу қазандығы орнатылған. Инвестор жылу орталығын тесттік режимде іске қосып, бүгінде 176 мегаватт электр энергиясы өндірілуде. Осы жылы бу турбинасы іске қосылып, қосымша 95 мегаватт электр энергиясын шығарады. Аймақ электр энергиямен толық қамтамасыз етіліп, бұл өндірістің дамуына тың серпін береді.

Одан кейін қонақтар «Қызылорда-Нан» ЖШС-нің нан-тоқаш, кондитерлік және макарон өнімдерін өндіру кешеніне, Orhun Medical компаниясының жаңа медициналық орталығына барды.

«Қызылорда-Нан» зауыты қазан айында іске қосылды. Өндіріс толық автоматтандырылған. Жоба 2 кезеңнен тұрады. Қазіргі уақытта 4 өндірістік цех жұмыс істейді. Өнімнің 30%-ы кәсіпорынның жеке сауда желісі арқылы, ал 70%-ы Қызылорда қаласы мен оған іргелес елді мекендердегі тұтынушыларға жеткізіледі.

Сыртқы істер министрінің орынбасары инвестициялық жобалармен танысты
default

Жобаны мемлекеттік қолдау аясында 5 гектар жер телімі бөлініп, қажетті инфрақұрылым, су және кәріз желілері тартылды. «Қазақстан халық банкінен» жеңілдікпен алынған 1,2 млрд. теңге несиенің пайыздық мөлшерлемесі субсидиялануда.

Екінші кезеңде, яғни биыл ұн комбинаты іске қосылады. Қазір цехта 120 адам еңбек етсе, алдағы уақытта оның саны 170-ке көбейеді.

Жаңа медициналық орталықтың негізгі бағыты – позитронды-эмиссиялық томография мен компьютерлік томографияны біріктіретін жоғары технологиялық диагностика. Бұл онкологиялық ауруларды ерте анықтауға, дерттің таралу деңгейін бағалауға және емдеу тиімділігін бақылауға мүмкіндік береді.

Бұрын осы диагностикалық қызметті алу үшін өңір тұрғындары Алматы және Астана қалаларына баратын. Енді бұл қызмет тұрғылықты жері бойынша көрсетіледі. Медициналық орталықтың жобалық қуаты жылына 3 500 ПЭТ/КТ, 16 000 магниттік-резонанстық томография, 20 000 компьютерлік томография, 25 000 рентгенологиялық зерттеу және 10 000 маммография жүргізуге есептелген.

Бұдан бөлек, медициналық орталықта халыққа МРТ, КТ, рентгенография, маммография, ультрадыбыстық диагностика, бейінді мамандардың кеңестері, зертханалық зерттеулер және емшара бөлмелерінің қызметтері қолжетімді болады. Орталық жақын күндері ашылады деп жоспарлануда.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі