Сырттан келген күріш сорттары бізге келешекте өнім бола ма?

203

0

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Сыр өңірінде су тапшылығы жыл өткен сайын күрделеніп барады. Суды көп қажет ететін күріш дақылының көп бөлігі Қызылордада өсетіндіктен бұл мәселе өңіріміз үшін өзекті. Тығырықтан шығудың жолы қайсы? Күріш сортын жаңалау бағытында қандай жұмыс атқарылып жатыр? Қандай кедергілер бар? Осы және өзге де сауалдар бойынша еліміздегі күріш саласын зерттейтін жалғыз мекеме – Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдарымен дөңгелек үстел басында сұхбат құрдық.

Тілші:

– Кейінгі жылдары байқалып жүрген ауа райындағы өзгерістер, одан бөлек су тапшылығы облыста егін шаруашылығын әртарап­тан­дыруды қажет етіп отыр. Бұл ретте негізгі дақыл егістігінің көлемін белгілі бір деңгейге дейін тұрақ­тандырып, оның өнімділігін арттыру, суды үнемдеуге мүмкіндік беретін басқа дақылдар көлемін ұлғайтудың маңызы зор. Күріш егуге әбден машықтанған шаруашылықтар мұны қалай қабылдады?

Сырттан келген күріш сорттары бізге келешекте өнім бола ма?

Сұлтанбек ТӘУІПБАЕВ,

техника ғылымдарының докторы, профессор,

Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы

ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы:

– 2023 жылы Қазақстан бойынша 100 275 гектар жерге күріш егіліпті. Оның негізгі бөлігі Алматы, Жетісу, Қызылорда және Түркістан облыс­тарына тиесілі. Былтыр күріш егіс­тігінің көлемі 98 058 гектарға дейін қысқарды. Қызылорда облысында өткен жылы 89 мың гектардан 85641 гектарға, биыл 80 мыңға дейін азайды. Біздің облыс мемлекет саясатына байланысты егін алаптарын жоңышқа, жүгері, қауын-қарбыз, арпа, бидай есебінен әртараптандыру мәселесін жолға қойып отыр. Институттың қа­лаға қарасты Қарауылтөбе ауы­лын­дағы тәжірибе алаңы, «Абзал және К», «Ақжарма-1», «Ақжарма-2», «Жаңа­жол» сияқты ірі шаруашылық өкілдері ғалымдарымызбен ақылдаса отырып, егін алқабында дәнді дақылдарды орналастыру сызбасын жасады. Оны бес жылға бекіттіріп алды. Біз қазіргі күні облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасымен бірлесіп жұмыс атқарып жатырмыз және оны жал­ғастыра береміз. Мемлекет бекіткен көлемнен артық күріш екпеу керек. Су тапшылығына байланысты саясат сондай, біз сол қиындықтардан өттік деп айта аламын.

Шаруашылықтар әртараптандыру саясатын түсіністікпен қабылдады. Әртараптандыру деп отырғанымыз – ауыспалы егін, бұрыннан бар тәсіл. Кестеге сәйкес су бөлініп, егін егілуі керек. Жоғары жаққа судың көлеміне байланысты өтініш беріледі. Осы талапты сақтаған жағдайда мәселе қайталанбайды. Әртараптандыру әдісі бұған дейін айтылғанымен дұрыс қолға алынбаған еді. Әрқайсысы ойына келген көлемге күріш, жоңышқа еккен. Сол олқылықтың орнын тол­тыру үшін шаруашылық агрономдары біздің ғалымдармен ынтымақтастықта жұмыс істеп келеді.

Тілші:

– Басқа дақылдармен ауыстыру сонда топырақ үшін тиімді ме? Ауыспалы егістің артықшылығын санамалап берсеңіздер.

Сырттан келген күріш сорттары бізге келешекте өнім бола ма?

Камалдин ШЕРМАҒАНБЕТОВ,

институттың жетекші ғылыми қызметкері:

– Күріш 100 күн бойы суда тұрады. Соның салдарынан топырақтың орга­никалық, физикалық құрамы өзгереді. Сондықтан оны жоңышқа, түйе­жоңыш­қа секілді құрғақ дақылдармен ауыстырып тұру керек. Бірақ шаруа­шылықтар көп жағдайда бұл талапты сақтай бермейді. Сондықтан топы­рақтың органикалық құнарлылығы азайып, бір күні одан біржола айы­рылып қалуы мүмкін. Әлемдік дең­гейдегі күріш шаруашылықтарында биологиялық заттарды топыраққа сіңіріп отыру үрдісі қалыптасқан. Біз­де ондай мүмкіндік жоқ. Әртарап­тандыру арқылы ғана құнарлылығын сақтай аламыз.

Оңтүстік аймақтарда 37,5 пайызға дейін күріш егілетіні айтылып жүр. Бұл – 8 танаптың 3-іне ғана күріш егіледі деген сөз. Қалған танаптарға басқа дақылдар егу керек. Орталық аймақтарда оны 5 пайызға дейін төмендету көзделген. Су тапшылығы кезінде бұған мән бермеуге болмайды. Аймағымыздағы шаруашылықтар 50 пайыз ауыспалы егіске көшсе, топы­рақтың құнарлылығын сақтай аламыз. Тағы бір айтарым, күріш егіп, ол шықпай қалып, қамбаны қызылға толтыра алмағаннан гөрі селек­цио­нерлер ұсынған ерте пісетін сортты егіп, тұрақты өнім алуға тиіспіз.

Тілші:

– Жақында жаңа сорттың шыққанын айтып сүйіншіледіңіздер. Ол қандай сорт, несімен ерекшеленеді?

Сұлтанбек ТӘУІПБАЕВ

институттың басқарма төрағасы:

– Бұдан екі-үш жыл бұрын жаңадан сорттар шықты. Ресей, Түркия, Қытай, тағы басқа шетелдерден де әкелінді. Ғалымдар соны лабораторияда тә­жіри­беден өткізіп көрді. Бұрынғы сорт­тардың ауру болуына байланысты бізге Қызылорда облысының кли­ма­тына қолайлы, экологиялық таза сорт шығару туралы тапсырма жүктелді. Барлық сортты былтыр сынақтан өткізу нәтижесінде соның ішінен «Сыр сұлуы» және «Айсара» атты екеуін таңдап алдық. Былтыр соны көбейтіп, суперэлиталы тұқым алдық. Биыл «Сыр сұлуын» 240 гектар жерге еккенбіз, жақсы өнім жиналды. Ол 105 күнде, яғни бұрынғы сорттардан 15 күн ерте пісті. Салмағы, түрі жөнінен де еш кемшілігі жоқ. Эко­ло­гия­лық тиімділігі жоғары, халық жақсы алады. Бұрынғы сорттарға қарағанда 15-20 теңгеге жоғары. Биыл жаңа сорттан 1300-1500 тоннадай күріш жинауды жос­парлап отырмыз. Күріш егетін шаруа­шылықтарды осы­лайша тұқыммен қамтамасыз ету ойда бар. Былтыр диір­менге салып тарт­ты­рып көрге­німізде 55-57 пайызға дейін таза ақ күріш шықты. Бұл – жақсы көрсеткіш.

Тілші:

– Күріш сорттарының өміршеңдігі қандай? Қандай критерийлерге байла­нысты жаңарып отырады? Бір сорт­ты ойлап табудан бастап оны айналымға енгізгенге дейін қанша уақыт керек? Сорт қандай жағдайда қолданыстан шығады?

Сырттан келген күріш сорттары бізге келешекте өнім бола ма?

Құрманбек БӘКІРҰЛЫ,

ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы,

институттың бас ғылыми қызметкері:

– Тұқым шарушы­лы­ғында сортты ауыстыру және жаңарту сияқты екі үлкен міндет бар. Оның алғашқысы сынақ нәти­жесіне сәйкес ескісін са­лыстырмалы түрде са­пасы тәуір және мо­лы­рақ өнім беретін жаңа­сымен ауыстыруды қам­тиды. Ал екіншісінде сорт­тық және биологиялық са­пасы на­шарлаған тұқым түр­лері жақсысымен ауыстырылады.

Бұрын Сыр салысына тән ауру көрсеткіші өте төмен еді. Кейін сырттан күріштің өзге де сорттары әкелініп, түрлі штамптар пайда болды. Оның кесірі барлық күрішке, тіпті ауруға шалдықпайды деп жүрген ресейлік сорттарға да тиді. «Лидер», «Янтарь» сияқты сорт­тардан тұтыну­шы­лар­дың көбі бас тартып жатыр. Сорт ауыстырудағы бір қажеттілік – осы. Кеңес өкіметі кезінде негізінен өнімнің көр­сеткішіне ғана мән беріліп, ауру және тағы басқа жайт­тарды назарға алған жоқ. Шаруашылықтар өзі өн­діріп, өзі саудаға шыға­ратын болғандықтан имид­жін сақтау үшін тек бертін келе сапаны бірінші орынға қоятын болды. Шетелдерде бір сортты 7-8 жыл ғана егеді. Кезекте оны алмастыратын басқа сорттар дайын тұрады. Әйтпесе, сорт азып-тозып, жарамсыз күйге түседі. Ресей сорттарынан мол өнім алуға болады. Бірақ ауруға ұшыраса, қыры­лып қала­ды. Ал жергілікті сорттарды шығар­ған­да ауруға төзімділігі, құрғақ­шы­лық­қа, жердің тұздылығына бейім бо­луы ескеріледі. «Сыр сұлуы» секілді ерте пісетін сорттар ауырып үлгер­мейді.

Сортты жаңадан шығаруға кемінде 12-15 жыл керек. Селекция үздіксіз жүргізілгенде ғана нәтиже береді. Өкінішке қарай өңірімізде кадр және қаржы тапшылығына байланысты кейбір жылдары бұл бастама үзіліп қалған. Институт өкілдері қазіргі күні мәселе шешімін тапқанын, сондықтан сорт шығару ісінде іркіліс болмайды деп сенемін.

Тілші:

– Егін егу барысында шаруа­шылықтар тыңайтқышты орнымен қолдану, тұқымды дәрілеу, сауықтыру тәртібін қаншалықты сақтап отыр?

Сырттан келген күріш сорттары бізге келешекте өнім бола ма?

Әсет ТОҚТАМЫСОВ,

ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы,

институттың бөлім меңгерушісі:

– Бұл жерде барлығын мазалайтын бір мәселе бар, ол – қымбатшылық. Күріш ауырмау үшін біз алдымен тұқымды өңдеуіміз керек. Ол үшін қажет препараттар да, тыңайтқыш та өте қымбат. Мысалы, «Аммофос» тыңайтқышының 1 тоннасы 350 мың теңге, аммоний сульфатының бағасы 200 мың теңге шамасында. Біздің топырақ үшін азот және фосфор тыңайтқышы қолданылады. Оны Ресей мен Өзбекстаннан алдырамыз. Ресейден сатып алатын препараттар­дың жарамдылығы – небәрі 10 күн. Одан кейін қайтадан сатып алып себу керек. Кемінде 3-4 рет өңдейді. Қыруар шығын, шаруалар үшін ауыр. Сон­дықтан жан-жақтан қолдау қажет. Ондай өнім түрлерін өз елімізде де шығаруға мүмкіндік бар. Баға саясаты бақылауда болып, қымбатшылық қолдан жасалмауы керек.

Фосфор тыңайтқышының тоннасы – 350 мың теңге. Сыр өңіріндегі топырақ құрамында фосфор мөлшері жеткілікті, сондықтан «Аммофос» сатып алмай-ақ препаратпен тұқымды өңдеп, топырақтағы фосфорды пайда­лануға болады. Екі жыл көлемінде осындай тәжірибені қолданып келеміз. Шаруашылықтарға да ұсынып жүрміз.

Сұлтанбек ТӘУІПБАЕВ,

 институттың басқарма төрағасы:

– Күрішті орып болғаннан кейін келесі көктемге дайындық басталады. Шаруаларға да, ғалымдарға да жыл бойы тыным жоқ. Күріштің ауруы көбейді. Ресей сорттарының барлығы дерлік дертке шалдыққан. Ресей, Қытайдан келген сорттар бізге келешекте күріш болмайды. Былтыр «Янтарь» ектік. Жайқалып тұрды. Ауырды да үш күнде біраз бөлігі іске алғысыз болып шыға келді. Күйіп кетті. Ресейден дәрі алдырсаң, бағасы ұшып тұр. Шаруалар амалдың жоқты­ғынан алып себеді. Антимонополия комитеті бағаны реттеуі керек. Тыңайт­қыштың, дәрі-дәрмектің баға­сы шарықтаса да күріштің бағасы сол қалпы. Өйткені күріштің қажеттілігі наннан кем емес. Ол қымбаттаса, халықтың реакциясы қандай болатынын шамалай беріңіз.

Алматыдағы микробиология және вирусология ғылыми-зерттеу инс­титуты биологиялық таза препараттар шығарып жатыр. Соны кеңінен пай­даланбаймыз. Былтыр біз тә­жірибеде сынап көрдік, тиімділігін бірден байқатты. Фосфобактерин тыңайт­қы­шын былтыр шағын аумақта тексеріп көрдік. Жақсы нәтиже берді. Биыл 500 гектар күріш алқабына түгел пайда­ландық. Соның есебінен 40 млн теңге үнемделді. «Аммофос» бізде қат, тек сырттан келеді. Сондықтан шаруаларға мемлекеттен ғана емес, жан-жақтан қолдау керек.

Тілші:

– Күріш өндірісі – өңіріміздегі экс­порттық әлеуеті зор сала. Қазақстан халқы тұтынатын күріш­тің негізгі бөлігін біздің облыс беріп отыр. Сондықтан бұл бағытта жүргізілетін жұмыстың ауқымы да кең, бұған институттың мүмкіндігі жете ме?

Сырттан келген күріш сорттары бізге келешекте өнім бола ма?

Жанұзақ БАЙМАНОВ,

техника ғылымдарының кандидаты, доцент,

институттың басқарма төрағасының орынбасары:

– Күрішке жай дақыл емес, мелио­ративті дақыл ретінде қарауымыз керек. Біздің өңіріміз тұзды болған­дықтан күріш егу арқылы топырақты тұздан шаймасақ, басқа дақыл шық­пайды. Ендігі сұрақ: су тапшылығы жағдайында не істеуіміз керек? Суды аз пайдаланатын, вегетациялық кезеңі қысқа күріш түрлеріне басымдық беруіміз керек. Біз сондықтан «Сыр сұлуы» мен «Айсара» сортын ұсынып отырмыз. Күріштің көпшілік үлесі оң­түстік аймақтарға тиесілі. Оны азайт­қанда қандай дақылдар егеміз, сол бағытта да жұмыс атқарылып жатыр. Тұздылығы жоғары жерге арпа, бидай, мал азығы түріндегі дақылдар мен қант құмайын егу көзделген.

Сұлтанбек ТӘУІПБАЕВ,

институттың басқарма төрағасы:

– Ғылымды дамыту үшін мате­риалдық-техникалық, оның ішінде лабораториялық базаны жетілдірудің өзектілігі жоғары. Осыған байланысты мемлекеттік инвестициялық жоба әзірлеп, бірнеше министрліктің келі­сімін алып, бюджеттік өтініш бердік. Қаржы мәселесі шешілсе, күріші бар, басқа дақыл бар, оларды лабораторияда жыл бойы сынақтан өткізуге мүмкіндік туады. Бұл мәселеде Парламент Мәжілісі депутаттары үнемі қолдау білдіріп отырады.

Сұхбатты жүргізген

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»