Тамырлас, бауырлас, достас мемлекеттер

608

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркия Республикасына мемлекеттік сапары Түркияның негізін қалаушы әрі тұңғыш Президенті Мұстафа Кемал Ататүріктің рухына тағзым етуден басталды.

Қазақстан Президенті Анкараға мемлекеттік сапары барысында Түркия Президентімен келіссөз жүргізді. Бауырлас Түркия Республикасына мемлекеттік сапармен келуге шақырғаны үшін Режеп Тайип Ердоғанға ризашылығын білдірді. Шағын құрамдағы кездесу соңында Мемлекет басшысы Түркия Президентін елімізге сапармен келуге шақырды. Режеп Тайип Ердоған Түркияға сапармен келгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Сонымен қатар Режеп Тайип Ердоған Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанға шақыруын ризашылықпен қабыл алып, биыл күзде елімізге келетінін жеткізді.

Тамырлас, бауырлас, достас мемлекеттер

Түркия Президентінің резиденциясында ресми делегация мүшелерінің қатысуымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Президент Режеп Тайип Ердоған келіссөз өткізді. Көрсетілген құрмет пен қонақжайлық үшін ризашылығын білдірді. Сонымен қатар бауырлас түрік жеріне аяқ басқанда әрдайым өз үйімізге келгендей сезінетіндігімізді, Қазақстан атажұрт болса, Анадолы екінші отанымыз деп білетіндігімізді жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев мызғымас достыққа, тату бауырластық пен стратегиялық ықпалдастыққа негізделген Қазақстан мен Түркия арасындағы көпжақты байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанына арнайы тоқталды.

– Түркия – Қазақстанның негізгі 5 сауда серіктесінің бірі. Алыс-берісіміз жылдан жылға артып келеді. Мысалы, 2021 жылы 5 миллиард долларға жеткен. Осы қарқынды азайтпай, сауда-саттықты 10 миллиард долларға жеткізуіміз керек. Бұдан бөлек, Түркия Қазақстанның ең ірі 10 инвесторының қатарында. Экономикамызға 4 миллиард доллардан астам инвестиция құйды. Қазақстанның Түркияға салған капиталы – 1 миллиард доллардан астам. Соңғы екі жылда Қазақстанда 16 инвестициялық жоба жүзеге асырылды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Түркия Президенті екі ел арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеруге әзір екенін атап өтіп, Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларды қолдайтынын айтты.

– Біз әріптестігімізді кеңейтілген стратегиялық серіктестік деңгейіне көтердік. Түркия мен Қазақстан – ортақ тарих, тіл, дін және мәдени құндылықтардан қуат алған әрі мықты байланыс орнатқан бауырлас мемлекеттер. Біз Түркия елі Қазақстанның тұрақтылығы мен тыныштығына ерекше көңіл бөлеміз.  Сіздің Жаңа Қазақстанды құру жолындағы күш-жігеріңіз бен табандылығыңызды құрметтеймін. Осы бағыттағы ауқымды реформаларыңызды қолдаймын, – деді Режеп Тайип Ердоған.

Сөз соңында президенттер келіссөз нәтижелерін екі ел арасындағы сан қырлы қатынастарды кеңейтілген стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерудің бірден-бір мүмкіндігі ретінде атап өтті.

Келіссөз қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоған кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойды.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді.

– Түрік халқына және Президент мырзаға қонақжайлығы үшін алғыс айтамын. Біз бүгін бірқатар аса маңызды мәселелер туралы кең ауқымды келіссөздер өткіздік. Пікір алмасу мазмұнды, мағыналы болды. Президент Режеп Тайип Ердоған – білімді, аса беделді саясаткер. Оның көзқарасы кең, сондықтан бұл кісінің пікірлері өте құнды. Түркия – біздің тәуелсіздігімізді алғашқы болып мойындаған ел. Оны қазақ халқы ешқашан ұмытпайды. Қазақстан –Түркиядан ешқашан да, ешқандай да зиян шекпеген ел. Әлі де солай жалғасып келеді. Қазақстан мен Түркия – тамырлас, бауырлас, достас мемлекеттер. Біздің шетелдегі алғашқы елшілігіміз Анкарада ашылған. Мұның символдық мәні зор. Қазақстан мен Түркия арасында дипломатиялық қатынас орнағанына биыл 30 жыл толды. Осы кезеңде біздің ынтымақтастығымыз нығайып, стратегиялық серіктестікке айналды. Ауқымды шарттық-құқықтық негіз қалыптасты. Сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыс, жаһандық және өңірлік құрылымдар аясындағы ықпалдастық ойдағыдай дамып келе жатыр, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Алтайдан басталған қазақ көшінің қасиетті Анадолы топырағына жеткеніне биыл 70 жыл толғанын атап өтіп, қандастарымызды сол кездегі Түркия Премьер-Министрі Аднан Мендерес құшақ жая қарсы алғанын еске алды. Сондай-ақ жақында Алматы қаласындағы көшеге Түркияның осы бір аса көрнекті саясаткерінің есімі берілгенін айтты.

Президент геосаяси ахуал ушыға түскен қазіргі кезде мұның мән-маңызы айрықша екенін айтып, қазақ-түрік ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеру үшін Кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы бірлескен мәлімдеме қабылдағандарын жеткізді. Сонымен қатар түрлі саладағы байланысты жаңа белеске көтеретін маңызды үкіметаралық құжаттарға қол қойылды.

Президенттің пайымынша, Үкіметаралық экономикалық комиссия сауда-экономикалық серіктестікті нығайтуға зор септігін тигізеді. Сондай-ақ, Түркі мемлекеттері ұйымы маңызды рөл атқарады.

– Былтыр Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі толыққанды ұйым болып қайта құрылғаны қуантарлық жайт. Бұл – бәрімізге ортақ жетістік. Біз осы ұйымның аясындағы жұмысты жалғастыра беруге мүдделіміз. Сонымен қатар, білім және мәдениет саласындағы байланысты одан әрі дамытамыз деп келістік. Бұл ұйым Қазақстан үшін аса маңызды, сондықтан біз оны үнемі қолдаймыз. Жалпы, Қазақстан мен Түркияның жан-жақты қарым-қатынасын нығайтуға мол мүмкіндік бар. Бүгінгі маңызды уағдаластықтар – соның айқын көрінісі. Менің мемлекеттік сапарым Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынасқа тың серпін беретініне кәміл сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Президент осы байланысты одан әрі нығайту үшін Қазақстанда жоғары деңгейде екіжақты кездесу өткізу аса маңызды деп атап, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанды елімізге сапармен келуге шақырғанын жеткізді. Сол кезде Нұр-Сұлтан қаласында Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің төртінші отырысы өткізілмек.

Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі ілгерілетуге дайын екенін атап өтті.

– Қазақ бауырларымыздың тұрақтылығы мен тыныштығына аса мүдделі екенімізді және сауда-экономикалық, мәдениет, қауіпсіздік салаларында бірге болатынымызды айтқым келеді. Біз екіжақты және көпжақты қатынастарымызды нығайта береміз деп келістік. БҰҰ, Ислам ынтымақтастық ұйымдарындағы бірлігімізді арттырамыз. Атамекенімізден келіп отырған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мырза мен оның құрметті делегациясының келгеніне аса қуаныштымыз, – деді Түркия Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркияға мемлекеттік сапарының екінші күні түрік кәсіпкерлерінің Қазақстанда іске асырып жатқан ірі инвестициялық жобаларымен танысудан басталды.

Арнайы ұйымдастырылған көрмеде Қазақстанның Түркиядағы елшісі Еркебұлан Сәпиев Мемлекет басшысына бірлескен жобалар туралы айтты.

Мемлекет басшысы Түркияның бірқатар кәсіпкерімен жеке-жеке кездесті. Олардың арасында «Yildirim Holding» президенті Роберт Юксель Йылдырым, «TAV Havalimanları Holding» басқарма мүшесі Сани Шенер, «Goknur Gida» басқарма төрағасы Осман Асланали, «Sembol» компаниясының басқарма мүшесі Феттах Таминдже және «Koç Holding» компаниясының басқарма мүшесі Али Коч бар.

Кездесулерде түрік бизнесмендерінің Қазақстандағы жобалары мен алдағы уақытта іске асырылатын бастамалары туралы сөз болды. Аталған іскер топтардың елімізге салынған инвестициялары химия, ауыл шаруашылығы, құрылыс салаларын қамтиды.

Мемлекет басшысы олардың елімізге салған инвестицияларына қолдау көрсетілетінін айтты. Жиында сөйлеген сөзінде осы іс-шараға еліміздің шынайы досы, Түркияның Вице-президенті Фуат Октай мырзаның арнайы келіп отырғанын айтып, оған өз ризашылығын білдірді.

– Соңғы 16  жылда түрік бауырларымыз Қазақстанға 4,2 миллиард доллардан астам тікелей инвестиция құйды. Пандемия кезінде әлем бойынша шет ел инвестициясының көлемі күрт азайғаны белгілі. Соған қарамастан, Түркиядан біздің елге келетін инвестиция азайған жоқ. Мұны әрине, қуантарлық жайт деп айтуға болады. Бұл – түрік ағайындардың біздің елімізге деген жоғары сенімінің көрінісі. Былтыр Түркияның тікелей инвестициясы рекордтық көрсеткішке жетіп, 680 миллион доллар болды. Қазір Қазақстанда түрік капиталы бар 4 мыңға жуық компания табысты жұмыс істеп жатыр, – деді Мемлекет басшысы. 

Мемлекет басшысы іскерлік топтарға Жаңа Қазақстанды құруға кіріскенін айтып, саяси жүйені толық жаңғыртатынын жеткізді. Ол «Суперпрезиденттік» басқарудан мықты Парламенті бар президенттік республика жүйесіне біртіндеп өтетінін атап өтті.

–  Бесінші маусымда жалпыхалықтық референдум өткізілетін болды. Конституциямыздың 33 бабына түзетулер енгізіледі. Менің мақсатым – халқыма мейлінше еркіндік беру, демократия мен заң үстемдігін күшейту. Президент ретінде ешқандай артықшылықтар мен жеңілдіктерге құмар емеспін. Мұндайды қаламаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен бірге Президент ұлттық экономика түбегейлі жаңғыртылатынын жеткізді.  Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан үшін өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және туризм саласындағы жобалар стратегиялық маңызға ие екеніне назар аударды. Оның айтуынша, осы бағытта былтыр «Өнеркәсіп саясаты туралы» заң қабылданған. Президент Қазақстан экономикасын өркендетуге елеулі үлес қосып отырған машина жасау саласына арнайы тоқталды. 

– Дегенмен, жыл сайын құны 17 миллиард доллар болатын өнімді сырттан әкелеміз. Ал, отандық өндіріс 4,3 миллиард доллардың өнімін өндіреді.  Қазақстан «Теңіз», «Қашаған», «Қарашығанақ» мұнай-газ кеніштерін игеру үшін ауқымды жобаларды жүзеге асырып жатыр. Chevron, Total, ExxonMobil сияқты компаниялардың қолдауымен бізде Мұнай-газ машинасын жасау ісін дамытудың халықаралық орталығы құрылды. Біз мұнай-газ операторларымен бірлесіп, 35 мыңнан астам тауар түріне сараптама жүргіздік. Соның ішінен елімізде шығаруға болатын  тауарларды анықтадық. Қазақстан мұнай-газ саласы үшін құрал-жабдықтар мен қосалқы бөлшектер жасауға ниетті. Бізде бұған қолайлы жағдай жасалған. Мұнай-газ саласындағы инвесторлар тарапынан сұраныс бар, олар қажетті қаржыны да ұсынып отыр. Ал, сіздерде озық технология және тың тәжірибе бар, – деді Мемлекет басшысы.

Президент жер қойнауын пайдалану саласындағы ынтымақтастықтың келешегі зор екенін айтып, түрік инвесторларына бағалы және түсті металды геологиялық барлау бойынша дайын тұрған 5 жобаны ұсынды. Ол ауыл шаруашылығы саласын өзара ынтымақтастықтың тағы бір маңызды бағыты ретінде атады.

Мемлекет басшысы Қазақстанның Түркиямен денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға да баса мән беретінін айтты. Сонымен қатар жаңа геосаяси ахуалға байланысты Транскаспий халықаралық көлік бағытының рөлі де айтарлықтай арта түскен.

– Транскаспий дәлізіне Құрық теңіз айлағы қосылған соң Қорғастан Стамбулға жүк тасымалдау уақыты 5 есеге қысқарды. Бұрын 60 күн жүретін жүк қазір небәрі 13 тәулікте жетеді. Біз мұнайды Қытай мен Еуропаға экспорттау жолдарын әртараптандыруды қолға алдық. Соның ішінде Түркияның көлік дәліздерін пайдалана бастадық. Мұнай құбырларының өткізу қабілетін арттыру және Ақтау, Құрық теңіз айлақтарын жаңғырту жұмысы басталды, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияны туризм бойынша әлемде көш бастап тұрған елдің бірі деп есептейді. Бұл ретте, ол түрік компанияларының қазірдің өзінде Қазақстанның туризм индустриясын дамытуға қосқан қомақты үлесін ерекше атап өтті. Түркістандағы «Керуен-сарай», «Rixos Aktau» халықаралық конақ үйі, «Tetys Blu» паркі және басқа да нысандар көпшіліктің көңілінен шығып отырғанын жеткізді.

Президент елімізде инвесторлар үшін өте қолайлы әрі заманауи институционалдық орта қалыптасқанын атап өтіп, басымдық берілген инвестициялық жобаларға барынша қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.

– Бұл кездесу Қазақстан мен Түркияның сауда-экономикалық ынтымақтастығын нығайта түсуге септігін тигізері сөзсіз. Бүгін біздің елдеріміздің компаниялары арасында 30 коммерциялық құжатқа қол қойылды. Оның бәрі екі елдің алыс-берісін жандандыруға тың серпін береді деп сенемін. Баршаңызды бізбен бірлесіп, өзара тиімді жұмыс істеу үшін Қазақстанға шақырамын. Ең басты мәселе – қол жеткізетін келісімдерді жүзеге асыру. Бұл өте маңызды. Сондықтан менің жеке бақылауымда болады. Жұмысымыз табысты болсын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті Түркия Республикасының Президенттік Ұлттық кітапханасына барды. Мемлекет басшысына, ең алдымен, ескі қолжазбалар мен сирек кездесетін кітаптар бөлімі таныстырылды. Бұл бөлімде құнды зерттеулер мен құжаттарды қамтитын ғылыми кітаптар сақталған.

Бұдан кейін Қазақстан Президентіне Жиханнума залы (Cihannuma Hall) көрсетілді. Бұл жерде 100-ден астам елден әкелінген және 134 тілде жазылған шығармалар оқырман назарына ұсынылады. Сонымен қатар мұнда тарихта болған 16 түркі мемлекетіне арнап жазылған еңбектер бар. Мемлекет басшысы көне түркі мемлекеттері заманын, Алтын орда және Тәуелсіздік кезеңдерін қамтитын бірнеше кітапты кітапхана қорына сыйға тартты.

аkorda.kz

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<