Тапсырма тиянақты орындалуы қажет

132

0

Фото: primeminister.kz

Көлік-транзиттік әлеуетті дамыту бойынша Президент тапсырмасын жүзеге асыру қажет. Бұл ретте ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында теміржол саласын дамыту мәселелері қаралды.

Жиында көлік министрі Нұрлан Сауранбаев, өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, сондай-ақ басқарма төрағасы – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басшысы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшысы Талғат Алдыбергенов мәлімдеме жасады деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің деректері бойынша машина жасаудағы теміржол саласының үлесі 13%-ға жетеді. Өндіріс көлемі 599 млрд теңгеден асып отыр, ал 60 кәсіпорында 8 мыңнан астам адам жұмыс істейді.

«Мемлекет басшысы Қазақстанның көлік-транзиттік әлеуетін дамыту бойынша нақты міндеттер қойды. Теміржол тасымалы нарығы жыл өткен сайын бәсекеге қабілетті болып келеді. Осы ретте транзиттік хаб ретінде позициямызды нығайту үшін біз инфрақұрылымның мүмкіндіктерін белсенді түрде арттыруымыз қажет. «Осал тұстарды», атап айтқанда шекара маңындағы аудандардағы талапқа сай келмейтін жерлерді ретке келтіру қажет», – деді Үкімет басшысы.

Сондай-ақ транзиттік тасымалдау көлемін, әсіресе «Шығыс-Батыс» бағыты бойынша арттыра түсу керектігі атап өтілді.

Биыл «Достық-Мойынты» (836 км) және «Алматы қаласының айналма жолы» (75 км) сияқты ірі жобаларды жүзеге асыру аяқталады. «Дарбаза-Мақтаарал», «Бақты-Аягөз» теміржол желілері салынуда. Бұл жобаларды белгіленген мерзімде аяқтау керек.

Олжас Бектенов атап өткендей, бұл бастамаларды уақытылы аяқтау күрделі учаскелер мен ірі түйіспелі тораптар желісінің жүктемесін азайтып қана қоймай, жүктердің транзитін де едәуір арттыруға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өткізу қабілетін арттыру мақсатында «Мойынты-Қызылжар», «Алтынкөл-Жетіген», «Бейнеу-Маңғыстау» учаскелерінің құрылысы мен жаңғырту жұмыстары басталған. Премьер-министр оларға бақылауды күшейтіп, уақтылы пайдалануға беруді тапсырды.

Кейінгі уақытта отандық вагон жасау зауыттарында заманға сай әрі жайлы жолаушылар вагондарын шығаруда ілгерілеу бар. Бұл ретте жүк вагондарын шығару және ауыстыру жұмысын да жандандыру қажет. Осыған орай тиісті министрлік пен компанияға тапсырма берілді.

Көлік, Қаржы министрліктері Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметімен бірлесіп, шекарада жедел әрі сапалы мемлекеттік қызмет көрсету жөнінде шаралар қабылдауы қажеттігі де ескертілді.

Болжамдар бойынша 2028 жылы жолаушылар вагондарының паркі 3 мың бірліктен асады, бұл тозығы жеткен вагондарға қатысты мәселені шешуге мүмкіндік береді. Алайда жеке тасымалдаушылар өз вагондарын жаңартуда қиындықтарға тап болуда. Осыған сәйкес Көлік министрлігіне нақты шаралар әзірлеу тапсырылды.

Үкімет отырысында сондай-ақ теміржол саласын цифрландыру мәселесі қаралып, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев баяндама жасады.

Өткен жылы салада төрт мемлекеттік қызмет электронды түрде қолжетімді болған. Биыл жаңа «Қауіпсіздік сертификатын беру» қызметі қосылған. Бір жыл ішінде 28 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілсе, оның 99%-ы онлайн режимде жүзеге асырылған.

«Мемлекет басшысының қатысуымен жуырда Астанада сапалы талдау жасап, ауқымды деректерді генерациялай алатын суперкомпьютер кластері іске қосылды. Осы тұрғыда жасанды интеллект технологиялары мен перспективалы стартаптарды экономиканың барлық саласына, соның ішінде теміржолға да енгізу керек. Мысалы, жасанды интеллект апаттық жағдайлардың ықтимал қауіптерін және жолдар мен жылжымалы құрамның тозуын алдын ала есептеп, осындай мәселелерді шешудің түрлі нұсқаларын пысықтай алады», – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Қ.ӘБІШ