Тауар айналымы артты

530

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Санкт-Петербургке сапары Татарстан Президенті Рустам Миннихановпен кездесуден басталды.

Кездесу барысында Қазақстан мен Татарстанның сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастығын кеңейту перспективалары достық рухта талқыланды. Экономиканың маңызды секторларындағы бірлескен жобаларды Қазақстан аумағында жүзеге асыруға, еліміздің зауыттарын Ресей Федерациясының өндіріс жүйесімен қатар дамытуға баса мән берілді.

Сонымен қатар «КамАЗ» және «Татнефть» компанияларымен бірлескен жобаларды жүзеге асыру барысы қарастырылды.  Кездесуге бұл компаниялардың да басшылары қатысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Ресеймен көпжақты қатынастарында маңызды орын алатын қазақ-татар байланыстарының қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

2021 жылдың қорытындысы бойынша республикамен арадағы тауар айналымы 423 миллион доллар болды. Биылғы төрт айдың ішінде 143 миллион долларға жетті. Машина жасау саласындағы ірі жобалар табысты жүзеге асырылып жатыр. Қазақстан мен Ресейдің Өңіраралық форумы ынтымақтастықты кеңейтуге жақсы мүмкіндік береді.

Өз кезегінде Рустам Минниханов Петербург халықаралық экономикалық форумы аясында кездесуге мүмкіндік туғызғанына ризашылығын білдіріп, татар компанияларының қазақстандық серіктестерімен ықпалдастық орнатуына қолдау көрсетіп жатқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.

Ынтымақтастық нығая бермек

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Башқұртстан басшысы Радий Хабировпен кездесу өткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Радий Хабиров Қазақстан мен Башқұртстанның сауда-экономикалық, өнеркәсіп, инвестиция және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастығын одан әрі нығайту мәселелерін талқылады.

– Біз Қазақстан мен Башқұртстан арасындағы іскерлік ынтымақтастыққа қатысты нақты жобалар жасауға және дамытуға мүдделіміз. Сондықтан сіздердің компанияларыңыздың жетекшілерін Қазақстанға шақырамын. Біз барлық жағдайды жасаймыз. Бұған қызығушылық танытып отырмыз. Егер сіздердің тарапыңыздан индустриялық әлеуеті ескерілген өте маңызды бірлескен жобалар ұсынылса, жұмысымыз жемісті болады деп ойлаймын, –деді Президент.

Өз кезегінде Радий Хабиров кездесуге мүмкіндік бергені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдіріп, Қазақстанмен арадағы ынтымақтастықты дамытудың стратегиялық маңызы бар екенін атап өтті.

– Башқұртстан Қазақстанның бизнесімен жұмысты одан әрі жалғастыруға аса мүдделі. Біз үшін бұл өте маңызды. Осы уақыт аралығында қол қусырып отырғанымыз жоқ. Менің Қазақстанға сапарым барысында бірқатар келісімдер жасалып, уағдаластықтарға қол жеткізілді және олардың бәрі жүзеге асырылды. Ең алдымен, өзара қарым-қатынас инфрақұрылымын жолға қойдық, – деді Радий Хабиров.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<