ТМД шеңберіндегі пайдалы пікірталас

585

0

Кеше Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен ТМД-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің шағын құрамдағы

 отырысы өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысу үшін келген делегация жетекшілеріне ризашылығын білдірді. 

– Ең алдымен, Қазақстанның ТМД ұйымына төрағалығы аясындағы бастамаларына қолдау білдіріп, осы күндері Астанада өтіп жатқан халықаралық іс-шараларға белсенді қатысқандарыңыз үшін алғыс айтамын. Бүгінгі отырысқа Кеңес мүшесі ретінде Түрікменстан Президенті, құрметті Сердар Гурбангулыұлы Бердімұхамедов алғаш рет қатысып отыр. Осы жердегі әріптестердің және өзімнің атымнан Сізге қош келдіңіз дей отырып, жауапты мемлекеттік қызметіңізге табыс тілеймін, – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан өз төрағалығының басымдықтарына сәйкес, қазіргі әлемдік даму процестерін ескере отырып, мүше мемлекеттердің күш-жігерін көптеген бағыттар бойынша біріктіруге ұмтылды.

– Бірлескен жұмыстың нәтижесінде сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге, тығыз мәдени-гуманитарлық байланыстарымызды сақтауға, сондай-ақ Достастықтың әлеуеті мен халықаралық беделін арттыруға бағытталған бірқатар маңызды бастамалар іске асырылды. Күрделі экономикалық жағдайда Достастықтың экономикалық әлеуетін нығайтуға және ТМД-ның 2030 жылға дейінгі Экономикалық даму стратегиясының ережелерін орындауға ерекше назар аударылды. Іс-шаралар жоспарының бірінші кезеңін табысты жүзеге асыру іскерлік белсенділікті арттыруға, өзара сауда көлемін ұлғайтуға, экономиканы пандемиядан кейін қалпына келтіру ісін жеделдетуге мүмкіндік берді. Жаһандық және өңірлік экономиканың тұрақсыздығы жағдайында біз тығыз сауда-экономикалық байланыстарды сақтау үшін қолда бар барлық әлеуетті жұмылдыруымыз қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, климат мәселесі өзекті болып отыр. Мемлекет басшысы климаттың өзгеруі ТМД-ның барлық дерлік елдерінде су ресурстарымен қамтамасыз ету проблемасын шиеленістіре түсетінін атап өтті.

– Біз бұл мәселемен түрлі халықаралық формат аясында айналысып, екіжақты негізде өзара тиімді шешімдерді қарастырамыз. Сонымен бірге Достастықтың бүкіл кеңістігінде су қауіпсіздігін қамтамасыз етудің  ортақ әдістерін әзірлейтін уақыт келді.

ТМД Атқарушы комитетіне трансшекаралық су ресурстарын өзара тиімді пайдалану жөнінде нақты ұсынымдар беруді ұсынамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Отырыс барысында сондай-ақ Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Ресей Президенті  Владимир Путин, Тәжікстан Президенті Эмомоли Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов және Өзбекстан Президенті  Шавкат Мирзиёев сөз сөйледі.

***

Қазақстан Президентінің төрағалығымен ТМД-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің кеңейтілген құрамдағы отырысы өтті.

Жиынға Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Ресей Президенті  Владимир Путин, Тәжікстан Президенті Эмомоли Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Өзбекстан Президенті  Шавкат Мирзиёев, сондай-ақ ТМД Атқарушы комитетінің төрағасы Сергей Лебедев және Ресей Федералдық жиналысы Федерация кеңесінің төрағасы Валентина Матвиенко қатысты.

Мемлекет басшысы бүгінгі іс-шара ТМД елдерінің COVID-19 пандемиясынан кейінгі алғашқы толыққанды саммиті екенін атап өтті.

– Шағын құрамда біз ынтымақтастығымызды одан әрі нығайтудың өзекті мәселелері жөнінде жан-жақты пікір алмастық, Тәуелсіз мемлекеттер достастығын дамытудың негізгі басымдықтарын айқындадық. Бұл COVID-19-дан кейінгі ТМД-ның офлайн форматтағы алғашқы толыққанды саммиті екенін атап өткім келеді. Жалпы, астанамызда қайта бас қосуымыз – қуанышты жайт, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекеттер басшылары бірден ресми құжаттарға қол қою рәсіміне көшуге келісті.

– Қажетті құжаттарға қол қойылып жатқанда біз ТМД Атқарушы хатшысы лауазымын ТМД Бас хатшысы лауазымына өзгерту туралы мәселені шағын форматта талқылағанымызды жариялағым келеді. Аталған мәселеге қатысты мен осындай ұсыныс жасадым. Себебі кеше біз АӨСШК Атқарушы хатшысы лауазымын Бас хатшы лауазымына өзгерту туралы шешім қабылдадық. Бұған дейін ШЫҰ-ның Атқарушы хатшысы да Бас хатшы лауазымына өзгертілді. Негізінде, бұл атқарушы орган лауазымының мәртебесін арттыру үшін маңызды, – деді Президент.

Президент сөзін қорытындылай келе, өткізілген саммиттің нәтижелі болғанын айтты.

– Құжаттарға қол қою рәсімі аяқталды. Осылайша, біздің отырысымыз нәтижелі болды деп айтуға толық негіз бар. Сонымен қатар құжаттарды қабылдаудан бөлек делегация басшылары, менің ойымша, ТМД шеңберіндегі көпжоспарлы өзара іс-әрекеттің кең ауқымы және халықаралық күн тәртібі жөнінде өте пайдалы пікірталас өткізді. Осы ретте айтылған маңызды ұсыныстар мен қаралған құжаттар ТМД кеңістігіндегі ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және жетілдіруге бағытталады. Бұл ортақ мақсатымызға сай келеді. Сөз соңында ТМД Атқару комитетінің қызметкерлеріне, біздің сарапшыларға, мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысын дайындауға және өткізуге тікелей атсалысқан Достастықтың барлық органына ризашылығымды білдіремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар жиында ТМД Бас хатшысы Сергей Лебедев, Ресей Федералдық жиналысы Федерация кеңесінің төрайымы Валентина Матвиенко сөз сөйледі.

ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің төрағасы, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының грамотасын  мемлекетаралық «Мир» телерадиокомпаниясының төрағасы Радик Батыршинге табыс етті.

Кездесу соңында ТМД-ға мүше мемлекеттер басшылары Мәдениет саласындағы ынтымақтастықты дамыту туралы мәлімдемеге қол қойды. Сондай-ақ Достастықты одан әрі дамытуға бағытталған бірқатар құжат қабылданды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<