Тоқабай ауылына ауыз су берілді

6

0

Фото: Облыс әкімдігі

Арал ауданындағы Тоқабай елді мекеніне ауыз су қосу рәсімі өтті. Оған облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеуімбетов, облыс әкімінің орынбасары, ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай, зиялы қауым өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты.

Облыстық мәслихат төрағасы тоқабайлықтарды құттықтап, аймақты ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстарды атап өтті.

«Мемлекет басшысы 2025 жылы еліміздің барлық аймағына 100 пайыз ауыз су жеткізу туралы тапсырма бергені белгілі. Сыр өңірінде Президент тапсырмасын белгіленген мерзім ішінде орындау мақсатында ауқымды жұмыс атқарылды.

Ауыз су жеткізуге бағытталған 60 жоба жүзеге асты. Былтыр аймақ халқының орталықтандырылған ауыз сумен қамтылу деңгейі 98,6 пайыз болған. Биыл қалған 9 елді мекенде қарқынды жұмыс жүргізіліп, жыл соңына дейін белгіленген жоспар толық орындалады, яғни 100 пайыздық межеге қол жеткіземіз. Бүгін Тоқабай елді елді мекеніне ауыз су қосамыз. Жиналған қауымды көптен күткен игіліктің іске асуымен құттықтаймыз», – деді Мұрат Жолкелдіұлы.

Рәсімде ауылдың өркендеуіне үлес қосқан аға буын өкілдеріне, ауыз су жүргізген мердігер мекеме қызметкерлеріне облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды. Жіңішкеқұм ауылдық округі ардагерлер кеңесінің мүшесі, ауыл шаруашылығы саласының ардагері Қыдырбай Мұсаев лебізін білдірді.

Шалғайдағы ауылдар инфрақұрылымын дамыту, ең алдымен сапалы сумен, жолмен қамтамасыз ету тұрғындардың жайлы өмір сүруіне, тұрмыстық жағдайының жақсаруына оң әсерін тигізеді.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі