Кеше «Өнер орталығында» «Қорқыт және Ұлы дала сазы» халықаралық фольклорлық-музыкалық өнер фестивалінің гала-концерті өтті.
Алдымен орталық фойесінде «Жібек жолы жаңғырығы» атты Сыр бойы дәстүрлі-мәдени мұраларының modern-көрмесі көпшілік назарына ұсынылды.
Онда облыстық тарихи өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі Эльзира Нағашыбайқызы құнды мұралар туралы айтып берді.
– Көрмеге музей қорында сақталған аса құнды мұралар қойылды. Соның ішінде Жанкент қалашығынан табылған керамикалық бұйымдар, ыдыстар, қыш дастарқан және қазба жұмысы кезінде табылған жәдігерлер де бар. Жанкент қалашығын Қорқытпен тығыз байланыстырамыз. Өйткені Қорқыт бабамыз сонда өмірге келген. Қалашық оғыз тайпасының астанасы да болған. Қорқыт атадан бастау алған жыраулық өнерді дамытушы, жалғастырушы бақсылар мен жыраулардың, Бекберген мен Нұрғали бақсының қобыздарының көшірмесі қойылды. Музей қорындағы домбыралар да осы жерден орын алды, – дейді бөлім меңгерушісі.
Концерт «Томирис» би ансамблі, театр артистері мен «Сырлы саз» этно және домбырашылар ансамблінің бірлескен «Қорқыт» композициясымен басталды. Мұнан кейін фестивальге қатысушы қонақтар мен өнерпаздардың жұлдызды шеруіне жалғасты.
«Түркі мәдениеті және мұрасы» қорының президенті Ақтоты Райымқұлова қордың 2012 жылы түркі мемлекеттері басшыларының қолдауымен құрылғанын айтты. Бауырлас халықтардың рухани және мәдени мұрасын жаңғырту мақсатында ұйымдастырылған шараны киелі Сыр топырағында өткізген облыс басшылығына алғысын, жиналған қауымға Әзербайжан елінің сәлемін жеткізді.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бұл «Қорқыт және Ұлы дала сазы» халықаралық өнер фестиваліне қатысушы түркі халықтары өнер шеберлерінің Сыр еліндегі жетінші рет жүздесуі екенін айтты.
– Айтулы шара ұлтымыздың тарихи қазақ атауының қайтарылғанына, Қызылорданың қазақ елінің астанасы болғанына 100 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келуде. Фестиваль аясында өткен халықаралық конференцияға белгілі түркітанушы ғалымдар қатысып, Қорқыт атаның құнды мұраларын, эпикалық жырларды талқылады. Түркия, Ресей, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстаннан және еліміздің бірқатар аймағынан келген 200-ге жуық өнерпаз екі күн бойы өнер көрсетті. Шараны ұйымдастыруға қолдау көрсеткен «Түркі мәдениеті және мұрасы» қорының президенті Ақтоты Райымқұловаға, шақыртуымызды қабыл алып, бауырлас елдерден келген қонақтарымызға барша Сыр жұртшылығының атынан шынайы алғыс білдіреміз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы күні кеше Әзербайжанның Габала қаласында өткен түркі мемлекеттер ұйымының ХІІ саммитінде «Түбі бір түркі жұртының тарихы тамырлас, халықтарымызға ортақ сан ғасырлық шежіреміз бар деп үнемі айтып жатырмыз. Мұның бәрі – берекелі бірлігіміз бен мәңгілік ынтымағымыздың алтын арқауы» деген болатын. Бауырлас халықтардың рухын көтеру фольклорлық-музыкалық өнерін дәріптеу, өзара мәдени байланысын нығайтуда фестивальдің маңызы зор. Қорқыт ата – түркі дүниесінің ортақ рухани тұлғасы. Ел бірлігі мен мәңгілік өмір идеясының символы. Қорқыт ата мұраларының БҰҰ жанындағы ЮНЕСКО-ның ғаламдық материалдық емес мұралар тізіміне енгізілуі – жылдар бойы бірлесіп атқарған жұмысымыздың нәтижелі жемісі. Бұл – Қорқыттан қалған ұлы өнердің, ұлы дала сазының құнды жәдігері, – деді облыс әкімі.
Гала-концертте Н.Жанпейісов, Ұ.Байбосынова, Е.Жаңабергенова, А.Ноғайбаева, М.Сәрсенбаева және Ш.Бимбетова, т.б. өнерпаздар жырдан шашу шашты. Алтай Республикасынан келген У.Ынтаев пен А.Орсулов, Әзербайжаннан «Қарабах» мұғамшылар тобы, Түркиядан келген Б.Синан мен Н.Камбер, Тыва Республикасынан «Эш» фольклорлық дуэті, Өзбекстаннан «Шашмаком» ансамблі мен бишілері, Қырғызстан өнерпаздар тобы ұлттық аспаптарында шығармаларын орындап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Сондай-ақ елімізге танымал және жергілікті талантты өнерпаздар да өнер көрсетті.
Кеш соңында қатысушылар «Қорқыт – Ұлы дала сазы» гимні орындады.
Қорқыт мұрасы: Түркі әлеміне ортақ эпикалық құндылықтар
Сыр өңірінде VII рет ұйымдастырылып отырған «Қорқыт және Ұлы дала сазы» халықаралық фестивалі аясында «Қорқыт мұрасы: Түркі әлеміне ортақ эпикалық құндылықтар» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Конференцияға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, «Түркі мәдениеті және мұрасы» қорының президенті Ақтоты Райымқұлова, түркітілдес елдердің ғалымдары мен сарапшылары қатысты.
Ғылыми-танымдық жиында Қорқыт ата және оның рухани мұрасын ғылыми тұрғыда зерттеуді дамыту, сонымен бірге, түркі жұртына ортақ тарихи-мәдени құндылықтар арқылы халықаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелері сөз болды.
Конференцияны облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ашып, биыл қазақ еліне астана болғанына ғасыр толып отырған Қызылордаға алыс-жақыннан келген қонақтарға құрмет білдірді.
Аймақ басшысы Президент бекіткен «Түркі әлемінің келешегі – 2040» құжатына сай тарихы тамырлас түркі жұртының өзара тұрақты байланыс орнатуы өте маңызды бастама екенін атап өтті.
– Қорқыт ата – түбі бір түркі халықтарына ортақ рухани тұлға, ел бірлігі мен мәңгілік өмір идеясының символы. Оның даналығы, мұрасы, тағылымы ғасырлар бойы рухани тірегімізге айналып, ұлт пен ұрпақтың жадында сақталып келеді. Бүгінде Қорқыт мұрасын зерттеу – өткенді тану ғана емес, болашағымызға бағытталған рухани миссия. Осы мақсаттағы ғылыми ізденістер мен халықаралық байланыстар түркі халықтарының мәдени тұтастығын нығайтуға, рухани үндестігін арттыруға зор үлес қосты, – деді облыс әкімі.
Иә, бүгінде Қорқыт ата мұралары ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енген. Ұлы ойшыл мәңгі қоныс тапқан Сыр өңірінде Қорқыт баба рухына тағзым ету, мұрасын сақтау және насихаттау бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасуда. Айталық, Қармақшы ауданындағы Қорқыт ата мемориалы туристерге тұрақты қызмет көрсететін рухани демалыс орнына айналса, өткен жылы ғана Қорқыт ата халықаралық әуежайының жаңа терминалы іске қосылды. Сонымен қатар, аймақтағы іргелі оқу орны – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті бүгінде халықаралық талаптарға сай мамандар даярлауда.
Одан бөлек, ортағасырлық тарихи-мәдени мұраларды халықаралық деңгейде таныту үшін Ұлттық музей, ТҮРКСОЙ ұйымы және Түркияның Мәдениет және туризм министрлігімен бірлескен шаралар өткізілуде. Қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлер негізінде «Шірік Рабат сақ жауынгері», «Сығанақ ханшайымы», «Түгіскен көсемі», «Жетіасар ақсүйек әйелі» мүсіндері жаңғыртылып, ғылыми айналымға енгізілді.
Конференцияда «Түркі мәдениеті және мұрасы» қорының президенті Ақтоты Райымқұлова сөз сөйлеп, маңызды жиынды ұйымдастыруға бастамашы болған облыс әкімдігіне алғысын жеткізді.
– Әзербайжан Республикасы Баку қаласында орналасқан халықаралық «Түркі мәдениеті және мұрасы» қоры атынан шынайы ілтипатымды, ыстық ықыласымды білдіремін.
«Сыр елі – жыр елі» атанған қасиетті Қызылорда топырағы – ел бірлігінің іргесін қалап, түркі дүниетанымының темірқазығын орнатқан, әлемдік өркениетте айрықша орны бар ғұлама, ойшыл, абыз Қорқыт бабамыздың мәңгілік мекені. Бұл тұрғыда түркі бірлігінің тірегі болған бабамыздың ұлы мұрасын ұлықтайтын Қызылорда облысының ұлттық брендіне айналған «Қорқыт және Ұлы дала сазы» халықаралық фестивалі бүгінгі таңда ұлттық мәдениеттің биік тұғыры болып, барша түркі жұртын тоғыстырып отыр, – деді А.Райымқұлова.

Конференцияда Әзербайжан Ұлттық Ғылым академиясы фольклор институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, доцент Х.Гулиев қазіргі дәуірде фольклортану саласында жүргізіліп жатқан зерттеулердің маңызды бағыттарының бірі – архетип теориясына сәйкес адам тек сыртқы әлемнің ықпалымен қалыптасқан жаратылыс ретінде емес, ішкі әлеуеті мен психо-нақтылығы арқылы өзін білдіретін құбылыс ретінде қабылданатынын атап өтті. Осы тұрғыдан алғанда, «Қорқыт ата кітабындағы» Қорқыт ата бейнесі – даналық пен қаһармандық үлгісі, түрік мәдениетінде қарт тұлғаға берілетін жоғары мәдени бағалаудың көрінісі деп тұжырымдады.
Әл Фараби атындағы ұлттық университеттің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты А.Бұлдыбай Қорқыт ата тақырыбына қатысты Әлкей Марғұлан, Әуелбек Қоңыратбаев, Мардан Байділдаев сынды ғалымдар зерттеулері тарихи деректің түп негізі екенін атап өтті.
Ғалымның сөзінше, жалпы түркі мәдениетінде эпикалық жыр өнері бастауында Қорқыт ата тұр. Сол Қорқыт бабадан бері жалғасып, сүлейлер сарынына ұласқан жыраулық, жыршылық дәстүр Сыр өңірінде берік сақталғанын, әсіресе, Жиенбай, Нартай, Нұртуған, т.б. мектептері қалыптасып, шәкірт тәрбиелеп отырғанын өте ұлағатты іс деп бағалады.
Қырғыз Республикасы Ұлттық Ғылым академиясы Ш.Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор, манастанушы Ж.Орозобекова кең ауқымды, мазмұнды баяндама жасап, түркі халықтарының ортақ кейіпкері Қорқыт ата және оның мұрасы қырғыз фольклорында да ерекше маңызға ие екенін айтты. Сонымен қатар, Қорқыт ата туралы Махмұт Қашқари, Жүсіп Баласағұн еңбектеріне шолу жасап, терең рухани танымдық қабілетімен ерекшеленетін Қорқыт баба болмысы жалпы адамзаттық өмірдің бастауы деген ұғымға сай келетініне назар аударды.
Қажы Байрам Вели атындағы Анкара университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы М.Чевик Түркиядағы Қорқыт ата туралы қазіргі зерттеулер жайлы баяндады.
Айталық, Түркиядағы Қорқыт ата зерттеулері алғаш рет 1916 жылдан бастау алған. Зерттеулер 2017 жылға дейін екі данада, Дрезден және Ватикан көшірмелері бойынша жүргізілген. Ал 2017 жылдан кейін қолжазбаның тағы 3 жаңа данасы табылып, Анкара, Гүнбед және Бурса көшірмелері зерттеулерге енгізілген. Сондай-ақ ол бүгінгі уақыт талабына сай Қорқыт ата туралы балалар мен жасөспірімдерге лайықталған насихат жұмыстары өте қажет екенін атап өтті.
Түркия елінің белгілі этномузыкатанушысы, ғалым Ф.Каракая жалпы түркі өнері мен мәдениетіне қатысты аспаптардың тарихын, құрылымын, әуездік ерекшеліктерін тарқатып түсіндірді.
Өзбекстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының Ә.Науаи атындағы Мемлекеттік әдебиет музейінің директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Ж.Эшонқұловтың баяндамасында Қорқыт ата кітабындағы жазбалардың рөлі туралы айтылды.
– Эпикалық мәтінде кездесетін өмір салтындағы ұқсастықтар, әр эпикалық шығарманың аймақтық бірегейлігін, яғни жергілікті ерекшеліктерін баса көрсететін тарихи дамумен қатар, белгілі бір дәрежеде айырмашылықтарды тудырады. Қазіргі уақытта фольклор эпикалық шығармаларды зерттеу үшін әртүрлі әдістерді қолдануды талап етеді. Тарихи-салыстырмалы әдістің басымдығын көрсете отырып, жақында дәстүрге айналған рухани талдау және семиотикалық интерпретация сияқты басқа әдістерді қолдану қажеттілігі туындайды, – дейді ол.
Филология ғылымдарының кандидаты, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының «Қолжазба және текстология» орталығының бөлім басшысы Ж.Рақыш, белгілі жырау, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері А.Алматов жыраулық өнерді оқытуда және ғылыми айналымға енгізуде еліміздегі ғалымдардың ұшан-теңіз еңбегі бар екенін, сондай-ақ ұлттық консерватория жанынан арнайы кафедра ашуда Ақтоты Райымқұлованың қолдау танытқанын атап өтті. Осындай еңбектің нәтижесінде, Сыр бойынан шыққан жыр орындаушылар әлемдік деңгейде өнер көрсетумен қатар, дәстүрлі өнерді ғылыммен ұштастыруға үлес қосып жүр.
Филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының доценті Ұ.Байбосынова баяндама жасап, Қорқыт ата мұрасын жалғастыруда Сыр өңірі жыршы-жырауларының еңбегін атап өтіп, сүлейлердің мақам-саздарымен «Көрұғлы» жырынан үзінді орындады.
Мәңгілік сарын
Бейсенбі күні Қармақшы ауданындағы «Қорқыт ата» мемориалдық кешенінде «Қорқыт сазы» концерті ұйымдастырылып, оған Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тыва, Алтайдан келген және отандық өнерпаздар қатысты. Олардың қатарында Сыр елінен шыққан дәстүрлі орындаушылар бар. Іс-шара бағдарламасы ерекше рухани атмосферада басталды. Қонақтарды «Әжелер ансамблі» қарсы алып, салт-дәстүр бойынша шашу шашып, қазақы қонақжайлық үлгісін көрсетті.
Концертте «Түркі мәдениеті және мұрасы» халықаралық қорының президенті Ақтоты Райымқұлова сөз сөйледі. Қызылорда облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Жанмұрат Сейілов облыс әкімінің құттықтауын жеткізіп, атаулы күннің маңызына тоқталды.
– Қадірлі қонақтар! Киелі Сыр аспанында түркі әлемінің ән-жыры қалықтайтын фестивальге қош келдіңіздер. Алаштың астанасы Қызылорда жеріндегі бұл өнер дүбірі күллі әлемнің құлағына жетіп отыр. Кең даланы жырға бөлеп, нұрға толтырған дәстүрлі «Қорқыт және Ұлы дала сазы» халықаралық фестивалі биыл жетінші мәрте өтуде. Туысқан халықтардың фольклорлық-музыкалық өнерін өрістетіп, өзара мәдени байланысын нығайтатын фестивальде биыл талантты өнерпаздар мен ұлт руханиятының тұғырлы тұлғалары бас қосты.
2018 жылы Қорқыт баба мұраларының ЮНЕСКО-ның ғаламдық материалдық емес мұралар тізіміне енгені баршаңызға белгілі. Бұл тарихи оқиға түркі мәдениетіне үлкен серпіліс тудырды. Осы жетістікке фестивальдің де қосқан үлесі зор. Сіздерге түркі жұртының төл өнері мен мәдениетін дәріптеп насихаттауға сіңірген еңбектеріңіз үшін бауырластық көңілден алғыс айтамыз, – деді басқарма басшысы.
Мәдени шарада Айбек Тәңірбергенов, Руслан Ахметов, Айгерім Ешбаева, Марат Сүгірбай, Нұртілек Ақтаев Қорқыт атаның өмірі мен философиялық дүниетанымына негізделген шығармалар орындады, «Тұран» ансамблі өнер көрсетті. Одан кейін қонақтар өз өнерін ортаға салып, көпшілікке ұлттық туындыларын тарту етті.
Бауырлас халықтар арасындағы рухани байланысты нығайтып, Қорқыт ата мұрасын жаңа буынға жеткізетін фестиваль аясындағы шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Меймандар аудан мәдениетінің ордасы «Руханият орталығына» барды. Ұлт руханиятына қатысты құнды жәдігерлері бар музей мен архив, оқырманға арналған түрлі тақырыптағы кітаптар қамтылған аудандық кітапхана, жас буынның шығармашылық әлеуетін ашатын жастар ресурстық орталығы, ұлттық тәрбие сабақтастығы үйлесім тапқан ардагерлер, сондай-ақ аналар үйі мен неке қию залының жұмысын көріп, орталықтың құрылымына оң бағасын берді.
«СБ» тілшілер тобы
М.ЧЕВИК,
Хажы Байрам Вели атындағы университет профессоры, Анкара
Түркиядағы Қорқыт ата тақырыбындағы академиялық зерттеулер белгілі бір қарқынмен жүргізіліп келеді деп айтуға болады. Мұндағы тезистерден басқа, жыл сайын ондаған, тіпті жүздеген мақала мен кітаптар жазылады. Біз бұл зерттеулердің маңыздылығын талқылаймыз. Дегенмен, бір фактіні назардан тыс қалдырмауымыз керек, академиялық зерттеулер әрине, өте маңызды. Бірақ одан да маңыздырағы, Қорқыт ата санасын біз механикалық деп атауға болатын академиялық зерттеулерден тыс қабылдау және оны адамдардың күнделікті өміріндегі баламалы құндылыққа айналдыра білуіміз қажет.
Қорқыт атаны күнделікті өмірде де айтуымыз керек. Осылайша біз түркі әлемінің ортақ мәдени құндылығын, жасампаз болмысын қалыптастыруға өз үлесімізді қосуға тырысамыз. Қорқыт атаның өнердің әртүрлі салаларында, мәдени іс-шараларда, жалпы қоғамдық өмірде насихатталуы қарқынды түрде жүргізіліп келеді.
Соның көрінісі Түркияда Қорқыт ата атындағы университет, білім беру факультеті, қолданбалы-зерттеу орталығы, бірнеше мектеп, саябақтар бар.
А.АЛМАТОВ,
Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
«Түркі мәдениеті және мұрасы» халықаралық қорының және облыс әкімдігінің қолдауымен биыл 7-рет ұйымдастырылып отырған «Қорқыт және Ұлы дала сазы» атты халықаралық фольклорлық-музыкалық өнер фестивалі аясында түркі елдерінің төл мәдениетін айқындайтын өте маңызды іс-шаралар өтуде. Соның бірі – «Қорқыт мұрасы: Түркі әлеміне ортақ эпикалық құндылықтар» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференциясы.
Сыр елі – тоғыз тарау жол мен тоқсан тарау тағдыр тоғысқан тарихи мекен. Сондықтан да бұл елдің фольклорлық-этнографиялық, музыкалық, археологиялық дәуірлері сонау мыңжылдықтардан бастау алады.
Өнерді жойылған, сақталған, дамушы деп бөлетін болсақ, Сыр бойындағы жыраулық дәстүр де сақталған күйінде кешегі 80-жылға дейін келді. Бұл кезеңде жыраулардың жасы егде тартқан еді. Бірақ біздің алдымызда шәкірт тәрбиелеу мәселесі тұрды. Сол уақытта фольклор зерттеуші Мардан Байділдаев, өнертанушы Алма Құнанбаева, филолог Анарбай Бұлдыбай сынды ғалымдар еңбегімен дәстүрлі жыраулық өнерді дамыту бағытындағы жұмыс қолға алынды.
Осындай ұзақ мерзімді жүйелі жұмыстардың бір нәтижесі 1998 жылы Қорқыт ата университетінде іске асты. Мемлекеттік стандартты жасай отырып, «Дәстүрлі өнер: жыр» мамандығын енгіздік. Бүгінде дәстүрлі өнер «ән», «жыр», «айтыс» болып жіктеліп, еліміздің білім беру жүйесінде оқытылып жатыр.
Ж.ЭШОНҚҰЛОВ,
Өзбекстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Ә.Науаи атындағы Мемлекеттік әдебиет музейінің директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор
«Қорқыт ата» кітабының кіріспесін Алпамыс, Манас, Көрұғлы эпостарының кіріспе бөліктерімен салыстырған кезде эпикалық шығармалардың мәні тереңірек ашылады.
Шындығында, аңыз, әпсаналардағы Қорқыт бейнесі – қаһармандық пен даналықтың үлгісі. Сол секілді, түркі әдебиетінің көркем туындылары Манас батыр, Алпамыс батыр сияқты эпостық жырлар да ерлікті дәріптейді. Осы арқылы халықтың рухын көтереді. Біз бұл тақырып шеңберінде өзара тамырлас, бауырлас жұрт екенімізді жақынырақ біле түсеміз.
Жалпы «Қорқыт және Ұлы дала сазы» халықаралық музыкалық-фольклорлық өнер фестивалі түбі бір түркі дүниесінің бірлігін нығайтып, болашағын айқындайтын мәні зор мәдени шара деп білемін.
Фестиваль көне музыкалық аспаптарды қайта жарыққа шығып, бауырлас елдерден келген өнерпаздардың мәдени мұраларының қайта жаңғырғанына куә болып жатырмыз. Біздің басты мақсатымыз – келешек ұрпаққа осындай жәдігерлерді мирас ету.





