Үкімет басшысы 2023 жылы елімізде инфляция төмендейтінін айтты

586

0

Премьер-Министр Әлихан Смайлов елімізде инфляцияны тежеуге қатысты атқарылып жатқан қадамдарды атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әлемдік сарапшылар дүниежүзілік экономика рецессия кезеңіне өтіп жатқанын айтып жатыр. Бұл ретте біз орта мерзімді перспективада тұрақты экономикалық дамуға бағытталған саясатты жүзеге асырып отырмыз. Инфляцияға тоқталсақ, Ұлттық банкпен бірлесіп, оны тежеу бойынша кешенді шараларды жүзеге асырып жатырмыз. Бұл тұрғыда жүйелі әрі жедел шаралар ескерілген», – деді Әлихан Смайылов Мәжілістің жалпы отырысында.

Оның айтуынша, жүйелі шаралар ішкі нарықты отандық тауарлармен қамтамасыз етуге және импортқа тәуелділікті азайтуға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспарын жүзеге асыруға бағытталған.

«Жедел шаралар аясында бірінші кезекте логистика, монополияға қарсы, сыртқы сауданы реттеу, заңмен белгіленген әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 15 пайыздық сауда үстемесіне бақылау жасау, сондай-ақ форвардтық сатып алу, тұрақтандыру қорларын қалыптастыру және басқа да шаралар ескерілген. Қабылданған шаралардың нәтижесінде келесі жылы инфляция 7,5%-9,5%-ға дейін төмендейді, ал одан кейінгі жылдары тағы да төмен болады деп есептейміз», – деді Үкімет басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Ә. Смайылов Ресейден Қазақстанға келетін барлық импорт 30%-ға қымбаттағанын айтты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<