Ұлттық халық санағы күзде өтеді

1309

0

Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен 2021 жылғы халық санағын өткізуге дайындық барысы туралы жиын өтті.

Ұлттық халық санағы әлемде орын алған COVID-19 байланысты Қазақстан Республикасының барлық аумағында төтенше жағдайдың жариялануына және карантиндік шаралардың енгізілуіне сәйкес ағымдағы жылдың қыркүйек-қазан айларында өткізіледі деп жоспарлануда. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша баяндама жасаған облыстық статистика департаментінің басшысы Мариям Баекеева ауқымды шараға дайындық барысын сөз етті.

– Халық санағы – бірнеше жыл жоспарланатын, кең масштабтағы саяси іс-шара. Халық санағы халық жөнінде салыстырмалы толық әрі обьективті ақпараттар алуға, белгілі бір кезең ұзақтығына елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жоспарлауға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда ұлттық халық санағының «Қазақстанда әркім маңызды!» атты девизі мен логотипі бекітілді. Бүгінгі күні, облыс көлеміндегі идеологиялық тұрғыдан ескірген көшелерге, сонымен қатар шартты атаулы көшелерге жаңа атау беру мақсатында 2 шағын ауданға, 125 көшеге атау, қайта атаулар берілген. 2021 жылдың 17 наурызында №17 облыс әкімдігі мен облыстық мәслихаттың бірлескен қаулы және шешімімен 44 көшеге атау және қайта атаулар берілді. Санақтың алғашқы 45 күні интернет желісі арқылы онлайн режимінде жүргізілетіндіктен, әсіресе ауылдық елді мекендердегі халық, сол учаскілерге келіп, санақтан онлайн режимінде өтсе деген ұсынымыз бар, – деді Мариям Баекеева.


Баяндамадан соң аймақ басшысы халық санаған өткізу жоспарына сәйкес қала мен елді-мекендердегі көшелердің атауларын, кварталдардың, үйлердің және пәтерлердің, саяжайлардың нөмерлерін ретке келтіру, тұрғын жайларды аншлагпен қамтамасыз ету жұмыстарын толығымен аяқтауды тапсырды.

– Халық санағы-мемлекеттік дәрежеге ие, көптеген сұрақтарға жауап беретін саяси іс-шара. Осыған сәйкес біз бұл жұмыстарды өте жоғары деңгейде атқаруға тиіспіз. Қызылорда қаласы мен барлық аудан орталықтарында, әрбір елді-мекендердегі көшелердің атауларын, кварталдардың, үйлердің және пәтерлердің, саяжайлардың нөмерлерін ретке келтіру, тұрғын жайларды аншлагпен қамтамасыз ету жұмыстары толығымен дер кезінде аяқталсын. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халық арасында түсіндірме жұмыстары кеңінен жүргізілсін. Цифрлық технологиялары басқармасына барлық ауылдық округтердің мемлекеттік органдардың бірыңғай транспорттық орталығының арнайы қорғалған каналдарымен, байланыс жүйелерімен қамтылғандығы пысықталсын, – деді аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова.


Сондай-ақ өңір басшысы Арал мен Жаңақорған ауданы әкімдеріне ауылшаруашылық кітабындағы халық санын зерттеп, сәйкестендіруді тапсырды. Барлық кент, ауылдық округ әкімдеріне шаруашылық кітабындағы есепке алу деректері бойынша тұрғындардың ЖСН мен халық санын нақтылауды қамтамасыз етуді жүктеді..

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<