Тарихи сәттің куәсі болдым

649

0

Елорда төрінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты ұлықтау салтанатты рәсімі өтті. Айтулы іс-шарада Мемлекет басшысы ант беріп, президенттік қызметіне ресми кірісті. Біз де ұлықтау рәсіміне қатысу құрметіне ие болып, қасиетті Сыр елінен Астанада өткен алқалы жиынға зор ықыласпен келдік.

Халқымыздың арғы-бергі тарихында ел-жұрттың бірлік туының астына ақ ниетпен жиналып, ел тізгінің ұстаған тұлғаның құрметіне ұлықтау рәсімін өткізудің мәні де, маңызы да жоғары болғанын білеміз. Ал, осынау жаһандану заманында егемен елдің еңселілігін көрсетіп, дербестігін паш етіп, әлем көз тіккен бас қалада салтанатты түрде ұлықтау рәсімінің жоғары деңгейде өткізілуін – халқымыздың сан ғасырдан бері қалыптасқан салтқа берік болып, бекем бірлік пен көркем тірлікті ұштастыруы деуге болады.

Кезектен тыс сайлауда Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ел жұртшылығының үлкен қолдауына ие болып, айқын басымдықпен Қазақстан Республикасының Президенті болып сайлануы – егемендікті баянды ету жолындағы ең биік белестің бірі болды. Ел Қасым-Жомарт Кемелұлына елдің қамын ойлайды, намысын жібермейді деп бір ауыздан сенім артты. Бұл саналы таңдау болды. Себебі, Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған саясат нәтижелі және жемісті болып отырғаны белгілі. Сол сенім жүгі елді абыройдың биігіне шығарып, өсу мен өркендеуге, жаңару мен жаңғыруға негіз болады деп сенеміз.

Ұлықтау рәсіміне қатысу құрметіне ие болу – мен үшін зор қуаныш әрі ұмытылмас тарихи сәт болды. Біз Президентті қолдаймыз, оның саясатын, бастамаларын жүзеге асыру жолында аянбай еңбек етеміз. Ел тізгінін қолға алған Мемлекет басшысына шын жүректен абырой-амандық тілеймін! Әділетті Қазақстанды бірге құрып, бірге дамытайық!

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,

Сырдария аудандық

мәслихатының депутаты,

аудандық «Тіршілік тынысы»

газетінің Бас редакторы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<