Жалағашта алғашқы дән себілді

816

0

Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жұмыс сапарымен Жалағаш ауданына барып, Аққұм ауылдық клуб ғимаратында сақтық шараларын сақтай отырып, ардагерлермен кездесті.

Кездесуде ауыл округінің әлеуметтік-экономикалық дамуы талқыланды. Сонымен қатар, аймақ басшысы ауылдық аурухананың жұмысымен танысты. Аурухана типтік жобада, ауысымына 10 науқас қабылдауға арналған. Қазіргі таңда емдеу мекемесінде 4 дана концентратор, 2 дана оттегі баллоны бар.

Облыс әкімі аурухана ғимаратында ауданда коронавирус індетімен күресу, вакцинациялау бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың есебін тыңдап, сақтық шараларын, ақпараттық жұмыстарды күшейтуді тапсырды.

– «Қызыл» аймаққа кіргенімізді білесіздер. Бұл карантин талаптарын күшейту қажет деген сөз. Бүгінгі таңда індетпен күресудің жалғыз жолы вакцина. Сол себепті тұрғындарға дұрыс ақпарат жеткізу маңызды. Коронавируспен күресу шараларын қатаң бақылауға алу қажет, – Гүлшара Әбдіқалықова.

Облыс әкімінің жұмыс сапары «БАҚДӘУЛЕТ-57» фермерлік қожалығының жеке қаражаты есебінен салынған нысандарында жалғасты.  Қожалық жеке есебінен мейрамхана, наубайхана, мал бордақылау алаңы, күріш ақтау зауыты, мал сою цехын салған. Бүгінгі күні мейрамхана ғимараты 100 балаға арналған спорт кешені болып өзгертілген. Кешенде 4 күрес алаңы бар, 1 ауыр атлетика бөлмесі, 1 фитнес залы бар. Наубайханада күніне 500 нан пісіріліп, сатылымға шығарылса, күріш ақтау зауытының қуаттылығы тәулігіне 20 тонна күріш өңдеуге жетеді. Зауытқа кореялық диірмен орнатылған. Мал бордақылау қожалығына келсек, бұл жерде 18 адам жұмыспен істейді.

Аймақ басшысы аудан әкімі Асылбек Шәменовке кәсіпкерлікті дамыту бойынша қолдау көрсетуді жүктеді.

Сапар барысында Гүлшара Әбдіқалықова «Таң LTD» ЖШС-нің алғашқы күріш дәнін себу рәсіміне қатысты. Аймақ басшысы шарада ауылшаруашылық экономиканың дамуына әсер ететін басты салалардың бірі екенін айтып, қамбаға мол өнім толуын тіледі.

Шара соңында ауыл шаруашылығы саласының ардагері Әлиев Садық елдің ризығы мол болып, егін бітік шықсын деген батасын береді.

Сондай-ақ,  облыс әкіміне стенд арқылы Таң ауылдық округінде жүргізіліп жатқан абаттандыру жұмыстары таныстырылды.  Ауылдың орталық алаңына арка орнату, брусчатка төсеу, тал егу, ескерткіш орнату, жарықтандыру, балалар ойын алаңын салу, көшелерді асфальттау секілді ауқымды жұмыстар атқарылған. Мұнымен қоса, «Таң LTD» ЖШС-нің жеке қаражаты есебінен  50 млн. теңгеге елді мекенге жарықтандыру жұмыстары жүргізілді.

Аймақ басшысы Аламесек, Жаңадария ауылдарына да барды. Аламесек ауылдық округіндегі №124 орта мектептің, Жаңадария ауылдық округіндегі №203 орта мектептің  жұмысымен танысты. Мектеп ғимараттарында тұрғындармен тілдестіп, коронавирус індетіне қарсы шараларды күшейтудің маңыздылығын айтты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<