Конститутциялық кеңестің кезекті отырысында Конституциялық Соттың төрағасы Эльвира Азимова жаңа Конституция жобасының мәтіні «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» республикалық басылымдарында, сондай-ақ Конституциялық Соттың ресми сайтында жарияланатынын хабарлады.
Конституциялық комиссияның жұмысы ашық әрі мазмұнды форматта жүргізілуде. Комиссия құрамына заң шығарушы, атқарушы және сот билігінің өкілдерімен қатар, ғылыми қауымдастық, азаматтық сектор және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін қамтыған 130 адам тартылған. Барлық отырыстар Конституциялық Соттың әлеуметтік желілерінде және «Конституциялық реформа 2026» арнайы Telegram-арнасында тікелей эфирде көрсетіліп келеді.
Эльвира Азимова Жаңа Конституция жобасын талқылау барысында түзетулер санына емес, оның жаңартылған мазмұны мен мәніне басымдық беру маңызды екенін атап өтті.
«Жаңа Конституцияның негізінде адамға бағытталған мемлекеттік модель жатыр. Онда адам, оның құқықтары мен бостандықтары, қадір-қасиеті ең жоғары құндылық ретінде айқындалған. Сондай-ақ халықтың дәстүрлі құндылықтары, тарихи тәжірибесі, әділеттілік, жауапкершілік және қоғамдық бірлік қағидаттары кеңінен көрініс тапқан», – деді Конституциялық Соттың төрағасы.
Ұсынылған өзгерістердің ауқымын ескере отырып, комиссия мүшелерінің басым бөлігі бұл құжатты тек жекелеген түзетулер жиынтығы ретінде қарастыру мүмкін емес деген ортақ пікірге келген. Мемлекет басшысы бұл ұстанымды қолдап, Жаңа Конституция жобасын бүкілхалықтық талқылауға шығаруды қолдады.
Осыған байланысты Жаңа Конституция жобасының толық мәтіні республикалық басылымдарда және Конституциялық Соттың ресми интернет-ресурсында жарияланды.
Айта кетейік , аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі ретінде комиссия отырыстарына, жекелеген жұмыс секцияларындағы талқылауларға қатысуда.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі






