Бүгін аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов Жаңақорған ауданының «Бесарық» ауылында 375 орындық бастауыш сыныпқа арналған қосымша оқу ғимаратының ашылу рәсіміне қатысты. Салтанатты жиында жауапты сала басшылары мен ауыл тұрғындары болды. Шахмардан Асқарұлы жиналған жұртшылықты Тәуелсіздік күнімен құттықтады.
«Тәуелсіздік – сан ғасырлар бойы ата-бабамыздың аңсаған асқақ арманы. Азаттық пен елдік, береке мен бірлік – қай халықтың да алтынға айырбастамас асылы!
Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауының арқасында Сыр өңірінде ауқымды жобалар іске асуда.
Облыс әкімінің бастамасымен биыл білім саласына бөлінген қаржы 264 млрд теңгеге жетіп, аймақ бюджетінің 42,5 пайызын құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9,3 пайызға артық.
Бүгін міне, «Бесарық» ауылындағы Жүсіп Қыдыров атындағы №№54 мектеп жанынан салынған 375 орындық қосымша оқу ғимаратының ашылу салтанатына жиналдық.
Бұл құрылысқа 789,6 млн теңге қаржы «Білім беру инфрақұрылымын қолдау» қоры арқылы бөлінді.
Жаңа ғимаратта балаларымызға сапалы білім мен саналы тәрбие беріледі деп сенеміз.
Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы. Ертең елге тұтқа болар тұлғалардың тәрбиесіне бүгіннен көңіл бөлгеніміз абзал. Бұның барлығы жас ұрпақтың игілігі үшін жасалуда», – деді Ш.Байманов.
Еске салайық, өткен жылы облыс орталығындағы 4 мектептің орын тапшылығы мәселесін шешу үшін 1 850 орынға арналған қосымша ғимараттар салынды.
Шарада құрылысты сапалы етіп салған мердігер мекеме қызметкерлері және ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлесін қосқан азаматтар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапаталды.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<