Мен үшін биылғы жыл жан жадыратарлық жаңалықтарға толы, жүрекке қуаныш ұялатқан тарихи сәттен басталды.
Сыр өңірінде өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының қолынан «Шапағат» медалін алдым.
Бұл марапат жеке жетістігім емес, ең алдымен, мені үнемі қолдап келе жатқан жақындарымның, әріптестерімнің және ел бірлігі жолында талай жылдар бірге еңбек етіп жүрген жандардың ортақ еңбегіне берілген баға деп білемін.
Жоғары марапат маған ел игілігі жолында аянбай қызмет етуге, қоғамдағы бірлік пен татулықты нығайтуға, азаматтардың мемлекетке деген сенімін арттыруға бағытталған еңбегімді жаңа жауапкершілікпен жалғастыруыма зор серпін береді.
Осы ретте «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі жылдар бойы жастар арасында ынтымақты нығайтуға, қоғамдағы өзара түсіністік пен келісімді сақтауға өлшеусіз үлес қосып келеді. Сондай-ақ жастар отаншылдық пен ынтымақтастық, жасампаздық пен жауапкершілік сияқты басты құндылықтарды дәріптеу жолында айрықша рөл атқаруда.
«Ассамблея жастары» еліміздегі бірқатар маңызды жобалардың бастамашысына айналды. Қазір республикалық ұйым 10 мыңға тарта жасты біріктіріп отыр.
Өңірдің дамуына жастардың қосар үлесі қомақты, олар – қоғамның қозғаушы күші. Сондықтан олардың қызығушылықтарына құлақ түріп, дамытуға жол ашу аса маңызды.
Былтыр «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі алғаш рет Париж төрінде, ЮНЕСКО штаб-пәтерінде Қазақстан жастарының жаңа белесі белгіленді. «Қазақстан жастары арасындағы мәдениетаралық диалогтың үздік тәжірибелері» атты дөңгелек үстел тек ресми шара ғана емес, еліміздегі жас ұрпақтың әлемдік деңгейдегі үнін танытқан маңызды оқиға болды.
Бұл – екі жыл бойы жүргізілген жүйелі жұмыстың шарықтау шегі. Қазақстан халқы Ассамблеясының жанынан құрылған «Ассамблея жастары» алғаш рет осындай биік халықаралық алаңда өз жобаларын таныстырып, жаһандық деңгейде үн қатты. Ең бастысы екпін жастарға берілді. Бұл – кездейсоқтық емес, стратегиялық шешім. Бастысы жастар, еліміздің өркендеуі жолында аянбай еңбек ете береді.
Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауларында, «Түркістан» газетіне берген сұхбатында, кешегі Ұлттық құрылтайда жастарға зор сенім артатынын айтып келеді. Біздің қаламызда өткен алқалы жиын тарихымызға жазылатын маңызды оқиға болды. Онда Қызылорданың даму қарқынына Президентіміз де, келген қонақтар да жоғары баға берді. Біз туған жеріміздің әр жетістігін мақтаныш тұтамыз.
Елена ПАК,
«Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі
облыстық филиалының төрағасы






