Жастармен кездесті

469

0

Жастармен кездесті Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры Бауыржан Мастеков, «Абзал и К» компаниясының директоры Мағжан Ералиев және «Jas otan» Жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Талғат Тілесті қабылдады деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Кездесуде жастардың қоғамдағы рөлі мен игі бастамалары талқыланды. «Абзал и К» компаниясының директоры Мағжан Ерәлиев «Smart box» жобасын таныстырды.

«Жастарға өзіндік орта қа­лып­тастыратын «Smart box» жо­ба­сының мақсаты – жан-жақты дамуға жол ашу, аз қамтылған отбасы балаларына демеу болу. Мұндай орталықтар қаланың шет аймақ­тарында орналасады. Қауіп­сіздік мақсатында полиция пункттерінің жанына қойы­лады. Жобаны толықтай өзім қаржыландырамын», – деді жас кәсіпкер.

Орталық келушілері тренингтерге қатысып, бизнес-семинарларда біліктіліктерін арттыра алады. Жоба жетекшісі ба­лабақша, мектептермен әріп­­тестік орнатып, уақытты тиім­ді өткізу жолдарын айқын­дауды жоспарлап отыр. «Сол арқылы кіші буынның бейәдеп қылықтармен айналысуына жол бермейміз», – дейді жоба жетекшісі. Ал «Жас­тар ресурстық орталығы» меке­месінің директоры Бауыржан Мастеков волонтерлар қозға­лысының жұмысына тоқталды.

«Облыстың волонтерлік ұйым­дарында 10 мыңға жуық жас тіркелген. Қазіргідей қиын ке­зеңде олар да қоғамға пайдасын тигізіп келеді. Осы күнге дейін 28936 бетперде, 10 мың үнпарақ таратылды», – деді Б.Мастеков.

Айта кетейік, «Jas otan» Жастар қанатының облыстық филиалы да игі бастамалардан сырт қалған емес. Олар осы уақытқа дейін 1478 отбасыға атаулы көмек көрсеткен.

Гүлшара Әбдіқалықова жастардың ісіне береке тілеп, Волонтерлар жылында биік белестерді бағындыруға ша­қырды. Алдағы уақытта кең ауқымда кездесу өткізілетінін айтты.

Қазіргі таңда облыста 188790 жас бар. 41,4 проценті қалада, 58,6 проценті ауылдық жерлерде тұрады.

«СБ» ақпарат.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<