Жолдау дөңгелек үстел форматында талқыланды

2344

0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауының негізгі міндеттерін жүзеге асыру бойынша дөңгелек үстел отырысы өтті.

Дөңгелек үстел отырысына облыс әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, облыстық мәслихат хатшысы, басқарма басшылары, «Атамекен» облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры, бизнес қауымдастығы мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, онлайн форматта қала және аудан әкімдері қатысты.

«Президент өз Жолдауында дағдарыстан кейін экономика мен азаматтардың әл-ауқатын қалпына келтіру керектігін атап өтті. Жаңа құжат 11 басым-бағыттан тұрады. Біздің басты міндет құжаттың жүзеге асырылуын қамтамасыз ету», – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

Жолдаудың бірінші бағытында мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісін жүйелі түрде жүзеге асыру қажеттігі аталып, мемлекеттік қызметкерлерді 2020 жылы 10 пайызға, 2021 жылы 15 пайызға қысқарту тапсырылды. Осыған орай, аймақ басшысы облыс әкімінің аппарат басшысына биылғы жылғы 1 қазанға дейін 10 пайыздық қысқартулар бойынша ұсыныс беруді жүктеді.

Жолдаудың екінші бағытында атап өтілгендей, ұзаққа созылған мұнай саласының даму кезеңі аяқталды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін еместігін» нақты айтты. Бұл ретте аймақ басшысы облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасына, қала және аудан әкімдіктеріне индустрияландыру картасына талдау жасап, 2020 жылы іске қосылуға дайын тұрған жобаларды қысқа мерзімде индустрияландыру картасына енгізуді және индустриялық аймақтарды жаңа жобалармен толықтыруға жұмыс жүргізуді тапсырды.

Үшінші бойынша облыс әкімі сала басшыларына аграрлық секторға дәстүрлі қолдау көрсетумен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерін тереңдетіп қайта өңдеуді, тамақ және тоқыма өндірісін дамытуды, құрылыс материалдарын шығаруға және өнеркәсіптің өзге де салаларына баса назар аударып, тиісті шаралар қабылдауды жүктеді.

Төртінші бағытта азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты, ең алдымен, баспана мәселесіне тікелей байланысты деп атап көрсетті. Осыған орай, аймақ басшысы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жер үйлер салу үшін инженерлік инфрақұрылымды дамыту шараларын қабылдау қажет екені атап өтілді.

Бесінші бағытта көрсетілген білім сапасын дамытуға қатысты нақты атқаратын шаралар бойынша да бірқатар тапсырмалар берілді. Аймақ басшысы облыстық білім басқармасына қашықтан оқыту барысында балаларға сапалы білім беруге қажетті жағдайларды ұйымдастыруды, санитарлық талаптарды сақтай отырып, дәстүрлі оқытуға көшетін мектептердің мүмкіндігін қарастыруды және балалардың шығармашылық қабілетін шындауға және спортпен айналысуға қажет шараларды іске асырудың арнайы өңірлік жол картасын әзірлеуді жүктеді.

Алтыншы бағытта денсаулық саласын дамыту басты назарда болуы керектігі аталды. Осыған сәйкес облыс әкімі мемлекеттік жекешелік әріптестік аясында амбулатория құрылысын салу және сатып алу механиздерін пысықтаумен қатар дәрігерлерге берілетін ынталандыру көздерін әзірлеу қажеттігін атап өтті.

Жетінші бағытта экология және биологиялық қорғау мәселесі сөз болды. Бұл ретте, аймақ басшысы облыс аумағында «Қараөзек» және «Күміскеткен» су қоймаларының құрылыстарын жеделдету және балық өңдеу зауыттарын шикізатпен қамтамасыз ету үшін тауарлы балық өсірудің көлемін 2030 жылға қарай 20 есеге дейін ұлғайту міндетін қойды.

Сегізінші бағытта азаматтардың мүддесін қорғау жолында әділетті мемлекет қағидасын ұстануды тапсырылды. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» – бұл, шын мәнісінде, «Әділетті мемлекет» құру тұжырымдамасы екенін айрықша атап көрсетті. Бұл ретте аймақ басшысы барлық мемлекеттік орган басшыларына Қызылорда қаласы және аудан әкімдеріне осы бағытта жұмыстарды жандандыруды тапсырып, аймақтарда қоғамдық кеңестердің ролін арттыруға басымдық беру қажет екенін айтты.

Цифрландыру – барлық реформаның негізгі элементі және сәнге айналған үрдіске ілесу емес, ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі құралы болуы керек екені тоғызыншы бағытта көрсетілген. Осыған орай, өңір басшысы облыстық цифрлық технологиялар басқармасына 15 қыркүйекке дейін елді-мекендерді толық интернетпен қамтамасыз ету жоспарын ұсынуды тапсырды.

Ал оныншы бағытта азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысуына аса мән беріліп отыр. Мемлекет басшысы өз сөзінде «Бұл саяси реформалардың бастамасы ғана» – деп атап өтті. Облыс әкімі бұл мәселеге қатысты заңға өзгерістер енгізілгеннен кейін, ауыл әкімдерін аудандық, қалалық мәслихат депутаттары емес, жалпы сол ауылдың тұрғындары сайлайтын болатындығын айтты.

Жолдаудың он бірінші бағытында Ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру мақсатында 6 басым бағытты айқындалды. Олар: терең білімді ұрпақ тәрбиелеу, жас буынды ерінбей еңбек етуге бейімдеу, кез-келген істі кәсіби дағды арқылы жүзеге асыру, темірдей тәртіп пен жоғары жауапкершілік, әділдіктен айнымаған жөн және адалдық, ұқыптылық, тиянақтылық. Осыған сәйкес, аймақ басшысы салалық орынбасарына ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру бағытында идеологиялық іс-шара жоспарын әзірлеу жөнінде тапсырма берді.

Содан кейін сөз алған облыстық мәслихаттың хатшысы Қылышбай Бисенов әлеуметтік сала қызметкерлері жалақысын көтеру мәселесін қолдап, «Стратегиялық маңызды шешім» деген баға берді. Сондай-ақ ол отандық ғылым саласын қолдауға бағытталған тапсырмаларды ерекше атап өтті. Ал кәсіпкерлікті қолдау шараларына байланысты «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының облыстық филиал директоры Ғалымбек Жақсылықов пікірін білдірді. Оның айтуынша, облыс бойынша экономиканың аса зардап шеккен салаларында 11 мыңнан аса кәсіпкерлік субъектісі қызмет атқарады. Қазіргі күрделі ахуал кезеңінде шағын және орта бизнеске қолдау көрсету аса маңызды екенін атады. «Абай Даулет» мекемесінің директоры Мұрат Сәрсенбай жер шетелдіктерге сатылмайтындығы туралы мәлімдеме көптің күмәнін сейілткенін айтты. Сондай-ақ ауыл халқын жұмыспен қамту, тұрмыс деңгейін көтеру сияқты шешімдерін тұрғындар зор ықыласпен қабылдағанын жеткізді.

Жиын соңында аймақ басшысы Жолдаудан туындайтын міндеттерді сапалы жүзеге асыру қажеттігін атап өтті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<