Жүйелі жұмыс жүргізбеген басшыларға сөгіс жарияланды

2220

0

Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен кеңейтілген мәжіліс өтті. Күн тәртібінде аймақтағы короновирус індетімен күресу бағытындағы атқарылып отырған жұмыстар, өңір экономикасының көрсеткіші мен «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламасында жаңа жұмыс орындарын ашу мәселесіне тоқталды.

  Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының баяндамасын тыңдаған облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова короновирус індетімен күресу бағытында арнайы жоспар жасап, 3 күн мерзімде бекітуге ұсынуды тапсырды.


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында ел экономикасының жалпы 1,8%-ға төмендегенін атады. Облыста жартыжылдықтың қорытындысымен негізгі 6 көрсеткіштің 5-еуі бойынша төмендеу тенденциясы орын алған. Құрылыс жұмыстары 68,2%-ға, инвестиция тарту 49,5%-ға төмендеген. Сондай-ақ, әлеуметтік маңызы бар азық түлік тауарлары бағасы жыл басымен салыстырғанда республикалық көрсеткіштен жоғарылаған.
Аймақ басшысы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасы бойынша жыл басынан бері 19 азық-түліктің 13-не баға жоғарылағанын атады.


«Картоп 63, сәбіз бен пияз 50 пайызға қымбаттаған. Қыс немесе көктемгі тапшылық кезең емес, нағыз көкөністердің пісіп жатқан мерзімінде не деген сұмдық? Барлық аудандарда бағалардын артық өсуіне жол берілсе, соның ішінде Жаңақорғанда – 7, Арал мен Қызылорда қаласында – 6 түрлі азық-түліктің бағасы көтерілген»,- деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.
Жиында бағаны тұрақтандыру бағытында жіберілген кемшіліктері үшін Жаңақорған мен Арал ауданы әкімдеріне қатаң ескерту жарияланды. Сондай-ақ, аймақ басшысы Қызылорда қаласы мен аудан әкімдеріне көкөніс және басқа да әлеуметтік азық-түлік бағаларын тұрақтандыруды,негізсіз баға өсімі фактілері бойынша шаралар қабылдауды тапсырды. Сонымен қатар, көршілес облыстарға шығып, халықты қолжетімді бағадағы арзан өнімдермен қамтамасыз ету үшін 3 күн уақыт берді.


  Статистикалық есеп бойынша облыста 89 623 га күріш егілген. Оның 8 492 га көлемі артық. Шиелі ауданы 12 200 га жерге күріш еккендігі туралы есеп бергенімен, нақты 14 353 га сыр маржаның орналастырып 2000 гектардан астам жерге артық күріш еккен. Осыған орай, қазіргі уақытта Шиелі ауданындағы 3 шаруашылықтың 720 гектардан астам егілген күрішіне су жетпей, күйіп кеткен.
Өңір басшысы берілген тапсырманы мерзімінде орындамай, күріш көлемін қолдан ұлғайтып, су тапшылығына әкеп соқтырғаны үшін Шиелі ауданының әкіміне «сөгіс» жариялады.

 
  Кеңейтілген Үкімет отырысында ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін іске қосылған «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының жүзеге асырылуы сынға алынды. Соңғы 6 айда облыста бағдарлама аясында құны 788,6 млн.теңгені құрайтын 37 жоба мақұлданған.


         Облыс әкімі жобаның басым бөлігі Жаңақорған ауданында жүзеге асып отырғанын айтты. Кейбір аудандарда әлі күнге бір жобаның жоқтығын сынға алды.


«Арал ауданында бірде-бір жоба жоқ. Бұл мемлекеттік бағдарламаның орындалмағанын білдіреді. Мұхтар Әуесұлы жоғарыда аталған қатаң ескертуді ескере келе, сізге сөгіс жариялаймын. Келесіде көрсеткіш төмендеген жағдайда бұдан да қатаң тәртіптік жауапкершілігіңіз қаралатын болады. Бұл барлық басқарма басшылары мен қала, аудан әкімдеріне қатысты. Сондай-ақ, «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында жеңілдетілген несиелендіру бойынша жұмыстар күшейтілсін. Қызылорда қаласы 10 млрд. теңге, ал барлық аудан әкімдіктері 2 млрд. теңгеге жуық межені игеру бойынша жұмыстарды жалғастыруы тиіс.»,- деді облыс әкімі.


     Мемлекет басшысы «Жұмыспен қамту жол картасының» жүзеге асырылу барысында да көптеген мәселе бар екенін және тұрақты жұмыс орындарын көбейтуді тапсырды. «Жұмыспен қамту Жол картасы» аясында облысқа 276 жобаны жүзеге асыруға 37 млрд-қа жуық қаржы бөлінген. Бұл қыруар қаражат пандемия уақытында 9300 жаңа жұмыс орындарын ашып, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталып отыр. Бүгінгі таңда 276 жобаның 270-сі бойынша жұмыстар басталған. Жол картасы аясында жұмыс орнын құру көрсеткішкері Қызылорда қаласында 39,4 және Арал ауданына 46,1 пайыз.


Өңір басшысы барлық аудан және қала әкіміне осы айдың соңына дейін ашылған жаңа жұмыс орындарын 50 пайыздан асыруды тапсырды.


«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында халықты тұрақты жұмыспен қамтудың көзі – бос жұмыс орындар. Бірінші жартыжылдықта 4058 ғана адам жұмысқа орналасқан, ал жылдық жоспар 13 900 адам болса, бұл жоспардың үштен бірі де орындалмаған. Ең төмен көрсеткіштер Қазалы, Қармақшы және Сырдария аудандарында болып отыр. Сонымен қатар, жаңадан ашылған жұмыс орындарының саны жылдық жоспар бойынша 12602 болса, одан 7080 ғана орын ашылған. Ең төмен көрсеткіш Қызылорда қаласында 23 пайыз. Нұрлыбек Машбекұлы Қызылорда қаласы әрқашанда алдыңғы қатарда болуы тиіс, жұмыс жасаңыз»,- деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.


         Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жобаларының жүзеге асырылу барысында мемлекеттің міндеттемелеріне қатысты мәселесін жан-жақты зерттеуді тапсырған болатын.

Аймақта
мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 57 жобаның 38-і толықтай іске қосылған. Бүгінгі таңда жобалар бойынша қабылданған мемлекеттік міндеттемелердің сомасы 16,5 млрд. теңгені құрайды.
Аймақ басшысы бюджет шығыстарын оңтайландыру мәселесі Президенттің тікелей бақылауында болатынын ескертті. Сонымен қатар, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасындағы барлық кемшіліктер түзеліп, жыл соңына дейін 250-ден астам тұрғыны бар елді мекендер сапалы интернетпен қамтылуы қажеттігін тапсырды.


«Қызылорда облысында жер қатынастары бойынша геопорталды толықтыру жұмыстары 10 пайызға орындалған. «Өңірлік геоақпараттық жүйені» құру цифрлық технологиялар басқармасына тапсырылған болатын. Жұмыстарды бастауға бюджеттен тиісті қаржы да 35 млн. теңге бөлінген. Геопорталды құруға мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланғанымен әлі нақты тиісті жұмыстар басталмаған.Осыған байланысты, цифрлық технологиялар басқармасына конкурс нәтижесімен мердігерді анықтап, жыл соңына дейін геопорталды құру жұмыстарын тапсырамын. ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп жаңа оқу жылы басталар алдында 25 тамызға дейін тиісті шаралар қабылдауға тиіспіз», – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<