Жыл соңына дейін екі елді мекен газдандырылады

401

0

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Жаңақорған ауданына жасаған жұмыс сапары аясында кенттегі автоматты газ тарату станциясына барып, Бірлік, Қыраш елді мекендеріне ауылшылык газ тарату желілері жұмысын бастау рәсіміне қатысты.

Алдымен аймақ басшысы аталған елді мекен тұрғындарымен кездесіп, пікірлесті. Мұнан соң, өңір басшысына ауданды газдандыру бойынша атқарылған жұмыстар баяндалды.

Бүгінде табиғи газды облыс халқының 67 пайызы тұтынады. Биыл ауылдық елді мекендерді газдандыру бойынша 13 жоба іске асырыла бастаса, оның 7-уі осы жылы аяқталмақ. Нәтижесінде, 15 мыңнан астам халқы бар 7 елді мекен табиғи газға қол жеткізіп, оны тұтынатын халық санының үлесі 68 пайызға жетеді.

Облыс әкімі газ құбырын салу ісіне жауапты мердігер компанияға жұмыстың сапалы әрі уақытында аяқталу керектігін қаперге салды.

Бүгін басталған жұмыстар нәтижесінде Бірлік елді мекеніндегі 6 әлеуметтік нысан, 440 тұрғын үй, Қыраш елді мекеніндегі 5 әлеуметтік нысан мен 124 тұрғын үй газдандырылады.

Айта кетейік, бүгінде Жаңақорған ауданын табиғи газбен қамту үлесі 34,2 пайызды құрайды. Қазір Төменарық, Шалқия, Құттықожа, Жайылма, Кейден ауылдарына газ желісін тарту жобалары әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытындылары алынған. Ендігі кезекте республикалық бюджеттен қаржыландыру жұмыстары жүргізіледі.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<