Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Қызылорда қаласындағы әлеуметтік нысандарды аралау жұмыстарын жалғастырды.
Алдымен аймақ басшысы сол жағалау бойында жаңадан салынып жатқан 14 арендалық тұрғын үйлердің құрылысымен танысты. Жалпы алаңы 40,4 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үйде 780 пәтер бой көтереді. Баспаналарды салуға 8 млрд 322,6 млн теңге қаржы бөлінген.
Өңір басшысы пандемия кезеңіне қарамастан тұрғын үйлерді салу тоқтамайтынын айтып, қала әкімі мен мердігер компания басшысына құрылыс жұмыстарын сапалы орындау және уақытылы аяқтау қажеттігін қаперге салды.
Мұнан кейін Гүлшара Әбдіқалықова сол жағалаудағы автономды блокты-модульдік қазандықты көрді. Тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды жылу жүйесіне қосатын қазандықты «Ария Жаңа Астана» ЖШС мердігер компаниясы үйлестіреді. Жобаның жалпы құны 2 млрд 438,5 млн теңгені құрайды.
Облыс әкімі қала көшелеріндегі абаттандандыру жұмыстарына да мән берді. Ең әуелі Ы.Жахаев пен Әйтеке би көшелеріне барып, көшедегі көркейту бағытында атқарылған жұмысты көрді. Бүгінде көше бойында 250-ге жуық жарық шамдары орнатылып, 3 субұрқақ салынған. Ал, Әйтеке би көшесінде 100-ден аса түнгі жарық шамдары орнатылған. Сондай-ақ, заманауи үлгідегі орындықтар мен қоқыс жәшіктері де қала сәулетіне сән беруде.
Гүлшара Әбдіқалықова келесі бағытты бірнеше шағын өндіріс орындарына бұрды. Алдымен Талсуат ауылдық округіндегі «Сыр маржаны» ет комбинатының құрылыс жұмысымен танысты. Комбинат ауысымына 5 тонна ет өнімдерін өндіруге қауқарлы. Өндіріс орны 250 бас ірі қара малы мен 1000 бас ұсақ мал союға мүмкіндігі бар. Шағын комбинаттағы өнімдердің 70 пайызы ішкі нарыққа, 30 пайызы экспортқа жөнелтіледі. Бүгінгі таңда ет комбинатының құрылысы 30%-ға аяқталған. Қажетті жабдықтар толық алынып болғаннан кейін нысан 2021 жылдың желтоқсан айында пайдалануға беріледі.
Мұнан кейін облыс әкімі Ә.Қашаубаев көшесінің бойында орналасқан шыны зауытына барды. Өндіріс жылына 197 100 тонна табақша шыны шығара алады. Мұнда табақ шыны, энергия үнемдейтін шыны, айна мен ламинатталған шыны өндіреді.
Қазіргі таңда құрылыс алаңында жабдықтау жұмыстарына 91 жұмысшы тартылған. Бүгінде зауыт құрылысы 78%-ға аяқталып отыр. Балқыту ваннасы мен күйдіру пешін монтаждау жұмыстары аяқталғаннан кейін зауыт толықтай іске қосылады. Айту керек, балқыту ваннасы және күйдіру пешін монтаждау үшін 4 ай уақыт және жылы режим жағдайы қажет. Шыны зауытындағы жұмыстарды саралаған облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова орынбасары Нұрлан Тілешовке жабдықтау жұмыстарын нәтижелі аяқтап, зауыт жұмысын мерзімінде аяқтау қажеттігін тапсырды.
Облыс әкімі қала нысандарын аралау сапарын «Бақытты отбасы» орталығында қорытындылады. Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы түрлі санаттағы отбасыларға құқықтық, әлеуметтік, психологиялық көмектер береді. Бұл үшін орталықта 66 маман жұмыс атқарады. Гүлшара Әбдіқалықова көмекті қажет ететін, өмірде қиындыққа кезіккен отбасы мүшелерін қоғамға бейімдеу мәселесі өзекті екенін жеткізді.
Сондай-ақ, көпбалалы, әлеуметтік осал топтағы отбасылардың мемлекеттік қызмет алудағы кейбір қиындықтарды жою және көмек беруде орталық жұмысының маңызды екенін алға тартып, әлеуметтік қызметтерді көрсетудің тиімділігін әлі де арттыруды ұсынды. Яғни мемлекет қолдауымен іске асырылатын жобалар нәтижелі әрі уақытылы аяқталуы қажет екенін атап өтті.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<