«Мәртебелі ұстаз – ел мерейі» салтанатты шарасында ұстаздар арасында өткен конкурс нәтижесінде үздіктер марапатталып, облыс әкімінің қолынан төсбелгі мен қаржылай сыйақыны иеленді. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова аймақтың білім саласының дамуына ерекше үлес қосқан ұстаздарға құрмет көрсетті.
Педагогтардың кәсіби қызметін қолдау мен білім саласындағы елеулі еңбегіне орай ұстаздар арасында конкурстық негізде алғаш рет аймақтың ерекше төсбелгісі тағайындалды. Бұл марапат еңбегімен ерекшеленген 100-ден аса ұстаздар ішінен лайықты құрметке ие болған ұстаздарға берілді.
Байқау талабына сәйкес үздіктерді анықтау ҚР Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен бекітілген республикалық конкурстардың тізіліміндегі олимпиадалар мен ғылым жобалар, жарыстар, кәсіби конкурстардың жүлдегері атанған ұстаздарға табысталды.
Конкурстық комиссия шешімі негізінде лайықты 12 ұстаз «Қызылорда облысының білім беру саласын дамытудағы еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері атанды. Олардың қатарында №23 мектеп-лицейдің мұғалімі Айгүл Қиясова, Қазалы ауданы, №226 мектеп-гимназия мұғалімі Нұргүл Балғараева, Шиелі ауданындағы №47 мектеп-лицей мұғалімі Фатима Қасқабаева, «Алпамыс» балабақшасының тәрбиешісі Қалдан Тұяқбаева да бар.
Сондай-ақ, шарада тұңғыш рет аймақ басшысының атынан 10 ұстаз 300 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі, яғни 833 мың теңгені құрайтын бірретік сыйақыны алды. Қаржылай сыйақыға 10 ұстаз лайық деп табылды. Олардың қатарында Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінің бірлестік меңгерушісі Перуза Арғынбаева, Сырдария ауданы, №137 орта мектеп мұғалімі Ербол Сайлауұлы, Арал ауданы, №14 мектеп-лицей мұғалімі Жанна Қонарова бар.
Үздік ұстаздар анықталған конкурс ашық түрде ұйымдастырылған. Лайықтыларды анықтау комиссиясы құрамында тәжірибелі ұстаздар, қоғамдық кеңес төрағасы, облыстық мәслихат депутаты, Қызылорда облысындағы білім мен ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы, облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрайымы, журналистер, «Ақмешіт – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі болып, еңбегімен еленген ұстаздарды сараптады.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<