Кеше баспасөз орталығында облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов және облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев жергілікті атқарушы органның «Әкімдік гранты» туралы БАҚ өкілдеріне баяндап берді.
Айталық, аймақтың 2020–2023 жылдарға арналған еңбек ресурстарының балансына сәйкес және алдағы уақытта өңірде жүзеге асырылатын бірқатар инвестициялық жобалардың іске қосылатынын ескере келе, биылғы жылға халықтың осал топтарынан шыққан 150 студентті өңірге қажетті мамамандықтар бойынша оқыту үшін әлеуметтік көмек көрсетуге облыстық бюджеттен 97,8 млн теңге қаражат бөлініп отыр.
Облыс әкімінің 150 оқу гранты былайша бөлінді: Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне – 70, Дәстүрлі өнер институтына – 15, «Болашақ» университетіне – 20, Қазақ Ұлттық аграрлық университетіне – 5, Қарағанды медициналық университетіне – 10, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетіне – 30 грант. Гранттар бойынша бакалавр академиялық дәрежесінде техникалық, ауыл шаруашылығы, педагогика, өнер, әскери іс және қауіпсіздік, қызмет көрсету, ветеринария, медицина салаларының мамандары даярланатын болады.
Облыс әкімінің грантына кімдер үміткер бола алады? Бірінші кезекте балалар үйінің тәрбиеленушілері (отбасы үлгісіндегі балалар ауылы мекемесінің түлектері), мүгедектігі бар балалар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, асыраушысынан айырылған отбасылардың балалары, ата-анасының екеуі немесе біреуі зейнеткер балалар, сол секілді, ата-анасының екеуі немесе біреуі мүгедек тұрмысы төмен отбасының балалары, көп балалы отбасы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар үміткер бола алады.
Облыс әкімінің грантын тағайындау барысында талап етілетін ең басты шарт: балалар Ұлттық бірыңғай немесе кешенді тестілеуден кемінде 50 балл жинау қажет. Сондай-ақ, «Ауыл шаруашылығы», «Ветеринария» мамандықтарына – кем дегенде 60 балл, «Педагогикаға» – кемінде 70 балл, «Медицинаға» – кем дегенде 65 балл болуы керек. Аталған санаттар бойынша әлеуметтік көмек тағайындау отбасының өткен тоқсандағы табыстарын ескере отырып жүргізіледі.
Әлеуметтік көмекті тағайындау үшін құжат қабылдау осы жылдың 12-20 тамыз аралығында аудандар мен Қызылорда қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінде жүргізіледі. Талапкерлер тапсыратын құжаттар тізбесін осы бөлімдерден алады.
Грантты тағайындау туралы шешімді конкурстық негізде жергілікті аудан және қала әкімдіктері жанынан құрылған арнайы комиссия қабылдайды.
Үміткерлерді ҰБТ, кешенді тестілеу нәтижесі, жеке жоғары жетістіктері, әлеуметтік жағдайы, отбасының табыс деңгейі – іріктеудің негізгі критерийлері.
Қосымша сұрақтар бойынша облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының 8(7242) 27-01-11 телефонына хабарласуға болады.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<