2021 жылы магистратура және докторантураға түсу ережелері қандай?

2090

0

Sputnik Қазақстан биылғы тестілеудегі өзгерістерге шолу жасады.

Магистратураға қашан құжат тапсырады

Магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеуге қатысу үшін тіркеу 18 маусымда басталады. Тіркеу білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz (https://app.testcenter.kz/language-select ) сайтында жүргізіледі.

Емтихан 20 шілдеде басталып, 10 тамызға дейін жалғасады.

Биыл магистратураға түсу форматына өзгеріс енгізілген жоқ. Тестілеу нәтижесімен келіспеген талапкер кешенді тестілеу аяқталған соң 30 минуттың ішінде апелляцияға өтініш бере алады.

Магистратураға түсу неше кезеңнен тұрады

Магистратураға түсуге арналған тестілеу 3 бөлімнен тұрады:

шет тілінен тест;
оқуға дайындығын анықтауға арналған тест;
білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша тест.
Емтихан тапсыруға 4 сағат беріледі.

Шет тілін меңгергенін растайтын халықаралық сертификаты бар талапкер шет тілі бойынша кешенді тестілеуден босатылады.

«Магистратураның білім беру бағдарламалары бойынша оқуға түсу үшін халықаралық сертификаттарды ұсынуға немесе кешенді тестілеу барысында шет тілінен тест тапсыруға болады», – деп хабарлады министрлік.
Магистратураға үміткерге шет тілі бойынша автоматты түрде 50 балл берілуі үшін кемінде IELTS 6.0, IELTS INDICATOR 6.0, TOEFL ITP 543, TOEFL IBT 60, TOEFL PBT 498 болуы керек.

Магистратураға түсу бойынша шектік бал – 75 балл. Ақылы негізде оқуға түсу үшін 50 балл жинау қажет.

2021-2022 оқу жылына магистратураға 13 263 грант бөлінген.

Докторантура емтиханы жаңа форматта өтеді

Докторантураға өтініш қабылдау 3 шілдеде басталып, 3 тамызға дейін жалғасады. Докторантураға түсу емтихандары 4-20 тамыз аралығында өтеді.

Талапкер докторантураға түсу үшін бір ғана жоғары оқу орнын және бір білім беру бағдарламасын таңдай алады.

Докторантураға түсу үшін өтініштер жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиясы арқылы қабылданады. Содан кейін өтініштер Ұлттық тестілеу орталығының ақпараттық жүйесінде тіркеледі.

Үміткерлер емтиханды өңірлік тестілеу орталықтарында тапсырады. Тестілеу компьютерлік форматта өтеді.

Мәдениет және спорт министрлігі мен денсаулық сақтау министрлігіне ведомстволық бағынысты жоғары оқу орындарына түсушілер емтихандарды өз жоғары оқу орындарының базасында тапсырады.

Оқуға тапсыруға ниетті әрбір үміткерге жеке кабинет ашылады. Емтихан тапсыратын күнді Ұлттық тестілеу орталығы бекітеді. Емтихан бағдарламасы мен кестесі емтихан алдында жеке кабинетке жіберіледі.

Грантқа түсу үшін 75 балл жинау керек

Докторантураға магистр дәрежесі және кемінде 9 ай жұмыс өтілі бар үміткерлер тапсыра алады. Ал медициналық мамандықтар бойынша резидентурада оқуын аяқтаған тұлғалар қабылданады.

«Кем дегенде 9 ай еңбек өтілінің уақыты оқуға түсушінің жалпы еңбек өтіліне қатысты», – деп нақтылады білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі.

Білім және ғылым министрлігінің ақпаратына сәйкес, докторантураның білім беру бағдарламалары бойынша оқуға түсу үшін шет тілін меңгергенін растайтын сертификат міндетті.

Айта кетейік, Duolingo English Test 2021-2022 оқу жылында магистратура мен докторантураға түсу кезінде шет тілін меңгергенін растайтын халықаралық сертификаттар тізімінен шығарылды.

Осылайша докторантурға үміткердің шет тілін меңгергені кемінде IELTS 5,5, IELTS INDICATOR 5,5, TOEFL ITP 460, TOEFL IBT 46, TOEFL PBT 453 болуы керек.

Докторантураға оқуға түсу емтиханының ең жоғары көрсеткіші – 100 балл. Оның ішінде эссе – 20 балл, докторантурада оқуға дайындығын анықтауға арналған тест – 30 балл, бейінді емтихан сұрақтары – 50 балл.

Докторантураға түсу емтихандары ҰБТ-ға қойылған талап негізінде Ұлттық бірыңғай тестілеу жүргізілген пункттерде өтеді.

«Бұл бізге докторантураға ең мықты және лайықты үміткерлердің оқуға түсуіне тиісті жағдай жасауға мүмкіндік береді деп ойлаймын», – деді білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.
Тапсырмаларды талапкер компьютер арқылы бейнекамера алдында отырып жазады. Емтихан тапсыруға 4 сағат беріледі.

Грантқа түсу үшін шектік балл 75 балды құрайды. Ал оқуға ақылы негізде түсу үшін шекті балл – 50.

2021-2022 оқу жылына PhD мамандарын даярлауға 1 890 мемлекеттік грант бөлінді. Қай салаға қандай көлемде грант бөлінетіні қазір бекітіліп жатыр, толық нұсқа баспасөз беттерінде жарияланады.

Шәкіртақы көбейеді

2021-2022 оқу жылында студенттердің шәкіртақысы 20%-ке артады, енді олар 31 мың теңгеден артық алады. Магистранттар мен докторанттар үшін стипендия көлемі 15%-ке жоғарылайды. Енді магистранттар 76 мың теңгеден артық, ал докторанттар 172 мың теңгеден астам шәкіртақы алады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<