3 миллион теңгенің сертификатын иеленді

788

0

Қызылордалық педагогтар республикалық білім сынында аймақ абыройын тағы бір асқақтатты. «Үздік педагог-2022» республикалық байқауына қатысқан 123 мұғалімнің арасынан сырбойылық 4 ұстаз жеңімпаз атанып, төсбелгі тақты. Олардың әрқайсысы 3 миллион теңгенің сертификатына ие болды.

Байқаудағы биылғы ерекшелік – әр өңірден барған ұстаздар елорда мектептерінің бірінде ашық сабақ өткізіп, әдісімен бөліседі.

30 жылға жуық білім саласында тәжірибесі қалыптасқан Қызылорда қаласындағы №23 мектеп-лицейінің биология пәнінің мұғалімі Райкүл Қиясова үздіктер қатарынан көрінді. Ол бұған дейін Польша республикасының Варшава қаласында өткізілген еуропа елдері арасындағы ІІІ олимпиаданың жеңімпазы атанып, аймаққа олжалы оралды.

Сондай-ақ, «Үздік авторлық бағдарлама» республикалық конкурсының ІІ дәрежелі жеңімпазы. «Қызылорда облысының білім беру саласын дамытудағы еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталған.

«Үздік педагог» байқауының тағы бір жеңімпазы ауыл мектебінің мұғалімі – Салтанат Қосжанова. Ол Жалағаш ауданындағы №123 мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша сабақ береді.

3 миллион теңгенің сертификатын иеленді

Ол 2005 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің филология факультетін «Қазақ тілі мен әдебиеті, шетел тілі» мамандығы бойынша бітірген. 2010 жылы оқу орнына білім грантымен магистратураға түсіп, гуманитарлық ғылымдар магистрі дәрежесін алды. Салтанат еңбек жолын 2005 жылы Астана қаласындағы №49 орта мектептен бастап, 2007 жылы Астана медицина университетінің «Шетел тілдер» кафедрасында ағылшын тілінен оқытушы болды. Ал, 2012 жылы өзі оқыған білім ордасы – Т.Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейге қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып орналасты.

Білім саласында 17 жылдан астам еңбек етіп келе жатқан ол өз ісіне берілген ұстаз ғана шәкіртінің санасына сәулелі ой салып, әр баланың жұлдыз болып жарқырауына жәрдемдесетінін айтады. Педагогикадағы үздік тәжірибесі ескеріліп, «Қызылорда облысының білім беру саласын дамытудағы еңбегі үшін» төсбелгісін алған.

«Педагогикалық идеялар фестивалі» республикалық конкурсының ІІІ дәрежелі жеңімпазы атанған.

Елордадан жеңіспен келгендердің бірі педагогикада 20 жылдан бері шәкірт тәрбиелеуде. №9 дарынды балаларға арналған облыстық «Білім-инновация» лицей-интернатының география пәнінің мұғалімі Ләззат Құлымбетованың аймаққа есімі белгілі.

3 миллион теңгенің сертификатын иеленді

Ұлағатты ұстаздың шәкірті Ерасыл Сапарбеков Стамбул қаласында өткен 17 Халықаралық олимпиададан ІІІ орын иеленген және Халықаралық зияткерлік олимпиадада жеңімпаз атанғаны үшін ҚР Президент марапатын иеленген.

Өңір атынан республикалық додада топ жарған Мәншүк Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің педагогика пәнінің оқытушысы Ұлжан Есмаханова «Үздік ұстаз» атанды. Оның педагогикалық тәжірибесі республикалық денгейде бірнеше мәрте таратылған. «Worldskills Kyzylorda – 2020» облыстық чемпионатының жүлдегерлерін дайындаған. «2021 жылдың қорытындысы бойынша «Жыл үздігі» номинациясына ие болған.

Айта кетейік, аймақта облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен жыл қорытындысы еңбегімен көзге түсіп, білімімен топ жарған 10 ұстазға желтоқсан айында бірреттік 900 мың теңгенің ақшалай сертификаты табысталады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<