Абыройлы еңбектің зейнеті

1624

0

Адам баласы туғанда әлемге танылардай, әлемді танырдай, әлемге сіңердей қабілетпен келері анық. Әсілі, толғана келіп баршаға берілген мүмкіндіктің бәріне бұйыра бермесі мінезден болса керек деп топшыладық. Қайсарлық пен қайратты әділдікке серік еткен мінез, ар жолы мен заң жолын тоғыстырар тәртіп, риясыз берілер ілім, бастысы ізгілік пен мейірімге толы жүрек иесі қимастық сезім сыйлай алады. Сондай қасиеттерді бойына жинап, ұжымның ықыласына бөленген ұлағатты ұстаз, ақылшы ана, №277 мектеп-лицейінің басшысы – Тілеуғабылова Жұмагүл Қосжанқызы.

Ол 1962 жыл 5 сәуірде Төретам қыстағында дүниеге келген. Қызылорда қаласындағы педагогика институтының филология факультетін тәмамдап, еңбек жолын Ақай аулындағы №99 мектеп қабырғасынан бастаған. Осы мектепте орыс тілі пәнінен сабақ бере жүріп, қоғамдық іс-шараларға белсене араласып, өзінің жаңалыққа жаны құмар, ізденімпаз екендігін таныта білді. Еңбегі еленген ұстаз қаламыздағы білім беру мекемесінде әдіскер болып еңбек жолын жалғады. Өз мамандығына деген сүйіспеншілік мектеп қабырғасына қайта оралтып, ағартушылық қызметін №14 бастауыш мектебінде директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып жалғастырды. 2000 жылдан бастап осы мектептің директоры болып тағайындалған Жұмагүл Қосжанқызы  жұмысты жандандырып әкетті. Жаны жайсаң, мейірімді, жаңашылдыққа жаны құмар, жүйелі талап қоя білетін іскер басшы білім мен тәрбиенің сапалы болуына ерекше күш салып, ұжымда ауызбіршілік пен ынтымақ орнатты. «Кембридж» инновациялық көшбасшылық деңгейлі, заман талабына сай білікті басшы Қармақшы аудандық мәслихатының депутаты қызметін де абыроймен атқарды.

2013 жылы ашылған мектептің басқару ісін дөңгелентіп әкетті. Тәжірибе жинақтап қана қоймай, білгенін, түйгенін өзгелерге үйретіп, риясыз жанашырлық пен салмақты көзқарасты қатар ұстап, өзіне қандай талап қойса, өзгеден де соны талап етіп, орындатты.

Ол тәрбиенің алтын діңгегі ұлттық тәрбие тағылымын дәріптейді. Ұстаз тәрбиесін алған біздің ұжым мүшелері бүгінде оқ бойы озық маманға, ұлт болашағын тәрбиелеуде өзіне жоғары талап қоя білетін тұлғаға айналып отыр.

Білікті басшы оқушылар мен ұстаздардың білімі, біліктілігіне ғана емес, жүріс-тұрысы мен киім-киісіне де қатаң талап қойды, үлкен ұжымды сыйластық, әдеп арнасына бойлатуға еңбек сіңірді. Алдына барған әр жанның жүрегіне үңіліп, сергелдеңге түсіретұғын мәселелердің жауабын іздеп, оң бағыт-бағдар, аналық ақыл, түзу жол нұсқау арқылы барша ұжымның ақылшысына айналды.

Білім ордасы бүгінде республика деңгейінде маңызға ие құтты шаңырақ болып отыр. Сапа үшін жұмыс жасайтын бұл мектептен 2015 жылдан күні бүгінге дейін 26 «Алтын белгі», 21 «Үздік аттестат» иегері, халықаралық, республикалық білім, мәдени-спорттық сайыстардың бірнеше мәрте жеңімпаздары түлеп ұшып, бірі білікті маманға айналса, енді бірі алдыңғы қатардағы университеттердің грантын жеңіп алып, елдегі ғылымның дамуына елеулі үлес қосып келеді. 2022-2023 оқу жылының өзінде 60 бітіруші түлектің ішінен 54 оқушы мемлекеттік грант иегері атанып, әртүрлі салада білім алуда. Бұл – білім сапасының жоғары көрсеткіші.

Білім ошағы «Үздік мектеп – 2015», «Үздік білім ордасы – 2016», облыстық білім басқармасы мен облыстық кәсіподақ комитетінің «Жыл таңдауы – 2018» қорытындысы бойынша «Ынтымағы жарасқан ұжым», «Жыл үздігі – 2019», «Әлеуметтік әріптес – 2020» номинацияларының иегері атанған. 2018-2019 оқу жылының облыстық конкурсының қорытындысымен «Орта білім беретін үздік ұйым» жеңімпазы атанып, 17 миллион теңге сертификатын иеленді. 2021 жылы да «Үздік идеялар жаршысы» номинациясымен, «Жылдың ең үздік ұйымы – 2021», «Ең үздік қала мектебі – 2022», Қазақстандағы «Ең үздік 100 мектеп – 2022» номинациясы, «Озық идеялар мен технологиялар ордасы», жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың ІІІ (облыстық) кезеңінде керсеткен нәтижелері үшін «Білім шыңы – 2022» номинациясымен, Жұмагүл Қосжанқызы «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Ұстаздық жолының даралығын айқындайтын құрметті «Алтынсарин» төсбелгісі де –  ұстаздың кәсіби шыңға жеткенінің көрсеткіші. Бұл жетістіктер болашақ қамы үшін жасалған үлкен еңбектің нәтижесі деп нық сеніммен айта аламыз.

Ғибратты ғұмырын өнегеге айналдырып, өмірлік миссиясын дұрыс таңдай білген, ізгілікке толы өмірін білім беру ісіне арнаған жанашыр ұстаз, ардақты ана, білікті басшымызға зейнеттің тек тәтті жемісін, немере-шөбере күлкісіне толы шаңырақтың шаттығын, аласармас абырой биігін тілейміз. Алладан келген мәртебелі мамандықты абыроймен алып жүріп, көпшіліктің көңілін таба алғаныңыз, мектеп атағын асқақтатып, баршамызға үлгі бола білгеніңіз, биік талғамы бар басшы болғаныңыз үшін ерекше алғыс білдіреміз.

Жұма МАХАМБЕТОВА,

Тоғжан СЕРІКОВА,

№277 мектеп-лицейінің мұғалімдері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<