Ауыл шаруашылығы – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ґлемдік деңгейдегі бірден-бір ґлеуметтік-экономикалық маңызы зор сала ґрі тұрақтылық кепілі. Табиғи-биоклиматтық мол қорға ие еліміздің жґне аймақтың бүгінгі күрделі кезеңде халықаралық азық-түлік нарығында ірі ойыншыға айналуы бек мүмкін.
Ендігі кезекте мемлекет, ғылым, білім, өндіріс, қаржылық институттардың осы саланың бәсін барынша жоғарылатуға атсалысуы қажет екені өзінен-өзі түсінікті. Еліміздің білім саласында жүргізіліп жатқан реформалардың мақсаты – бәсекеге қабілетті мамандар даярлауды қамтамасыз ету десек, «Бәрін де кадрлар шешеді» деген тұжырым аграрлық сала үшін де өміршең. Көзделген меже үдесінен шығуда жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасы ең маңызды рөл атқарады.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіндегі агробиологиялық орталық – университет қалашығы жобасының жемісі. Біздің аймақта аяқсу мәселесі қашан да өзекті болғандықтан, бастапқы кезеңде өндірістегі жанашыр азаматтардың қолдауымен орталық аумағына екі ұңғыма (скважина) орнатылды. Әлі күнге бірден-бір суландыру көзі – солар. Орталық құрамына агробиологиялық учаске мен жылыжай шаруашылығы кіреді. Канадалық әріптестердің қолдауымен салынған жылыжай шаруашылығында осы кезге дейін халықаралық қаржы институттарының, түрлі деңгейдегі бюджеттердің қаржыландыруымен бірнеше ғылыми жоба орындалды. Бұған қоса, студенттер асханасын экологиялық таза көкөністермен де қамтамасыз етіп келеді.
Агробиологиялық учаскеге әртүрлі ағаш көшеттері отырғызылып, олар бой түзегесін бұл жер маңайындағы үйлердің тұрғындары серуендейтін орынға айналды. Сонымен қатар, білім алушылардың кәсіптік практикалары өткізіліп, магистранттар мен докторанттар зерттеулерінің қажеттілігіне қарай сынақ-тәжірибелік алаңдары ретінде пайдаланылып отырды. Алайда, уақыт өте келе, өсіп тұрған ағаштар тоза бастады. Себептеріне келсек, басқаларын айтпағанда, ең алдымен, химиялық құрамы қолайсыз жерасты суының жақын орналасуынан топырақтың екінші қайтара тұздануы және өзеннен келетін химиялық микроэлементтерге бай аяқсудың болмауынан топырақ құнарының төмендеуі дер едік. Өз кезегінде тәжірибелік танаптарды экологиялық сауықтыру қажеттігі жыл өткен сайын өткірлене түсті. Тиісті агротехникалық іс-шараларды атқаруда қаржы тапшылығы қол байлап келгенін несін жасырамыз?!
Биыл университет ректоры Б.Каримованың бастамасымен орталықты әлемдік, отандық тәжірибелерге сай инновациялық-технологиялық, оқу-тәжірибелік кешенге айналдыру жұмыстары қолға алынды. Жаңа мазмұндағы даму бағдарламасының басым бағыттарына тоқталсақ, біріншіден, білім алушылардың теориялық білімдерін оқу, зерттеу, ғылыми тәжірибелерді жүргізу арқылы бекіту. Екіншіден, білім бағдарламаларын ғылымиландырылған білім беру тұжырымдамасына сүйеніп жүргізу, яғни, университеттегі заманауи зертханалармен бірлесе болашақ мамандардың кәсіби дайындығын өндіріс сұранысына барынша бейімдеу, шаруашылықтарға жер-су ресурстарын пайдалану бойынша қызмет көрсету мен кеңес беру. Осынау қадам жоғары білім сапасына деген сенімділікті қалыптастыруға қызмет етеді.
Үшіншіден, аймақтың қатал табиғи-климаттық, топырақ жағдайына бейімделген топырақ құнарлылығын арттыратын, өсімдіктердің өнімділігін көтеретін және ресурсүнемдеуші технологияларды әзірлеу. Ауыл шаруашылығы дақылдарының (бидай, арпа, күріш, жүгері, мақсары, түйежоңышқа, т.б.) жаңа сорттарын шығару және олардың оригиналды тұқымдарын өндіру; дақылдардың суару режимін зерттеу, суды бөлу мен басқаруды автоматтандыру, тамшылатып және жаңбырлатып суару әдістерін жетілдіру маңызды. Өндіріс орындары мен үй-жай шаруашылығының ағынды лас суларын мелиорацияда пайдалану мүмкіндіктерін зерделеу, органикалық егіншілікті, дәлдік технология элементтерін зерттеу, жылыжай жағдайында және ашық топырақта көкөніс-бақша дақылдарын өсіру барысында аймақтың биоклиматтық әлеуетін тиімді пайдалану, жаңа ағаш түрлерін жерсіндіру арқылы дендропарк үлгісін жасау, т.б. ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-эксперименттік жұмыстарды жүргізу.
Төртіншіден, Сырдариядан бастау алатын «Жібек жолы» каналынан аяқсу алу шараларын жүзеге асыру. Өйткені, бүкіл Орталық Азияның егін шаруашылығының нәрі – өзендер суы.
Бесіншіден, қазіргі заманғы автоматтандырылған метеостанса қою арқылы жаһандық жағдайдағы өңірдің климат параметрлерінің өзгеру динамикасын ұзақмерзімді бақылау. Соның нәтижесінде қоршаған ортаның өзгерістеріне негіздемелер, болжамдар жасау әрі аймақтың экологиялық жағдайын жақсарту жолдарын кешенді зерттеу.
Алтыншыдан, ғылыми зерттеулердің нәтижелерін шаруашылықтарда тираждау арқылы қосымша табыс табу және оқытушы-профессорлар, студенттер, магистранттар мен докторанттардың ғылыми еңбектерін (монографиялар, жоғары импакт-факторлы басылымдардағы мақалалар, курстық және біліктілік жұмыстары, оқу және әдістемелік құралдар) жариялау. Мұның барлығы – университет рейтингісін көтеретін көрсеткіштер.
Жетіншіден, орталық периметрін абаттандырудың кешенді шараларын қолға алу. Болашақта жарық шамдары орнатылып, демалатын орындықтар мен субұрқақтар қойылып, ғылым-білімнің тұңғиығынан сусындаған жастар мен маңайдағы тұрғындардың экологиясы жайлы, ауасы таза жерде серуендеп, дене шынықтырумен айналысуына және салауатты өмір салтына ұстануына мүмкіндік тумақ.
Қазіргі күні әлемді жайлаған індет қоғамның құндылықтар жүйесін өзгертті. Бірінші кезекке азық-түлік проблемасы, оның ішінде адамзат үшін ең маңызды деген тамақ өнімдерінің қолжетімділігі шығып отыр. Нақты объективті ақиқат сол – бұлардың барлығы ауыл шаруашылығы өндірісіне тиесілі. Сондықтан, біз әңгімелеп отырған аграрлық ғылым мен білім орталығының азық-түлік өнімдерінің технологиясы, агрономия, су ресурстары және суды пайдалану, жерді мелиорациялау, баптау және қорғау, жерге орналастыру, кадастр, органикалық заттардың химиялық технологиясы білім беру бағдарламалары бойынша озық білім мен технологияларды игерген кадрлар даярлау ісіне қомақты олжа салатынына сенімдіміз.
Жалпы, мамандықты дұрыс таңдау – табысты өмірдің кілті. Жалаң теорияны оқып, практикалық сабақтарды виртуалды өткен аграрлық сала студентінен білікті маман шыға қоюы неғайбыл. Қалай алып қарасақ та көзбен көріп, қолмен ұстаған білім ғана сіңімді. Ендеше, агробиологиялық орталықтың атқаратын рөлі өте маңызды демекпіз.
Серікбай ӨМІРЗАҚОВ,
ҚР АШҒА академигі,
техника ғылымдарының докторы,
Қали ОМАРОВ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті
«Экология және ауыл шаруашылығы
проблемалары» ҒЗИ директоры.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<