Аймағымызда жазғы мектептер жұмысын бастады

993

0

Бүгіннен бастап аймағымыздағы 295 білім беру ұйымдарында жазғы мектептер жұмыстарын бастады. Аталмыш жазғы мектеп жұмысы 19-шы маусымға дейін жалғасатын болады. Осы мақсатта бүгін БАҚ өкілдеріне арнайы ұйымдастырылған көшпелі брифингте Әли Мүслімов атындағы 101 мектеп-лицейіндегі жазғы мектеп жұмысы таныстырылды.

Аталмыш білім ордасында бүгінде бастауыш және жоғары сыныптардан барлығы 500-ге жуық оқушы қосымша дәрістер алуда. Сондай-ақ, білім алушылардың шығармашылығын дамыту үшін бірнеше үйірмелер де қамтылған. Солардың бірі – білім ордасының ұстаздары мен шәкірттері «Жасыл мектеп» жобасы аясында әртүрлі өсімдік түрлеріне тәжірбие жасап, тың дүниелермен айналысуды қолға алған.

Бүгіннен бастап жазғы мектеп өз жұмысын бастады. Білім алушыларға 23 педагог сабақ береді. Оқушылардың шығармашылығы мен ойлау қабілетін жан-жақты дамуы үшін әртүрлі үйірмелер жұмыс істейтін болады. Атап айтқанда, «Сoworking» орталығы, «Дарынды дос» жолдастық көмек көрсету жобасы, «Жасыл мектеп», домбыра сыныбы, және IT бағытындағы үйірмелер жас өрендердің шығармашылығын ұштастыруға арналған. Сондай-ақ, пәндік жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу басты назарда. Мектеп ұстаздары, өзін-өзі басқару ұйымының мүшелері, дебат клубы жоспарға сай түрлі бағытта сабақ үйретеді, – деді Әли Мүсілімов атындағы №101 мектеп-лицейдің директоры Айгүл Өткелбаева.

Айта кету керек, облыстағы 295 мектептің 117 мыңға жуық оқушысы жазғы мектепке қатысуға ниетті. Оларға қазіргі таңда 14 мыңнан астам педагог сабақ беріп, арнайы сыныптар жасақталды.

Жазғы мектеп пандемия кезінде қашықтан оқып, үлгерім нашарлаған оқушылар үшін жақсы мүмкіндік. Осы орайда оқу пәндері бойынша күніне 3-4 сабақ 40 минуттан өткізіледі. Оқушыларға үй тапсырмасы берілмейді. Сонымен қатар еркін киім үлгісін киюге рұқсат берілген. Айта кететін жайт, мұғалімдерге еңбек ақы толық төленетін болады. Кезекті еңбек демалысының күндері өзгеріссіз беріледі, – деді облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Нұрлан Дәулеталиев.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<