Алпыс жылдың асқарында

3076

0

Сурет ашық дереккөзден

Қызылорда қаласындағы іргелі білім ордасының бірі – С.Сейфуллин атындағы №4 ІТ мектеп-лицейінің іргетасы 1964 жылы қаланған.

 Республикада алғашқы орыс-қазақ мектебі ретінде жұмысын бастаған. Бүгінгі күні 60 жылды артқа тастап, әлі де жас ұрпақты білім нәрімен сусындатуда. Қала орталығындағы мектептің өзіндік тарихымен қатар, өзіне ғана тән ерекшеліктері де бар.

Мектеп негізінен 964 орынға арналған. 1980-1990 жылдары оқушы саны 1300-ге дейін көбейді. 1970-1990 жылдары орыс тілінде оқытылатын сыныптардың үлес салмағы жоғары болды. 1985 жылы №23 орта мектептің ашылуына байланысты біршама орыс-қазақ сыныптары осы мектепке ауыстырылды. Қазақстанның тәуелсіздігі жарияланып, ана тіліміздің мәртебесі өскен кезеңде қазақ тілінде оқытылатын сыныптар көбейе бастады. Негізі 1964 жылдан 2000 жылға дейін №4 С.Сейфуллин мектебі орыс-қазақ орта мектебі болып келді де, 2000-2001 оқу жылында орыс сыныптары Ж.Қизатов атындағы №23 орта мектепке ауыстырылып, қазақ тілінде білім беретін оқу орнына айналды. Қазіргі таңда «ІТ мектеп-лицей» деген мәртебесі бар.

Мектеп қабырғасынан 60 жылда 4000-ға жуық шәкірт білім алып, үлкен өмірге қанат қақты. «Алтын медальмен» 44, «Күміс медальмен» 22, «Үздік аттестат» және «Ерекше үлгідегі аттестатпен» 76 оқушы бітірді.

Тарих беттерін парақтай бастасаңыз, үш қабатты мектеп ғимараты еске түседі. 1964 жылдың тамыз айында көктемдегі қарлығаштай алғашқы ұстаздар келді. Олардың керуенін көшбасшы Қасымбек Ыбыраев бастаған болатын. Қ.Ыбыраев Ұлы Отан соғысына қатысқан жауынгер ұстаз, тәжірибелі басшы кадрлар қатарынан еді. Бұған дейін де бірнеше мектепте басшылық қызметте болған соң, таңдаулы мұғалімдерді өзімен бірге ала келді. Қаладағы Ғ.Мұратбаев атындағы №171, Ворошилов атындағы №3 (қазіргі №3 мектеп-лицей) және М.Горький атындағы (кейін таратылып, жабылып қалған) мектептерден мұғалімдер ауысып келіп, алғашқы педагогикалық ұжым жасақталды. Жаңа мектепке сол жылы кеңес әдебиетінің негізін қалаушы, ақиық ақын Сәкен Сейфуллиннің 70 жылдық мерейтойына байланысты аты берілді.

Ғимараттың ішкі жұмыстары толық бітпегендіктен мұғалімдер күні-түні еңбектеніп, бір жағынан оқушыларына білім мен тәлім-тәрбие беріп, бір жағынан жөндеу жұмыстарын қатар атқарып отырған. 1964 жылдың қазан айының соңында толық пайдалануға беріледі. Салтанатты ашылу шаралары 1964 жылы қараша айының алғашқы онкүндігінде өткізілді. Рәсім кеңестік кезеңдегі жоғары саяси мәні бар мереке – 7 қарашаға тураланды.

Алғашқы оқушылар жоғарыда көрсетілген мектептерден келді. Ғ.Мұратбаев атындағы №171 мектеп ұстаздары өз сыныптарындағы, атап айтсақ Жүсіпәлі Ахметов өзі жетекшілік жасаған 10-сыныбының оқушыларымен бірге ауысқан. Қазақ сыныптары алғашқы кезде көп болмаған. Кейін бірте-бірте оқушылар көбейіп, жаңа сыныптар ашылған. Ал орыс тілінде оқытылатын сыныптардың оқушылары Ворошилов және Горький атындағы мектептерден жинақталды. Бірақ 1966 жылы қалалық білім бөлімінің бұйрығына сәйкес көпқабатты тұрғын үйлер ауданында жаңадан ашылған №198 орта мектепке орыс сыныптарының мұғалімдері ауыстырылды. 1964-1965 оқу жылының аяғында алғашқы түлектер мектепті бітіріп шықты.

Директор Қ.Ыбыраев сапалы білімнің негізі тәртіпте деген қағиданы ұстанатын. Оқушылармен қатар мұғалімдерден де темірдей тәртіпті талап етіп қана қоймай, өзі үлгі бола білді. Тиянақты іс-әрекеттері, нақты да нәтижелі жұмыстары, жүріс-тұрысы, адамдармен қарым-қатынасындағы сыпайылығы, талапшылдығы өзімен қызметтес болған ұстаздарды таңғалдыратын. Сол 1964 жылы тамызда өзімен бірге №171 мектептен келген мұғалімдер қатарында саналы өмірін ұстаздық қызметке арнаған мұғалімдер аз емес. Жүсіпәлі Ахметов – химия,биология пәнінің мұғалімі, Зылиқа Ыбырашева, Қаламқас Әбуова, Үміткүл Айманова, Рабиға Жүндібаева – қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері, Елубаева, Райхан Көшкенова, Сәбит Мәдібеков – физика-математика мамандары, Тәрбие Исаева, Айша Үсенова, Саракүл Жүсіпбекова – бастауыш сынып мұғалімдері, Райкүл Сералина – орыс тілі маманы, Сағындық Жүнісов – тарих, география пәндерінің мұғалімі. Директордың орынбасары қызметінде Қасымбек ағайдың ізбасарлары Хадиша Нұғманова, Исатай Елубаев, Евгений Кон болды.

Мектептің педагогикалық кадрларының қатары жас мамандар легімен үнемі толықтырылып отырды.

Еңбек кітапшасында тек бір ғана жол – С.Сейфуллин атындағы №4 орта мектепке мұғалім болып орналасқандығы туралы бұйрық жазылған, осы мектептен зейнетке шыққан ұстаздар да аз емес. Шынар Ибадуллаева, Жібек Есенжолова, Алуа Разақова сынды ұстаздар – осы мектепте қызмет атқарып, бейнетінің зейнетін көріп отырған асыл жандар, ардагер ұстаздар.

Қасымбек Ыбыраев басқарған жылдары мектеп республикадағы белгілі білім ошағына айналды. Сол кезеңдегі барлық педагогикалық тың идеялар мен бастамалар мектеп өмірінен орын алып отырды. Талапшыл, жаңашыл басшы мектеп мұғалімдерінің іс-тәжірибесін республика, одақ көлеміндегі мектептермен тығыз байланыс орнатып, танытты. Ресейдің бірнеше қаласынан біздің мектепке тәжірибе алмасу мақсатында мұғалімдер келіп, жоспарлы түрде бірлескен жұмыстар атқарған. Әдістемелік кеңесте жаңа идеялар, тың ұсыныстар, оқушылар қызығушылығы мен ынтасын арттыратын сабақты ұйымдастырудың түрлі әдіс-тәсілдері талқыланатын.

Сол кезеңде оқушыларға жан-жақты білім берумен қатар, патриотизм, интернационализм, коммунистік идеология үнемі басты назарда болатын. Идеяларды насихаттайтын ұйымдар, клубтар жұмыс істеді. Пионер, комсомол ұйымдары мектеп өмірінің негізгі ұйтқысына айналды. Мектептегі КИД жұмысы жақсы жолға қойылып, басқа одақтас республикалардағы ұйымдармен тұрақты байланыс орнады. Әсіресе, Ұлы Отан соғысы жылдарында қайтыс болған, бауырластар бейітінде жерленген жауынгерлердің ерлік жолдары іздестіру, хат жазысу, зерттеу жұмыстарының нәтижесінде анықталып отырған. Мектептің КИД мүшелері Балтық жағалауы, Украина, Ресейге барып, жаңа тарихи фактілерді жинақтап, зерделеген. Фотоальбомдар жасалған. Мектебіміздің музейінде осы мәліметтер әлі күнге дейін сақталып тұр.

1968 жылы Қазақ КСР оқу-ағарту министрлігінің шешімімен №4 орта мектеп ұжымының төрт жылдық жұмысының нәтижелі қорытындысын Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық Халық шаруашылығы көрмесіне (ВДНХ) қойып, іс-тәжірибесін тарату жоспарланды. Ұстаздар күні-түні еңбектеніп, дайындық жұмысын бастап кетті. Мектеп өмірін толық суреттейтін екі үлкен альбом дайындалып, Қазақ КСР-індегі алдыңғы қатарлы мектеп ретінде жіберілді. Қорытындысында орта мектеп ұжымы КСРО оқу-ағарту министрлігінің Құрмет Грамотасымен, ал директор Қасымбек Ыбыраев «Алтын медальмен» марапатталды. Бұл ұстаздар еңбегінің жоғары деңгейде бағалануы еді. Мектептің іргетасы қаланғаннан бастап еңбек еткен мұғалімдердің мақтаныш сезімімен айтып отыратын айтулы оқиғасына айналған осы жетістік қазір де өз мәнін жойған жоқ, әлі де талай ұрпаққа мұра болары сөзсіз.

1970 жылдары оқушыларын Мәскеу қаласына экскурсияға апарған Үміткүл Айманова апай осы ВДНХ-ның көрме залына барып, өздері дайындаған екі фотоальбомды көргенін, оларды парақтап мақтаныш, толқу сезімінде болғанын еске түсіріп, бізге айтып отыратын.

1973-1974 оқу жылында Үміткүл апайдың жетекшілік жасаған сыныбынан Алтын Жүсекеева, Қылышбай Бисенов сынды шәкірттері «Алтын медальмен» бітіріп шығады. Мектептің жұлдызды түлектері бүгінде әлемнің әр қиырында еңбек етіп жатыр.

Биыл білім ордасының 60 жылдық мерейтойы атап өтілуде. Білікті басшы Алмат Рахметов басқаратын мектептің 60 жылдығының ашылу салтанатына түлектер шақырылып, іс-шаралар жоспары таныстырылды. Оқушылар, ұстаздар арасында қалалық, облыстық, республикалық деңгейдегі шаралар мен олимпиадалар өткізіліп жатыр. Мектептің бір бөлігі жаңадан бой көтеріп келеді. Құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Бақыт ЕРЕСКЕНОВА,

тарих пәнінің мұғалімі, ардагер ұстаз

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<