Сейсенбіде облыс мектептерінде соңғы қоңырау соғылды. Білім жолында бір кезеңді артқа қалдырып, қорытынды жасайтын бұл күннің оқушылар үшін орны бөлек. Ал, бітіруші түлектер үшін есте қалатын маңызды мереке.
Биыл облыстағы 261 мектепті 7007 оқушы бітірді. 611 оқу озаты «Алтын белгіге» үміткер. Оқушылардың 30 проценті қашықтан, 70 проценті дәстүрлі оқыту форматында оқу жылын аяқтады. Жалпы жыл ішінде дәстүрлі оқитын оқушылардың саны кезең-кезеңімен көбейді.
Оқыту форматы секілді соңғы қоңырау мерекелік жиындары да өзгеше өтті. Шаралар бітіруші сыныптар үшін дәстүрлі, қалған сыныптарға онлайн форматта ұйымдастырылды. Дегенмен, бітіруші түлектердің бұл күнге дайындығынан-ақ мектебі мен ұстаздарына деген қимастығын, үлкен өмірге қадам басар алдындағы толқынысын аңғаруға болады.
– Кеше ғана мектеп табалдырығын аттаған секілді едік. Көңілімізде қимастық бар. «Алтын белгіге» үміткермін. Сондықтан өзімнің де, сыныптастарымның да ҰБТ-да үздік нәтиже көрсетіп, алар асуымыздың биік болғанын қалаймын, – деді Ә.Мүсілімов атындағы №101 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Бағлан Ахметова.
Мектеп бітіруші түлектердің 85 проценті ҰБТ-ға қатысуда. Білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысуға мүмкіндік беретін сынақ 6 мамырда басталды, 30 маусымға дейін жалғасады. Ол үшін Қызылорда қаласы мен Қазалы, Қармақшы, Жаңақорған аудандарында 475 орынға арналған мамандандырылған тестілеу орталықтары жұмыс жүргізуде. Әзірге ең жоғары балл – 137.
Айта кету керек, биыл оқыту форматының өзгешелігіне қарамастан, түрлі білім байқауы, олимпиадалар жүйелі ұйымдастырылып, жүзден жүйрік шыққан оқушылар марапатталды. Бұл да талапты жастарға пандемиядан туындаған кедергілер тосқауыл бола алмайтынын көрсетсе керек. Ал, түлектер үшін соңғы қоңырау мектеп бітірудің белгісі болғанымен, өмірдің жаңа кезеңінің қуанышты хабаршысы секілді.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<