«Aqyl» депозитінің артықшылығы

1021

0

«Құдайдан қорық, пендеден ұял, балаң бала болсын десең оқыт, мал аяма!» Ұлы Абайдың қанатты сөзі қазақтың бар малын сатса да баласын оқытуға даяр екенін көрсетеді. Қоғамның бұл көзқарасын мемлекет те ескеріп, бірнеше жыл бұрын тиімді жол ұсынды. Ол – білім беру депозиті. Баланың болашағына қажет қаражатты миллионға дейін жеткізуге көмектесетін жүйенің бүгінгі аяқалысы қалай?

16 мыңнан астам депозит ашылған

Мәліметтерді парақтасақ, АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Сингапур, Бельгия, Малайзия, Нидерланд, Испания, Швеция секілді дамыған елдерде білім беру жинақтау шоттарының жүйесі сәтті жұмыс істеп тұр. Ал, бізде 2014 жылы «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы» Заң негізінде қолға алынды. Ол әр азаматқа баласының атына болашақта Қазақстанда, шетелде кәсіптік-техникалық және жоғары білім алу үшін оқу ақысын төлеуге пайдалануға болатын салымды ашуға мүмкіндік береді. 2018 жылы өткен ребрендингтен кейін жинақтау салымдары «Aqyl» деген жаңа атауға ие болды. Ал, биыл 13 шілдедегі дерек бойынша қазақстандықтар осы жүйе бойынша 16 мыңнан астам депозит ашқан. Жинақтау салымдарының жалпы сомасы – 22,3 млрд теңге. Осы орайда оның артықшылығы неде деген сұрақ туындауы мүмкін. Бұл ретте Білім және ғылым министрлігі жүйенің әдеттегі депозиттерден бірнеше тиімді тұсы барын атады. Басты артықшылығы 9%-ке дейінгі банктік сыйақыдан басқа салымдарға мемлекеттік сыйақы есептеледі. Ол халықтың әлеуметтік осал топтары үшін де қарастырылған. Сондай-ақ, жинақтау салымдары депозиттік нарықта ең жоғары кіріске ие. Өйткені, жүйені депозиттерге кепілдік беру қоры сақтандырған және мемлекет пен үшінші тұлғалар тарапынан да кез келген шектеулер, өндіріп алулардан қорғалған.

Жинақталған қаржыны қашан және қалай алуға болады?

Толыққанды түсінікті болу үшін біз «aqyl.fincenter.kz» сайтында депозит калькуляторына салып, есептеп көрген болатынбыз. Мәселен, балаңыз бірінші сыныпта оқиды делік. Сіз ай сайын 10 мың теңге салып отырсаңыз, ол 11-сыныпқа барғанда, яғни 10 жылдан кейін сізде 1 млн 200 000 теңге жинақталады, оған 10,4 процент банктің және 5 процент мемлекеттің 1 млн 706 980 теңге сыйақысын қосыңыз, сонда мектеп бітірген балаңыздың қорында шамамен 2 млн 906 980 теңге жиналады. Егер балаңыз грантқа түссе, қаражатты қос сыйақымен қоса басқа игілікке жұмсауға мүмкіндік бар. Бұдан бөлек, 8 8000 802 828 нөміріне қоңырау соғып, «Aqyl» депозиті бойынша жауапты менеджерден серіктес банктердегі білім беру депозиттері бойынша проценттік мөлшерлемені сұрап білген едік.

– Білім және ғылым министрлігі мен оған қарасты «Қаржы орталығы» АҚ-ның ресми сайттарында «Aqyl»-ға үлкен мән берілді. Білім депозиті  жеке тұлғалардың депозиттерін міндетті кепілдендіреді және 10 млн теңгеге дейін салым жасауға жол ашады. Жас ерекшелігіне шектеу жоқ, тіпті сіз өзіңізге де аша аласыз.

Халық банкінің жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі – 10,4%, Цеснабанк 8,3 %, ВТБ банк 6,17% құрайды. Банктердің процент мөлшері нарықтық, сондықтан уақыт өте көбеюі, төмендеуі де мүмкін. Бірақ банкпен келісімшарт жасасқанда, оны бір қалыпта ұстауды қалайтыныңызды көрсетуге болады. Сонда сол жылдар ішінде ешбір дағдарыс сіздегі проценттік сыйақы мөлшеріне әсер етпейді, – дейді менеджер Рахым Сұлтанбек.

Сонымен қатар салымшылар ақшасын қалаған уақытта ала алады. Әйтсе де, жинақталған қаражат мерзімінен бұрын өз мақсатына сай жұмсалмаған жағдайда мемлекет сыйақысы кері қайтарылады. Себебі, бұл белгілі бір бағыты бар депозит, яғни білім алу үшін жиналған қаражат білімге жұмсалмаса, онда мемлекеттік сыйақы берілмейді. Ал, банктің беретін сыйақысы қалтаңызда қалады. Ақша өз мақсатына жұмсалса және балаңыз грантқа түсіп кетсе де қос сыйақыны қатар иемденуге болады. Сондай-ақ, «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы» 2013 жылғы Заңға сәйкес, салымшы қаза болған, сот оны әрекетке қабілетсіз, хабарсыз кеткен деп таныса, қайтыс болса немесе денсаулық жағдайына байланысты оқуын жалғастыруға қабілетсіз болса білім беру жинақтау салымын төмендегідей талаптар бойынша өтей алады. Салымшы ҚР Азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен оның заңды өкілі немесе оның мұрагерлері кез келген үшінші тұлғаның пайдасына ашылған білім беру жинақтау салымына жібереді. Мемлекет сыйақысы сақтала отырып, салымшыға ҚР Азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіп пен жағдайларда оның заңды өкіліне немесе оның мұрагерлеріне салым шартын бұзу талаптары бойынша төленеді.

Таңдау өзіңізде!

Дүкенге кірсеңіз, 10 мың теңгені небәрі 10 минутта қалай жұмсап жібергеніңізді аңғармай қалуыңыз мүмкін. Бұл ретте экономист сарапшылар жиған-тергеннің ретін келістіріп, болашаққа бағыттау маңызды деп біледі. Қазір көптеген ата-аналар да мамандардың пікіріне сүйене отырып, баласының болашағын «Aqyl»-ға сеніп тапсырған. Қала тұрғыны Гүлмира Қылышбаева да биылдан бастап ақша жинақтауға кіріскенін айтады. Алайда, қоғам болғасын пікір сан алуан. Енді бір ата-аналар білім беру депозиті тек теңгеде ашылады және ол 10 миллион теңгеден асып кетпеуі керектігін, ал бұл ретте теңгенің девальвациялануы күмән тудыратынын жасырмай отыр. Қалай десек те таңдау әркімнің өз еркінде. Бірақ, болашаққа бүгіннен бастап инвестиция жасау кім-кімге де артық етпейтіні анық.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<