Аралда тәрбие саласының бірлескен кеңесі өтті

757

0

Бүгін Арал ауданында білім саласының қызметкерлері мен ата-аналардың «Отбасы – тәрбие бесігі» атты бірлескен кеңесі өткізілді.

Кеңеске облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағанбет, аудан әкімі Серік Сермағанбетов, бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл Жапырақ Ұзақбаева, ата-аналар мен білім саласының қызметкерлері, ардагерлер, құқық қорғау органдардың және салалық бөлімдердің басшылары қатысты.

Жиынның модераторы, аудан әкімі Серік Сағитжанұлы бүгінгі бірлескен кеңестің маңыздылығын айтып, ауданда жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу шараларына тоқталды.

Кеңейтілген кеңестің күн тәртібіне сәйкес, білім бөлімінің басшысы С.Жанназарова білім беру ұйымдарында құқық бұзушылық пен зорлық-зомбылықтың алдын алу және бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері туралы айтса, аудандық полиция бөлімінің бастығы Н.Шегебаев кәмелетке толмағандар арасында қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу шараларына байланысты және ауданаралық аурухананың бас дәрігері М.Ршымбетовтың ерте жүктіліктің алдын алу және салауатты өмір салтын қалыптастыру жөнінде хабарлама жасады. Сонымен қатар №13 орта мектебінің әкелер кеңесінің төрағасы В.Чумаш үштік одақтың жұмысы жайлы айтса, бала құқығы жөніндегі өңірлік уәкіл Ж.Ұзақбаева баланың әлеуметтік қорғалуы туралы ойын ортаға салды. Мұнан соң облыстық білім басқармасының басшысы М.Шермағанбет білім беру ұйымдарында құқық бұзушылық пен зорлық-зомбылықтың, суицидтің,кибербуллингтің алдын алу, болдырмау және бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы бірқатар мәселелерге тоқталды.

Статитистикалық мәліметке сүйенсек, өткен жылдарға қарағанда құқық бұзушылық фактілері бойынша көрсеткіштер біршама төмендеген. Бірақ мәселе бала тағдырына тікелей қатысты болғандықтан біздің басты мақсатымыз – өңірдің ерекшелігіне сәйкес жас ұрпақты ұлттық тәрбие өзегінде тәрбиелеу, келеңсіз жайттардың алдын алу және болдырмау. Сонымен қатар, сынып жетекшілері мен тәрбие ісіне жауапты орынбасарлардың жұмыстарын жүйелеп, озық тәжірибелерді білім беру ұйымдарына енгізуіміз қажет, – деді Мейрамбек Зинабдинұлы.

Бірлескен кеңестің соңында басқарма басшысы білім бөліміне мектептерде рухани-адамгершілік тәрбие беру, адамзаттық құндылықтарды дамытуда «Ата-аналар комитеті», «Әжелер мектебі», «Әкелер кеңесі», «Аналар Академиясы» жұмыстарын жүргізуді, білім беру ұйымдарында мектептің де, ата-ананың да жауапкершілігін күшейтуді көздейтін жаңа «Оқушы – мектеп – ата-ана» үштігі жобасын тиімді жүзеге асыруды тапсырды.

Қызылорда облысының білім басқармасының баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<