Аударылған оқулықтар биыл білім бағдарламасына енгізілсін – Елбасы

540

0

Аударылған оқулықтар биыл білім бағдарламасына енгізілсін - Елбасы «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында биыл 30 кітап қазақ тілінде аударылады. Бұл туралы бүгін аталған жоба аясында жарық көрген кітаптардың таныстырылымында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«100 жаңа оқулық» жобасы бойынша Үкімет Ұлттық аударма бюросына бірқатар нақты тапсырма беруі қажет. Біріншіден 2018 жылға бекітілетін 30 кітапты сапалы аударып, басып шығару керек. Аудармашыларға жұмыс толып жатыр. Оған қаржыны уақтылы бөлініп, одан кейінгі жылдарда қолға алынатын оқулықтар дер кезінде бекітіліп сарапталуы керек», – деді Елбасы. Екіншіден, Мемлекет басшысы бұл оқулықтарды білім жүйесіне тиімді енгізу ең маңызды міндет болатындығын айтты. «Жастар оларды бірден-бірден оқи бастауы қажет. Алдағы оқу жылынан бастап осы  оқулықтармен оқытылатын пәндер білім беру бағдарламасына енгізілсін. Үшіншіден,  қолданысқа енген терминдерді жинақтап, гуманитарлық-экономикалық лексиканың түсіндірме сөздігін шығаруды жүктеймін», – деді ҚР Президенті. Елбасы төртіншіден, оқулықтарды кәдімгі кітап түрінде шығарумен қатар цифрлық негізде, онлайн білім беруді дамытуға тиіс екендігімізді баса айтты. «Қазақстанның ашық университеті  жан-жақты қолдауға ие болуы керек. Оқулықтардың негізінде дайындалатын ашық лекциялар видеотекасының сапасына баса мән беру. Бесінші, «100 жаңа оқулық» жобасы ғылыми аударма мектебін дамыту үшін аса маңызды. Бұл әлі де болашақта бізге керек болады. Сондықтан аудармалар аясындағы тәжірибе, білік, кәсіби дағдыларды жүйелеп, дамыта түсу қажет. Осының бәрін сапалы іске асыруға Білім және ғылым министрлігі  жауапты, ал жалпы жұмысты үйлестіруді Үкіметке тапсырамын», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<