Аудан әкімі білім беру мекемелерін аралады

911

0

Бiлiм беру саласы қоғамның әлеуметтiк-экономикалық дамуында жетекшi рөл атқарады, сондай-ақ оны әрi қарай айқындай түседi. Ал, білім алушыларды бәсекеге қабілетті маман етіп даярлауда білім беру мекемелерінің алар орны ерекше.

Осы орайда бүгін аудан әкімі Серік Сермағамбетов аудан орталығындағы бірқатар білім беру нысандарын аралап, жылу беру маусымына дайындық барысын қадағалап өтті.

Алдымен «Арал» индустриалды-техникалық колледжіне арнайы ат басын бұрған аудан басшысы колледж ұжымымен және студенттермен жүздесті. Аудан жастарын кәсіптік, техникалық мамандықтарға баулып отырған «Арал» индустриалды-техникалық колледжі өткен жылы күрделі жөндеуден өткізілген.

Аралау барысында колледж директорының оқу-өндірістік жұмыстары жөніндегі орынбасары Рахым Айназаров аудан басшысына аталған білім ордасының материалдық-техникалық базасын таныстырып, білім беру бағытындағы соны жаңалықтарымен бөлісті. Жалпы 450 орынды білім ордасында бүгінде 336 студент білім алуда.

Қазіргі таңда оқу орны еңбек нарығына аса қажетті халыққа қызмет ететін 8 мамандық 11 біліктілік бойынша жан-жақты, білімді, білікті кәсіпқой жұмысшы мамандарды оқытып, дайындауда.

Колледжде мамандықтарды оқытуға арналған жаңа оқу-техникалық құралдармен жабдықталған 12 оқу кабинеті бар. Сондай-ақ, студенттердің оқып, білім алуы мақсатында 6 шеберхана, 3 зертхана және компьютерлік кабинет, спортзал, кітапхана, студенттерге қызмет көрсету мақсатында «Еgov» орталығы жасақталған.

Білім ордасы өткен жылы республикалық «Жас маман» жобасы аясындағы бәсекеде «тігінші» және «электр-газбен дәнекерлеуші» мамандықтарын жеңіп алып, бүгінде аталған мандық бойынша білім алушылар заманауи құрал-жабдықтармен жұмыс жасауға кіріскен. Осы ретте аудан басшысы С.Сермағамбетов аталған заманауи Оңтүстік-Корея және Жапондық технологиялардың жұмысымен танысып, одан әрі балық өңдеуші мамандығына арналған корпустың жағдайын көрді. Білім ұжымына алдағы уақытта өндірістік бағыттағы мамандықтарды даярлауға, соның ішінде балықшы және балық өсіруші мамандықтарын ашуды қолға алу жөнінде тапсырма берді.

Сонымен қатар «Арал» индустриалды-техникалық колледжінің теңгеріміне берілген, іргесі 1913 жылы қаланған №64 ортамектептің ескі ғимаратының жағдайын бақылап өтті. Алдағы уақытта көне ғимаратты колледж студенттеріне жатахана есебінде бейімдеу жоспарланған. Мұнан соң аудандық ветеринариялық станциясына бас сұққан аудан әкімі аудандағы мал басын есепке алу жұмыстарының жай-жапсарын пысықтады.

Аудан әкімінің одан әрі №13 Т. Шевченко атындағы орта мектепке аялдап, білім ұясының жылу беру маусымына дайындық барысын бақылады. Аталған мектептің білім алушылар үшін таршылық ететіндігін әрі ғимараттың ескіргендігін тілге тиек еткен аудан әкімі бұл мәселені шешу жолдарын қарастыру жөнінде ұсыныстар беруді тапсырды.

Айта кетейік, бүгінде 800 оқушы білім алып жатқан мектеп қатты отынмен жылытылады. Қазіргі таңда 274 тонна қатты отын қоры жасақталған. Қазіргі таңда төбе жабындысы тозған от жағу ғимаратына қажетті қаржы бөлініп, төбе жабындысын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.

Жұмыс сапары одан әрі аудан орталығындағы балалардың сүйікті мекеніне айналған «Сартай» бөбекжай-балабақшасында жалғасты. Аудан басшысы 280 бала тәрбиелеп отырған балабақшаны аралау барысында бүлдіршіндерді тәрибиелеу бағытындағы жұмыстарға куә болып, жылу беру маусымына дайындық жұмыстарымен танысты. 2014 жылы пайдалануға берілген балабақшады жылу беру маусымына қатысты мәселе жоқ, 2017 жылдан бері көгілдір отынға қосылған.

Жұмыс сапары аясында ауданымыздағы іргелі білім ордасының бірі саналатын «Арал көпсалалы колледжі» де назардан тыс қалмады. Оқу орнындағы жаңалықтармен колледж директоры Еркін Садақбаев таныстырып, ұстаздар мен шәкірттердің қол жеткізген жетістіктерін жан-жақты айтып берді.

Атап өтейік, 1959 жылы №169 селолық кәсіптік-техникалық училище болып ұйымдастырылған Арал көпсалалы колледжі қазіргі таңда ауыл шаруашылығы саласына қажетті тракторист-машинистін, автокөлік жөндеу слесары, құрылыс саласының мамандары, маркетинг, есептеу техникасы және бағдарламалық қамсыздандыру мамандықтары бойынша жұмысшы мамандарды дайындайды.

3 қабатты оқу ғимараты өткен жылы күрделі жөндеу жұмыстарынан өткізілген. Бүгінгі таңда колледж студенттерінің сапалы білім алуы үшін 20 оқу кабинеті, 3 шеберхана, 2 зертхана, 2 компьютерлік кабинет, спортзал, жатақхана, кітапхана, студенттерге қызмет көрсетуге арналған «Еgov» орталығы және оқу полигоны, 100 орынды акт залы жасақталған.

Сапар соңында аудан әкімі аталған колледж маңындағы Үмбет би көшесін қайта жаңғырту және темір жол өткелінің маңын абаттандыру жұмыстарына куә болып, аталған құрылыс жұмыстарын сапалы әрі мезімінде аяқтау жөнінде тиісті сала басшысына тапсырма жүктеді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<