«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Айнұр Кәрібозова «Болашақ» бағдарламасының іске асырылуындағы өзгерістер» тақырыбында онлайн-брифинг өткізді. Оған Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры Бейбіткүл Кәрімова, студенттер мен профессор-оқытушылар қатысты.
Бейнеконференция барысында «Болашақ» халықаралық стипендиясына үміткерлерді іріктеу ережелеріне енгізілген түзетулердің негізгі тармақтары түсіндірілді. Жаңа ереже үміткерлерді іріктеуде бірдей мүмкіндіктер ұсынады. Барлық квоталық санаттар алынып тасталды. Осы жылдан бастап «Болашақ» стипендиясының конкурсына ауылдық елді мекендерден келген үміткерлерді қоспағанда, жетекші шетелдік жоғары оқу орындарынан шартсыз шақыртуға ие талапкерлер ғана қатыса алады.
Өзгерістер, ең алдымен, «Болашақ» стипендиясына үміткерлерді конкурстық іріктеу процесіне, сондай-ақ конкурсқа қатысудың бастапқы талаптарына қатысты. Конкурстық кезеңдер саны 6-дан 3-ке дейін қысқартылды, атап айтқанда, уәждемелік пен ұсыныс хаттарды бағалаудың іріктеу кезеңдері, сонымен қатар мемлекеттік және шет тілдерін білуге арналған кезеңдер алынып тасталды. Үміткерлер өздігінен тест тапсырып, құжат өткізген кезде мемлекеттік тілді білу туралы сертификатын, ауылдық жерлерден келген үміткерлер қосымша шет тілін білу туралы сертификатын ұсынады. Мемлекеттік тілді білу деңгейін анықтауға арналған сынақ Ұлттық тестілеу орталығының аймақтық филиалдарында өткізіледі.
Іріктеу кезеңдері мыналарды қамтиды:
1-кезең: Интеллектуалды қабілет деңгейін, жеке және іскерлік қабілеттерін, шетелде оқуға психологиялық дайындығын анықтайтын кешенді тест;
2-кезең: Тәуелсіз сарапшылар комиссиясының мүшелерімен жеке сұхбат;
3-кезең: Шетелде кадрларды даярлау жөніндегі республикалық комиссияның отырысы. Айта кетерлігі, жаңа ережеде алдын ала тілдік оқыту алынып тасталды. Ол тек ауылдық жерлерден келген талапкерлер үшін сақталады және 6 ай мерзім ішінде ағылшын тілін үйрену Қазақстан Республикасының аумағында өткізіледі.
«Болашақ» стипендиясына үміткерлерді іріктеудің жаңа ережелеріне сәйкес, ауылдық елді мекендерден қатысатын үміткерлер тек соңғы 3 жыл ішінде ауылдық жерлерде тұрып және оның 2 жылын жұмыс істеуге арнаған жағдайда ғана конкурсқа қатыса алады. Басымдық берілген мамандықтар тізбесі еңбек нарығы қажеттіліктерінің орта мерзімді болжамын ескере отырып, ҚР Білім және ғылым министрлігі арқылы жасалады.
2020 жылға арналған «Болашақ» стипендиясын тағайындау конкурсының жеңімпаздарына ұсынынылатын жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының, шетелдік ұйымдардың және тілдік курстар тізімінің жобасы қазір келісілу үстінде. «Болашақ» стипендиясына құжаттарды қабылдау және стипендия тағайындау конкурсын өткізу мерзімі құжаттарды қабылдау уақытынан 10 (он) күнтізбелік күн бұрын бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.
Қатысушылар басым мамандықтар тізімі, үміткерлерді конкурстық іріктеу рәсімі, конкурсқа қатысу шарттары және ғылыми тағылымдамалар туралы сұрақтар қойды. ХБО басшысы барлық сауалдарға толыққанды жауап берді.
«Болашақ» бағдарламасы аясында Қызылорда облысынан барлығы 101 түлек дайындалды. Қазіргі таңда аймақтан 10 студент шетелде білім алуда. 28 түлек аймақ игілігі үшін жұмыс істейді, оның ішінде 19 түлек Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде.
«Болашақ» бағдарламаны жүзеге асырудың барлық кезеңінде 13 870 стипендия тағайындалды, оның ішінде түрлі салаларда 10 747 маман оқытылды.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<