Бала қауіпсіздігі бақылауда болуы тиіс

1129

0

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне және «бала еңбегін қанауға қарсы 12 күн» ұлттық ақпараттық науқаны барысында өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында сала мамандарының қатысуымен брифинг ұйымдастырылды.

Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Б.Бердәулетов, облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары А.Мырзағалиева және облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасының бөлім басшысы Н.Жапақов балалардың құқығын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстардан хабардар етті.

  Білім басқармасы басшысының орынбасары Б.Бердәулетовтің  айтуынша, қазіргі пандемия жағдайында балалардың қауіпсіздігін сақтай отырып, 20 мамыр – 12 маусым аралығында «Бақытты бала – бақытты ел» тақырыбында бірқатар мерекелік шаралар өтеді. Оның ішінде «Жаңа күн –жаңа тұлға» бағдарламасында жетістікке жеткен балалармен кездесулер ұйымдастырылады. Сонымен қатар, республикалық, халықаралық байқауларда, олимпиада, спартакида, чемпионаттарда білімімен, талантымен танылған түлектерді әлеуметтік желі бетінде насихаттау шаралары қолға алынып отыр. Жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында білім басқармасы, облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі, еңбек саласындағы бақылау басқармасы және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, тұрақты рейдтік шаралар ұйымдастырылуда.

Биыл жазғы демалыс уақытында 8 лагерь жұмыс жасайды, онда 10 мыңнан астам бала демалады деп, бұл үшін жергілікті бюджеттен 263 млн теңге қаржы бағытталды. Ал 275 мектеп жанындағы күндізгі лагерлерде 90 мыңнан астам бала демалатын болады. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және аз қамтылған отбасынан шыққан 30 мың балаға сауықтыру демалысы, саяхаттар ұсынылса, 49 мың бала басқа да демалыс түрлерімен қамтылады.

Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары А.Мырзағалиеваның айтуынша, қазіргі уақытта қоғамдағы ақпараттардың әр түрлі болуы және тез тарауы балаларды жан-жақты қорғауды талап етеді. Оның ішінде жаңа технологияның жылдам дамуы, оған баланың сұранысының артуы өзекті мәселеге айналып отыр. Бұл орайда бала құқығының сақталуын және қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында ата-ананың міндеттері, сонымен қатар, әкімшілік жауаптылық бар. Осы орайда балалардың дамуына әсер ететін факторлар бойынша педагогтар мен ата-аналардың біліктілігін үнемі арттырып отыру керек. Педагог-психологтардың жұмысы уақыт талабына сай ұйымдастырылуы қажет.

Брифингте облыс бойынша еңбек саласындағы бақылау басқармасының бөлім басшысы Н.Жапақов жазғы демалыс уақытында жасөспірімдердің еңбек етуіне байланысты бекітілген ережелер мен заңдылықтарды түсіндірді. Балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес жұмыс жасайтын шекті уақыты, оларға рұқсат етілетін жұмыс түрлері бойынша бекітілген ережелер орындалмаған жағдайда жұмыс беруші заң алдында жауапкершілікке тартылатынын айтты.

Қалай десек те баланың қауіпсіздігі басты назарда. Сол себепті жазғы демалыс уақытында ата-ана, мектеп ұжымы, құқық қорғау органдары тарапынан жауапкершілік  жүгі жеңілдемейді.

                                                                                              «СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<