Халқымызда «Отан отбасынан басталады» деген қарапайым қағида қай дәуірде болсын өзгерген емес, өзгермейді де. Отбасы құндылықтарын нығайту бағытында көптеген жұмыстар жасалды. Бақытты отбасы, саналы да білімді ұрпақ қалыптастыруға бағытталған сындарлы саясат нәтижесінде ана мен баланы қолдау бойынша бағдарламалық құжаттар, гендерлік теңдікті сақтау стратегиясы қабылданды.
Өкінішке қарай, қазіргі қоғамда отбасы құндылықтарының құлдырауға ұшырап бара жатқаны жасырын емес. Бұған дәлел ретінде неке құрған жас отбасылардың арасындағы ажырасудың кейінгі жылдары аса қауіпті деңгейге жеткенін айтсақ та жеткілікті. Статистикалық көрсеткіш бойынша Қазақстанда неке құрған әр үш отбасының біреуі ажырасады. Мысалы, 2016 жылғы ресми мәліметтерге қарағанда, қалалық жерлердегі ажырасу деңгейі 40 процент болса, ауылдық жерлердегі ажырасу деңгейі 27 процентке жеткен. Ажырасулардың 40%-і алғашқы бес жылда орын алатыны да ойландырады. Соңғы бес жылда еліміздегі тіркелген некенің саны азайып, ажырасулардың саны көбейген. Оның кесірінен республика бойынша толық емес отбасыларда тәрбиеленіп жатқан балалар саны жылына 40000-нан асып отыр. Бұл – жай ғана жалаң цифрлар емес, қазіргі қоғамдық дерттің көрсеткіші. Санның артында қаншама адамның тағдыры бар.
Осындай әр тағдырға алаңдаған Сыр аналары «Аймақта отбасылық-демографиялық саясатты дамыту» әлеуметтік жобасы аясында бас қосты. Облыстық әйелдер, Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы аналар кеңесінің төрайымы Нұрсәуле Мұсаева отбасындағы тәрбиеде қандай мәселелерге баса назар аудару қажеттігін, оны шешудің жолдарын бірге қарастыруға шақырды. Сонымен бірге, облыстық ішкі саясат басқармасының бас маманы Сымбат Бимағанбетова шараның маңыздылығына тоқталды.
«Bilim Foundation» қоғамдық қорының аймақтық өкілдігінің басшысы Сымбат Абдрахманова аналарға жасөспірім балаларды тәрбиелеуге қатысты семинар-тренинг жүргізді. Қатысушылар өзара пікір алмасып, өз ойларын ортаға салды.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<