Мамандық таңдау, үлкен өмірге сеніммен аттану әр мектеп түлегінен талап етіледі. Оқушы білімі, икемі, тынымсыз ізденуі мен қажымас еңбегі зор маңызға ие. Демек, жастар өздері қалаған кәсіптің шебері болуы үшін таңдаудың дұрыс болғаны жөн.
Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң, арқалан.
Сен де бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та бар қалан! – деген Абайдың ұлағатты ойы – әр адамның болашағына сілтенген жол. Бос селтеңдемей, орныңды тап деген үлгі сөз. Ал біз ойшылдың осындай ойынан тағылым алып, өнегесін өмірімізге бағдаршам ете алдық па? Жас ұрпақ айтылған сөзді бойына сіңіріп, еңбекке, болашаққа деген ұмтылысын жани алды ма? Қайраты мен ақылын әр ісінде пайдаға асырып, кемеңгердің айтқанын орындап жүр ме?
Бұл енді басқа мәселе. Сонымен мектеп қабырғасынан шыққан жас түлек өмірден өз орнын таба ала ма? Он жыл оқыған білімі мен тәрбиесінен болашағына азық алды ма? Сұрақ сан алуан, әрқайсысына жауап беруге тура келеді.
Ұзақ жыл білім саласында жұмыс істеп келе жатқандықтан шәкірттеріммен ертеңгі күн жайында, мамандық туралы жиі ой бөлісіп тұрамын. Кейбірі көкейдегісін ашып айтпаса, кейбірі ар жағындағыны жайып салады. Біз жастарға: «Жар таңдау мен мамандық таңдауда қателеспеу керек» дегенді жиі айтамыз. Дұрыс сөз, оң пікір. Екеуі де жастардың өмірлік болашағын ойлағандық болып есептеледі. Бұл кемеңгер ақынның айтқанымен үндесіп жатыр.
Мамандық таңдау – жауапты іс. Бұл жас ұрпақтың келешегі, сол кәсіп арқылы олар өмірлік азығын табады, отбасын асырайды, тіршілік етеді. Жоғарыда айтқандай, оқушылар мамандық таңдау барысында көбіне ата-аналарының шешімі негізгі роль атқаратынын айтады. Баланың қалауы емес, әке-шешесінің айтқаны болады. Оның киімін көк, тамағын тоқ ететін, ақылы оқуына ақшасын төлейтін – ата-ана. Тағы бір ерекшелігі, олар баласының таза жерде жұмыс істегенін, заңгер, дәрігер, мұғалім, т.б. болғанын қалайды. Дәнекерлеуші, жүргізуші, малшы секілді кәсіптерді соңғы орындарға қояды. Ауыл шаруашылығында егін егіп, жер жыртқан механизатордың табысы әжептәуір екендігін есепке алмайды. Көбісі баласының қандай кәсіпке бейім екенін де ескере бермейді. Ол үшін баланың мұғалімімен ойласуы жөн болатынын қаперге алмайды. Осы жерден біз заңгер қыламыз деп тамаша механизатордан, дәрігер етеміз деп мықты дәнекерлеушіден, мұғалім етеміз деп малшыдан айырылып қалып жүрген жоқпыз ба?
Жаңа технологиялық өзгерістер кезеңінде көптеген мамандықтың іске аспай қалуы мүмкін екеніне жорамалдар айтылуда. Бұл – шындық. Демек, мұғалім мен ата-ананың міндеті – баланы заманауи кәсіптерге бейімдеу. Өмірімізге ақылы оқу енгелі жоғары оқу орнын бітіру ештеңе болмай қалды. Қазір кейбіреулердің бірнеше дипломы бар, бірақ іске асып жатқан бірі жоқ. Жұмыссыздық бар, қиын кәсіптерге жастардың барғысы жоқ. Көбі саусағын қимылдатпай көп ақша тапқысы келеді. Нарық заманы бұған көнбейді. Кім еңбек етсе, маңдай терін сыпырып алса, сол ауқатты тұрады.
Кейде оқушыларыма «сендер ақылы оқуға түссеңдер, өздерің емес, ата-аналарыңның ақшасы оқиды» деймін. Мұным біреулердің көңіліне тиюі мүмкін, дегенмен, шындық осы. Мектепті орташа оқыған оқушының грант жеңіп алғанына таңғалмаймын. Тек соның қандай маман боларына қапаланамын. Сондай кәсіп иелері еліміздің гүлденуіне үлес қоса ала ма? Бір ауылдасым нашар оқитын баласын негізгі мектептен шағарып алып, колледжге берді. Онлайн оқу. Тым жақсы шәкіртақысы бар. Сол оқу бітіргесін мамандығы бойынша қызмет істеп кете ала ма?
Жоғары оқу орындарындағы кей оқытушылардың студенттер біліміне көңіл бөле бермейтінін естіп жатамыз. Әлгіндей ақысы төленсе, студент ештеңеден қиналмайды. Ілгеріректе институтта оқитындар жатпай-тұрмай курстық жұмыстар жазып, рефераттар тапсырып, үздіксіз оқып дағдыланатын, білімдері де тиянақты болатын. Ал қазір кей оқу бітіргендерден естуімше, дайын жұмыстарды оқытушыларының көмегімен көшіріп беріп, сынақтан өте шығатын сыңайлы. Бұл кімге пайда, кімге зиян, әрине, институт бітірушіге еш пайдасы болмайды. Олар көбіне дипломды жұмыссыздар қатарын көбейтеді.
Пандемияға байланысты онлайн оқу білім сапасын тіпті түсіріп жіберді. Мектептегі білім тиянақты, терең болмаған соң оқушы ертеңгі үлкен өмірде қиындық көрмей тұрмайды. Сол кезде ол мектебін, мұғалімдерін кінәлауы бек мүмкін. Ал барлық істің түйіні өзіне келіп тірелетінін ойласа, ақылына салса, бәрін басқаша түсінер еді. Шындығында, өзі ұмтылып, талпынбаған, талаптанбаған жастарға қиыншылық көптеп кездеседі. Оны тек есейе келе, ақыл тоқтатқасын ой сарабына сала ұғынуы мүмкін, бірақ бұл кезде кеш болады.
Сонымен бала мамандық таңдаса, мүмкіндігінше оның еркіндігіне тосқауыл қоймаған жөн. Өз болашағын өзі қалап, өзі шешім қабылдағаны дұрыс. Ата-ана мен мұғалім оған бағыт-бағдар беруі ғана керек. Түптің түбінде ата-ана да, мұғалім де ол қалаған кәсіппен айналыспайды, таңдаған кәсібінің ыстық-суығын көретін, қиыншылығы мен қызығын басынан өткеретін оның өзі болмақ. Таңдаған ісінің нәпақасымен болашағын жалғастырады.
Өтебай СЕРӘЛІ
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<