Баталы ер арымас

2031

0

Ол орта мектепті бітірісімен қайсыбір кластастарындай, білім қуып алысқа ұзамай, алдымен Арал қолөнер училищесін, сонан соң Қазалы ауылшаруашылық техникумын бітірді. Моңғолияда әскери борышын өтеп келген соң, Арал қаласындағы өзі оқыған училищеде шебер болып еңбек етті. Шәкірттеріне сыйлы болды. Сол кезгі талапқа байланысты Алматы қаласындағы арнаулы орта милиция мектебіне түсіп, оны үздік бітіріп шықты.

Лейтенант Тұрахмет Ерниязов Шиелі аудандық ішкі істер бөліміне мемлекеттік автоинспектор қызметіне жіберілді. Бұл 1972 жылдың кыркүйегі еді. Білімді, тә­жірибелі, өмір көрген Тұрах­мет Ерниязовтың тұ­рақты еңбек жолы осы кезден, елі шырайлы, жері шұрайлы Шиеліден басталды.

Ән-жырға жақын болды. Реті келіп қалғанда Сыр сүлейлерінің таңды таңға ұрып  жырлаған термелерін тебірене тыңдайтын… Өмір жолы оны өзі қалаған мамандықтың қызу да қарбалас арнасынан бір-ақ шығарды.

Ол кезде жеке машина аз, жоқтың қасы. Техниканың дені шаруашылықтарға шо­ғыр­­ланған. Шиелі қыс­тағында 1-2 автобаза бар. Түрлі  жұмыстарымен күн­делікті көшеде жүретін солар. Көбісінде автокөлік пен жүргізушіге қатысты қауіпсіздік заттары бола бермейді. Жүру ережесінің бұзылуына бірден-бір се­бепші болатын солар. Ауданда 12 колхоз бен совхоз бар, бөлімшелерін қоса есептегенде, ұзын саны 17-ге жетеді. Жылына бір рет техниканы байқаудан өткізу, аудан көшелерінде автокөліктердің жүру ережелерін байқау, алыс-жақыннан келген ресми қонақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тағы да басқа жолаушылар мен жүргін­ші­лердің қауіпсіздігі үшін атқарылатын жұмыстар толып жатыр. Арнайы  жасалған кесте бойынша мектептерде болып, оқушыларға жолда жүру ережесі  туралы әңгіме (лекция) өткізу де автоинспектордың ен­шісінде. Осының бәрін өз дәрежесінде атқару 26 жастағы милиция офи­цері Тұрахмет Ерниязовқа оңайға түскен жоқ, әрине…

1971 жылы әлемге әйгілі  диқан, ақ күріштің  атасы – Ыбырай Жақаев сексен жастың сеңгіріне шықты. Дала академигіне екінші мәрте Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Қарт диқанның торқалы тойына еліміздің әр аймағынан атақты адамдар ағылып келіп жатты. Ақтылы қой өсірудің шебері, екі дүркін Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаев та жетті Мойынқұмнан. Тойға келген қонақтарды күтіп алу, қайта шығарып салу, қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезінде Тұрахметке Еңбек Ерлерімен кездесіп, әңгімелесудің сәті түсті. Қонақтардың құттық­тауы бәсеңсіген сәтте төрде төбедей болып отырған қос қарт батырға арнайы сәлем берді. Үстінде қызметтік киімі (формасы), қолтығында ала таяғы.

– Иә, айналайын, өңің жылы жігіт екенсің, қызметің қалтқысыз болсын, Алла еңбегіңнің жемісін жегізсін, ерен еңбек ешқашан еш кетпейді, халыққа жақын бол, – деді шопан ата қолын қысып тұрып. «Солай болсын» дегендей диқан ата күректей қолымен бетін сипады. Әшейінде жол шетінде состиып тұратын тәртіп сақшысының шаршы топты жарып келіп,  қарияларға қос қолын беріп амандасқаны оларды да, жиналғандарды да тәнті етті.

Қос батырдың батасы оның бойына қуат, көңіліне шуақ, өміріне шырақ болды.

Ол 1976-1982 жылдары қызметтен қол үзбей жүріп Қазақ ауылшаруашылық инс­­ти­тутының механика ­фа­ку­ль­­тетіне түсіп, инженер-механик мамандығын  алды. МАИ бас­қармасының дивизия командирі болып жоға­рыла­тылды. Облыстық МАИ басқармасында  авто­­кө­ліктерді есепке тір­кеу-емтихан қа­былдау бө­лімінің бастығы болып, зейнеткерлікке шық­қанша қызметін абыроймен ат­қар­ды. Шиеліге лей­тенант болып барып, майор болып Қызылордаға орал­ды. Подпол­ковник шенінде зей­нет­­керлікке шықты.

Тұрахмет өмірлік жар таңдауда жаңылыспады. Злимаш есімді Шығыстың аруы – байланыс саласының маманы. Зайыбы да өз саласында  абыройлы еңбек  атқарып, зейнеткерлікке шықты. Екеуі 3 перзент тәрбиелеп өсірді. Бәрінің де жоғары білімі бар. Ұлы Талғат – салық саласының маманы, қыздары Гүлзира мен Гүлназ  екеуі де – білікті заңгер. Бұл күндері зайыбы Злимашпен бірге Арайлым, Жомарт, Жанерке, тағы да басқа немерелерінің ортасында қуанышқа бөленіп, қызыққа кенеліп өмір сүріп келеді.

Т.Ерниязов зей­нет­кер­лік­ке шыққасын қол қусырып  отырмады. Қызылорда қала­сындағы Автомобиль жол құрылысы жабық акцио­нерлік қоғамы (ЖАҚ) басқар­масында инженер болып біраз жыл қызмет етті.

«Баталы ер арымас» деген осы емес пе?

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі