Білікті маман даярлауға бейімделу қажет

2508

0

Президент жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында орта буын мамандар даярлайтын оқу орындары арасында өзара бәсекелестік көрініс тауып, қазіргі заман сұранысына сай болудың жаңа бағыттары айқындалып отыр. Осы орайда И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық жоғары колледжінің директоры, техника ғылымдарының кандидаты, профессор Абайбек Жүнісовпен әңгімелесіп, жыл аясында атқарылатын жұмыстардың жай-жапсарын білген едік.

Айта кетейік, И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық жоғары колледжі 1930 жылы құрылған, яғни биыл оқу орнының негізі қаланғанына 95 жыл. Бүгінде колледжде 34 мамандық бойынша 1800-ден астам студент білім алуда. Оның 1450-і мемлекеттік грант негізінде, қалған студенттер ақылы білім алады. Колледждің 3 оқу ғимараты, 1 жатақханасы бар.

– Абайбек Талғатұлы, биылғы жылдың басты тақырыбы – жұмысшы мамандар даярлау және оған қажетті жұмыстарды ұйымдастыру болмақ. Сіздің ойыңызша, бұған қатысты қандай мәселелер бар?

– Мемлекет басшысының қазіргі алға қойып отырған міндеті – жұмысшы мамандар даярлау, олардың қоғамдағы лайықты орнын қалыптастыру. Шындығында, бұл – бүгінгі уақыт талабы. Осыған сәйкес облыстағы колледждер алдына бірқатар жаңа міндет қойылды. Әрине, шешімін күтіп тұрған мәселелер бар. Ең бірінші мәселе, колледждерді профилизациялау, яғни бүгінгі заманға бейімдеу жұмыстары жүзеге асырылады. Айталық, қазір облыста 28 колледж бар. Сол оқу орындарының көпшілігінде қайталанатын мамандықтар дайындалады екен. Мысалы, тігінші, аспаз, құрылысшы сияқты мамандықтарды айтуға болады. Осының нақты шешімі ретінде өңірге қажетті жаңа мамандықтар атласы дайындалады. Ал колледждер соған сәйкес бейімделуі қажет.

Тағы бір мәселе – материалдық-техникалық базаны жаңарту. Заманауи құрал-жабдықтар, қажетті техникалар алынуы тиіс. Себебі, қазір тұрмыстық техникалардан бастап, автокөліктер, ауыл шаруашылығы техникалары түгел автоматты басқаруға көшкен. Сонымен қатар, студенттерді практикадан өткізетін, яғни мамандығына сай қалыптастыратын  кәсіпорындар болуы қажет. Бір сөзбен айтқанда, «Жұмысшы мамандықтар жылы» осындай мәселелердің өз деңгейінде шешімін табуына ықпал етеді деп ойлаймын.

Бір ғана мысал айтайын, Атырау жоғары политехникалық колледжі 8-ақ мамандық бойынша маман дайындайды. Онда 1300-дің үстінде студент білім алады. Сабақ ағылшын тілінде оқытылады. Оқу орнының қызметкерлері, оқытушылары мен студенттері ағылшын тілін толық меңгерген. Ең бастысы, бітірушілер түгелдей сол өңірдегі ірі мұнай компанияларына  тұрақты жұмысқа орналасады. Міне, сондықтан қазір әр колледжді маман дайындайтын бағытына қарай бейімдеудің маңызы зор. Мәселен, гуманитарлық, педагогикалық бағыт, IT мамандар даярлайтын, сондай-ақ техникалық колледждер өз алдына бейімделуі қажет. Осыған байланысты жаңа оқу жылына қосымша 12 мамандық бойынша лицензияға құжаттар дайындап отырмыз. Атап айтқанда, жұмысшы, техник мамандықтары, қолданбалы бакалавр мамандықтары. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы саласында су мамандарын дайындау қажеттігі туындап отыр. Сондықтан жаңа біліктілік бойынша су шаруашылығы мамандарын дайындауды қолға аламыз.  Жалпы жоғарыда айтып өткендей, профилизациялауды іске асырамыз.

Жыл басында колледждің 2025-2030 жылдарға арналған стратегиялық даму жоспары бекітілді. Онда колледж базасында кіші кәсіпорындар, студенттер үшін Бизнес стартап орталықтарын ашып, жандандыруға, даярланып жатқан жас мамандардың кәсіпкерлігін дамытуға басымдық берілген. Сондай-ақ колледж бітірушілерінің өз мамандығына сай жоғары білім алуына да назар аударылады.

– Кәсіби маман даярлауда оқытушыларға да жаңаша міндеттер жүктелері сөзсіз. Оған қоса, оқу орнының материалдық-техникалық базасын жабдықтау мәселесі бар. Осы жұмыстар жөнінде айтсаңыз…

– Жалпы колледже 250-дей қызметкер бар, оның 175-і – оқытушылар. Расында, оқытушылардың өз бағытына сай білімін жетілдіріп, тәжірибесін толықтырып отыруы өте қажет. Өйткені қазір кез келген сала көз ілеспес қарқынмен өзгеріп жатыр. Осы орайда колледж оқытушыларын шетелдік және қазақстандық оқу орындарына, оның ішінде дамыған, алдыңғы қатарлы университеттерге, колледждерге тағылымдамаға жіберу, сондай-ақ олардың оқытушыларын, ғалымдарын өзімізге шақыру сияқты іс-шаралар стратегиялық жоспарымызда қамтылған.

Бүгінде Қазақ Ұлттық аграрлық зерттеу университетімен, Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетімен, Алматыдағы М.Тынышпаев атындағы көлік және коммуникация академиясы, сонымен қатар Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетімен  меморандумдар жасалған. Оның аясында колледж оқытушыларын сол ЖОО-лардың магистратура, докторантураларында оқыту, біліктілік арттыру, олармен бірге жүргізілетін ғылыми жобаларға қатыстыру қамтылған. Қазір алғашқы жұмыстар басталып кетті. Кеше ғана колледждің 3 оқытушысы Қарағанды техникалық университетінде үш апталық біліктілікті жоғарылату курсынан өтіп келді. Енді сол оқытушылар аймақта біліктілік курстарын ашуға жұмыс жүргізуде. Жоғарыда аталған барлық оқу орындарымен осындай жұмыстар жалғасады. Сондай-ақ жаңа зертханалар, құрал-жабдықтар алуға, ғылыми жұмыстар жүргізуге байланысты келісімдер бар.

Осы оқу жылында біз төрт шетелдік ғалымды дәріс оқуға шақырғалы отырмыз. Олар тегін волонтерлік қызметпен келеді. Арнайы халықаралық ұйым бар, яғни олар шетелдік эксперттердің қаражатын төлеп, қазақстандық оқу орнына жібереді. Айта кетейік, олар бірінші кезекте сандық технология бойынша келеді. Сонымен қатар, «ТОРА» (техническое обслуживание и ремонт автомобилей), яғни «автомобильдерге техникалық қызмет көрсету және жөндеу» деген мамандығымыз бар, ауыл шаруашылығы бағытынан, құрылыс саласынан, сонымен бірге, инновациялық жобаларды жасау бағытында эксперттер келеді. Жыл бойы осы жұмыстар жүргізіледі.  Бұдан бөлек, республика деңгейінде әр мұғалім өз саласы бойынша біліктілік курстарынан өтеді.

– Бүгінде арнаулы оқу орындарына аккредиттеуден өту талабы қойылып отыр. Жалпы аккредитацияның артықшылығы неде?

– Орынды сұрақ. Аккредитация деген мәселеге келетін болсақ, қазір еліміздің колледждері халықаралық салалық аккредиттеуден өту деген талаппен жұмыс жасап жатыр. Облыста алғашқы болып, біздің оқу орнымыз, яғни И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық жоғары колледжі энергетика мамандықтары бойынша АҚШ-тың Флорида штатындағы NCCER агенттігі арқылы халықаралық салалық аккредиттеуден өтті. Нәтижесінде, аталған агенттік біздің барлық теориялық және практикалық жұмыстарымызды сынамадан өткізіп, жоғары бағасын беріп, куәлігін тапсырды. Бұл колледжге не береді? Осы жөнінде айтар болсақ, біріншіден, бітіруші түлектерге қосымша сертификат беріледі. Ол сертификат әлемнің 70 елінде мойындалады екен. Мысалы, біздің электро-энергетика мамандығы бойынша 11 студентке осындай сертификат берілді. Сонымен қатар, оларға «Коммерциялық электрик» деген қосымша біліктілік берілді. Атап айтқанда, студенттер жоғарыда айтып өткеніміздей, 70 елдің біріне барып жұмыс істеуіне болады. Әрине, бұл жерде тіл білуі маңызды.

Бұдан бөлек, қазір колледждердің негізгі қаржыландыру көзі – жан басына шаққандағы қаржыландыру. Айталық, колледждегі 1450 студентке республикалық бюджеттен қажетті қаражат бөлінеді. Сол қаражат колледж қызметкерлерінің еңбекақысына, студенттердің стипендиясына, сондай-ақ оқу орнының материалдық базасын дамытуға, коммуналдық төлемдерге, салыққа жұмсалады. Бүгінгі күні жан басына қаржыландыру көлемі 500 мың теңге шамасында, алдағы жылы бұл қаражат 700-800 мың теңге деңгейіне көтеріледі деген жоспар бар. Осы ретте айта кетейік, алдағы уақытта колледждер төрт лигаға бөлінеді, халықаралық аккредиттеуден өткен колледждер 1-лигаға кіреді. Одан кейін 2-лигада – тірек колледждер, қалған колледжер 3-4- лигаға кіреді. Егер біз осы 1-лигаға кіретін болсақ, жоғарыда аталған қаржыландыру көлемі 1 млн теңгеден астам көтеріледі деген болжам бар.

– Өңірге қажетті «Мамандықтар атласы» жасалады. Бұл қатарда сіз қандай мамандықты айтар едіңіз?

– Менің ойымша, бірінші кезекте энергетика, сосын коммуналдық қызметтер және ауыл шаруашылығы – адам өмір сүрген жерде болатын қажетті салалар. Сондықтан осы салаларға мамандар дайындау өте өзекті. Сондай-ақ қазір IT саласын, яғни жасанды интеллект қызметін айтуға болады. Бұл заманауи жетістікті қазір барлық салада пайдалана бастады. Мысалы, мал шаруашылығында кеңінен қолданылып жүр. Енді егіс алқаптарында қолданыла бастады. Оның тиімділігі, егістің суарылу деңгейі, өнім көлемі, арамшөптердің мөлшері болсын, барлығын автоматты түрде есепке алып, компьютерге мәліметін беретін дрондар бар. Бұл да – ІТ-дің бір тармағы. Сол сияқты, жоғарыда айтқан энергетика, коммуналдық бағыттарды да ІТ саласына қосып дайындайтын болса, бүгінгі күні ең өзекті әрі қажетті осы болмақ.

Автомобиль саласы бойынша дайындалады. Бұл мамандар да өте қажет. Себебі, қазір автомобиль жөндейтін білікті мамандар жетіспейді. Сондай-ақ автоэлектриктер қажет. Осы мамандықтардың барлығы да біздің жоспарымызда бар. Бұрынғы ескі техникамен үйретудің өзі қазір жарамайды. Жаңа стендтер, лабораториялық құрылғылар, зертханалық кешендер алуға тиісті қаражаттарын есептеп, осы жылы алуды жоспарлап отырмыз.

– Өткен оқу жылында колледжде қанша маман даярланды, сондай-ақ олардың жұмысқа орналасуы қай деңгейде?

– Өткен жылы колледжді 350-дей түлек бітіріп, диплом алған. Биыл да сол деңгейде, 350-400-дей түлек бітіреді. Оқыту процесі академиялық кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Қазір екінші семестр басталды. Маусым айында студенттер қорытынды аттестаудан өтіп, диплом жұмыстарын қорғап, мемлекеттік емтихан тапсырып, айдың аяғында диплом алады.

Иә, бітірушілерді жұмыспен қамту алдыңғы кезектегі мәселе деп айтар едім. Себебі, колледждің білім беру қызметінің сапасы бірінші кезекте сол көрсеткішпен бағаланады. Бүгінде түлектердің 75,9 пайызы жұмыспен қамтылған. Әрине, соншалықты жоғары көрсеткіш емес. Сонымен қатар, бұл оңай да мәселе емес. Осы ретте біз колледжді бітірген түлектердің жоғары білім алуына басымдық беріп отырмыз. Егер колледж түлектері ЖОО-ға мемлекеттік грантпен түсетін болса, бұл да үлкен көрсеткіш. Сондықтан кәсіби бағдар беру жұмыстары жан-жақты жүргізіліп келеді. Айталық, аграрлық бағытта бітірген түлектерді Ұлттық аграрлық университетке, техникалық бағыттағы түлектерді Қарағанды техникалық университетіне, автомобиль, транспорттық бағыттағы түлектерді М.Тынышпаев атындағы көлік және коммуникация  академиясына, тағы бірқатар мамандықтар бойынша Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті мамандарымен бірлесіп, кәсіби бағыттау жұмыстарын қолға алдық.

Айта кетейік, өткен жылы облыста «Үздік білім беру ұйымы» деген жүлде алдық. Бұл біздің колледжге жүктелген сенім мен жауапкершілік деп есептейміз. Сонымен қатар, салалық аккредиттеуден де сәтті өткенімізді жоғарыда айттым.  Осы бағытымызды әрі қарай  жалғастырып, бұл мамандықтармен тоқтап қалмаймыз. Осы оқу жылында энергетикамен қоса, құрылыс, ветеринария салалары бойынша мамандықтарды аккредиттеуден өткізуге жан-жақты дайындық жүріп жатыр. Жоғарыда айтылған стратегиялық жоспарға сәйкес 12 мамандықты жоспарлап отырмыз. Дуальді оқыту жеті мамандық бойынша жүзеге асырылып отыр. Бұл да өзекті мәселенің бірі. Қазір жылу-электр орталығы, Ы.Жақаев атындағы күріш ғылыми-зерттеу институты, тағы басқа, осындай 7 мекемемен дуальды оқыту жөнінде  келісім-шарт жасалған. Жылдың аяғына дейін бұл мамандықтардың да санын көбейтеміз. Тағы бір жаңалық, келешекте облыстағы шыны зауытының даму жоспарына сай зауытқа қажетті 30-дан астам біліктілік бойынша мамандар дайындаймыз деген жоспарымыз бар.

Бүгінде колледждің арнаулы қаржысы және демеушілер есебінен он шақты дәрісхананы жөндеуден өткіздік. Ғимарат жай жөндеуден өтіп, түнгі жарықтандыру жүргізілді. Бұл жұмыстар әлі де жалғасып жатыр. Биыл акт зал және соған баратын дәлізді толығымен кейінгі үлгідегі дизайнмен жабдықтаймыз.

И.Әбдікәрімов атындағы жоғары колледждің 95 жылдығы екенін айтып өттік. 2020 жылы колледждің 90 жылдық тарихы кітап болып шыққан екен. Қазір жұмыс тобы құрылып, осы кезең аралығындағы өзгерістерді, жетістіктерді саралап, алдағы атқарылатын іс-шаралар айқындалды.

Сұхбаттасқан

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<