Білікті ұстаздың биігі

951

0

Еңбек жолын ұстаздықтан бастаған, кейін №4 С.Сейфуллин атындағы орта мектеп директоры, Қызылорда қалалық білім бөлімі меңгерушісінің орынбасары, облыстық мұғалімдердің кәсіби шеберлігін арттыру институтының директоры, қалалық білім бөлімінің басшысы, №233 орта мектеп директоры қызметтерін атқарған Күлзия Оспанова мерейлі 70 жасқа толып отыр.

Ұлағатты ұстазбен өмір жолымыздың тоғысуы қаладағы бұрынғы №1 Мамыр атындағы орта мектеппен байланысты. Күлзия Жұмағалиқызы орыс тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс берді, кейін осы мектеп директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары қызметінде болды.

Оның Қызылорда қалалық білім бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарған кезде ұйымдастырушылық қабілеті мен біліктілігі айшықтала түсті. Бөлім меңгерушісі болған тәжірибесі мол, білікті педагог-психолог Сейтқасым Баяхметұлы қасына білімді қызметкерлерді топтастыра білді. Күлзия Жұмағалиқызы басшының мол тәжірибесінен үйреніп, барлық тапсырмаларды мүлтіксіз орындады.

Тәуелсіздікке қол жеткізген жылдары жағдай өте ауыр болды, еңбекақы уақытылы берілмейді. Сол кездегі қиыншылықтарды бастан кешірген олардың еңбегі ұшан-теңіз. Білім қызметкерлерін нарықтық экономикаға бейімдеу үшін жәрмеңкелер, семинарлар, т.б. өткізілді. Сол уақытта мұғалімдер отбасын асырау үшін саудаға  кетіп жатты. №198 орта мектеп директоры Марк Захарович бәліш пісіретін, қарттар, мүгедектер үйлеріне көрпе-жастық тыс тігетін цех ашып, оны сатумен айналысып, «Миллионер мектеп» атанды. №217 орта мектеп директоры В.Шопиади шошқа семіртіп сатумен айналысты. №222 орта мектеп директоры А.Жалиев қоян өсірді. №211 орта мектеп директоры Р.Жавзмагина мектеп жанында гүлдер өсіріп, бақша өнімдерін екті. №235 орта мектеп директоры Р.Құлтанов, №7 орта мектеп директоры Н.Махатова мұғалімдердің жекеменшік саяжайларында жоңышқа, бақша өнімдерін өсіріп оларды сатып, қосымша қаржы табуды ұйымдастырды. №143 орта мектеп директоры Б.Остаев мектеп жанынан шағын ферма ұйымдастырды. Қалған мектептер де қосымша табыс тауып, өзін-өзі қаржыландыруға бейімделді. «Еңбек» пәнінің мұғалімдері тұрмысқа қажетті құралдар жасаумен айналысты. Мектептен тыс мекемелер мен балабақшалар да ұлттық қолөнер бұйымдарын жасады. Оқушылар сарайының директоры Г.Уалиеваның басшылығымен керамикалық цех ашылды.

Оқушылар мен ата-аналар арасында психологиялық ахуалды жақсарту үшін облыстық газетте қалалық білім бөлімінің сенім телефоны жарияланып, оған №233 орта мектеп директоры Л.Шастова басшылық жасады. Тәрбиеге назар аударылып шағын аудандар бойынша мектептерде тәрбие орталықтары жұмыс істеді. Халықтық педагогика оқу-тәрбие процесіне енгізіліп, оған бақылау жасалды. Білім саласы сол кезде 8 реформаны жүзеге асырды. Атап айтқанда «Халықтық педагогика», «Атамекен» бағдарламасы, оқушыларды еңбекке баулу, «Математика», «Ағылшын тілі», «Физика», «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Орыс тілі», «Информатика» пәндерін тереңдетіп оқыту енгізілді.

Мұғалімдердің кәсіптік шеберлігін жетілдіру үшін үздік мұғалімдердің атаулы, озат мектептерін ашу басталды. Осы кезде қалалық білім бөліміндегі әдістемелік кабинеттің меңгерушісі қызметін атқардым. Жұмыстардың барлығы әдістемелік кабинет арқылы жүргізілді. Қалалық білім бөлімі тарапынан барлық сала бойынша, кәсіптік шеберлік жетілдіру үшін сан алуан бақылаулар, КТК, дебаттар, өнер сайыстары, директорлар мен директорлардың орынбасарлары арасында байқаулар өткізілді. Ай сайын жоспарлы түрде әдістемелік ашық есік күндері өткізіліп, әдіскерлер базасынан мұғалімдерге көмек көрсетілді, сабақ берудің жаңаша түрлерін өздері көрсетті. Мектеп директорлары, мекеме басшыларына қатаң талап қойылды, директорлардың орынбасарларынан директорлыққа резерв дайындап тізім жасалып бекітілетін. Сонда ешкім кездейсоқ директорлық қызметке тағайындалмайтын.

Заман талабына сай инновациялық мектептер өмірге келді. Қызылорда қаласында сол кезде республикалық семинарлар жиі өткізілетін. Атап айтқанда, «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Математика» пәндері, мектеп басқарудағы жаңа көзқарас, жаңа бағыт туралы директорлар семинары, білім мекемелерінде өзін-өзі қаржыландыру бағытында «Еңбек» пәні мұғалімдерінің ролі жайлы өтті. №1 орта мектептің «Еңбек» пәнінің мұғалімі Б.Қайназаровтың ұлттық педагогикаға негізделген «Еңбек» сабағының бағдарламасы Білім министрлігінде бекітіліп, қаладағы №№7, 171, 144, т.б. мектептерге енгізілген. Мектепті басқару мен бақылау жұмыстарын жүйелі жүргізген №№2, 3, 198, 217, 233 орта мектептер «Сенім мектебі» болып, озат тәжірибелерін қала мектептеріне тарату мақсатында семинарлар өткізді. Осындай қыруар жұмыстың басында К.Оспанова жүріп, өзінің шебер ұйымдастыру қабілетін көрсетті.

Еңбегі бағаланып, облыстық мұғалімдердің кәсіби шеберлігін арттыру институтына директор болып тағайындалды. Жинаған мол тәжірибесін, әдістемелік жұмыстарды облыстың барлық мектептеріне енгізумен айналысты, Қызылорда қалалық білім бөліміне басшы болып бекігеннен кейін қала мектептеріндегі оқу-тәрбие жұмыстарын жандандырып, жүйеге келтірді.

Көп жылғы білім саласындағы атқарған еңбегі еленіп, «Білім беру ісінің үздігі», «Ерен еңбегі үшін», Тәуелсіздіктің 10 және 20 жылдық мерекелік төсбелгілерімен марапатталды.

Күлзия Жұмағалиқызы жолдасы Сәрсенбай екеуі екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді, бәрі жоғары білімді, отбасылы немере-шөберелері бар.

Оның білім саласына қосқан толағай еңбегі – кейінгі ізбасарларына үлгі-өнеге.

Ү.ҚОСЕКЕЕВА,

Білім беру ісінің үздігі, ардагер ұстаз

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<