Жуырда Алматыда XXII халықаралық Жәутіков олимпиадасы өтті. Биыл олимпиадаға әлемнің 16 елінен математика, физика және информатика пәндері бойынша 612 оқушы мен 122 команда жетекшісі қатысты. Олардың арасында Армения, Әзербайжан, Беларусь, Болгария, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Пәкістан, Ресей, Румыния, Тәжікстан, Түркіменстан, Индонезия, Үндістан және Өзбекстаннан келген оқушылар бар.
Екі турды қамтыған байқау барысында қатысушылардың білімін ҚР ҰҒА академигі Асқар Жұмаділдаев бастаған қазылар алқасы бағалады. Нәтижесінде Алматы қаласындағы республикалық физика-математика мектебінің командасы жүлделі III орынды иеленді. Құрама сапындағы осы мектептің 8-сынып оқушысы Еламан Әлішер 10-11 сынып оқушылары арасынан озып шығып, алтын медальға ие болды. Академик Асқар Жұмаділдаев жабылу салтанатында бұл көрсеткіштің халықаралық олимпиададағы үлкен сенсация екенін айырықша атап өтті.
Әлішер – қатарынан озық, алғыр оқушы. Оның бұған дейінгі жетістіктері аз емес. 2024 жылы 7-сыныпта оқып жүріп, 10-11 сыныптар арасында өткен Қазақстан Білім олимпиадасында информатика пәні бойынша 1-орын иеленіп, алтын медальмен марапатталды. Өткен жылы ҚР Оқу-ағарту министрлігі Алматыда оқушылар арасында информатикадан XVII Еуразиялық олимпиада өткізген. Оған Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстаннан 72 команда, 216 оқушы қатысты. Олимпиада қорытындысында жеңіс тұғырынан көрінгендер қатарында Әлішер де бар.
Қандай оқушының болсын, білімі мен зияткерлік қабілеті осындай ой додаларында сыналатыны сөзсіз. Ал Әлішер секілді озық ойлы балалардың жетістігі – мұғалімнің де, өзі оқитын мектептің де мақтанышы.
«СБ» ақпарат





