ХХІ ғасыр – химия-биология дәуірінің нағыз ұстазы қандай болмақ? Әрине, өз кәсібінің майталманы, осы мақсатқа білімі мен біліктілігін, рухани күш-жігерін, парасат-қуатын аянбай жұмсайтын жан.
Ұлы ұстаз Ахмет Байтұрсынов «Білім – біліктілікке жеткізер баспалдақ, ал біліктілік – сол білімді іске асыра білу дағдысы» демекші, шәкірт жүрегіне жол табу арқылы оқушыны жан-жақты ашып, пәнге деген қызығушылығын арттыру – білікті маманның түрлі әдіс-тәсілінің жемісі. Мұғалімді әр баланың жан-дүниесін танып-білуші әрі оны жеке тұлға етіп қалыптастырушы деуге болады.
Абайдың жетінші қара сөзінде: «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреуі білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген – жан құмарлығы. Осы екінші мінездегі білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген оқушыларды неге үйретпеске? Неге өз қиялын іске қосып, оқуға құштар етіп, зерттеу жұмысын жүргізбеске? Әрине, жоғарыда айтқандай, ұстаздың шеберлігінің арқасында оқушылардың пәнге қызығушылығы мен есте сақтау қабілетін арттырып, оқытудың түрлерін жасанды интеллект әдістерімен күнделікті дағдыға айналдырып, дарынын ояту арқылы биіктерге шығаруға болады. Осы Абайдың жетінші қара сөзін ұйымдастыру кезеңіне қолданып, жан тазалығы, айналаны көріп-білу арқылы жаңа дүниелерді білсем екен деген оқушының пәнге деген қызығушылығын арттырамын.
«Шын тұлпардың тұрқын бапкер жаратса, рухын тұлпардың өзі жаратады» демекші, биология пәні бойынша шын мықтыларды пәндік олимпиада, әртүрлі ғылыми-зерттеу жұмыстарына дайындап, шәкірті жүлдегер атанып биікке шықса, мұғалімнің жемісті еңбегі көрінері сөзсіз.
Әрбір жаңа оқу жылы басталғанда, тынбай еңбек етіп, оқушыларымыздың үлкен додада бақ сынап, жүлделі болуы – ұстаздың бағыт-бағдар беріп, шыңдап, дамыту арқылы нәтижеге жетуі. Осы ретте өз оқушыларымды мақтан тұтып айтқым келеді. Президенттік олимпиаданың республикалық кезеңінде оқушыларым Бергенбекұлы Нұрдәулет пен Қақпан Нұрлыхан жүлделі ІІ орын иеленіп, күміс медальмен марапатталып әрі бес жоғары оқу орнына грант ұтып алуы дұрыс бағыт-бағдар арқылы ізденіп білім алуы мен тынбай еңбектенгеннің нәтижесі деп білемін. Қазіргі таңда шәкірттерім Қазақстанның маңдайалды университеттерінде оқып жатыр. Сондай-ақ Қайырбек Шаһида биология пәнінен облыстық кезеңде бірнеше мәрте жүлделі ІІ орын иегері, Халықаралық Әл Фараби атындағы пәндік олимпиада, республикалық олимпиада, «Дарынның» ғылыми жобаларының жүлдегері атанды.
2024-2025 оқу жылы да табысты жыл болып, мектебіміз білім сапасы бойынша жарқырап көрінді. Мәселен, Президенттік олимпиаданың облыстық кезеңінде бірнеше оқушымыз жүлделі орындарды иеленді. Топ жарған жүлдегер Мәдібек Нұржан республикаға жолдама алып, алғыс хатпен марапатталды. Биыл 10-сынып оқушысы Балымбет Малика республикалық жалпы пәндер бойынша биология пәнінен облыстық кезеңде жүлделі ІІ орын, 11-сынып оқушысы Тиыштан Сабина ІІІ орын алды. «Зерде» ғылыми-зерттеу жұмысында оқушым Орақбаева Балжан жүлделі ІІІ орын иеленді. 11-сынып оқушысы Әмірхан Әсем республикалық «Қазақстан білім олимпиадасынан» ІІІ орын, Қадырберді Балым облыстық юниорлық олимпиададан ІІІ орын алып, мектеп қоржынына жүлде қосты.
Шералиева Саяжан «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен облыстық кезеңде «Механикалық қасиеттерді өзгертетін жақ сүйегі қозғалыс биомеханикасы әдістерінің маңыздылығы» тақырыбында зерттеу жұмысын қорғап, жүлделі ІІ орын иегері атанды. Республикадан ІІ орын, күміс медаль иегері болып, жоғары оқу орнының грантын ұтып алды. Оқушылардың биология пәні бойынша білім сапасы 100 пайыз, ҰБТ-да биология пәнін таңдаған оқушыларымыздың жинаған ұпайы жоғары болып, грант иегерлері атанып, қазіргі таңда түрлі жоғары оқу орындарында оқып жатыр.
Сондай-ақ мектеп жанынан ашылған жылыжайда құлпынай, қияр, қызанақ егіліп, бүгінде егілген көкөнісіміздің алғашқы жемісі де пісіп үлгерді. Бұл – қуантатын жайт. «Жасыл мектеп» жобасының жетекшісі ретінде акция ұйымдастырып, жұмысымызды жандандырып, көркейтуге атсалысып келемін. Химия-биология бірлестігінің жетекшісі әрі мұғалімдердің мәртебесін арттыруда «Альфа» зерттеу тобының жетекшісімін. Ұстаздармен етене жұмыс жасап, іс-тәжірибе көрсету бойынша облыстық семинарларда да іс-тәжірибемді бөлісіп отырдым.
Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай жерінде ұйымдастырылған республикалық ғылыми-практикалық конференцияға қатысып, жобамды қорғап, сертификатқа ие болдым. Республикадағы биология пәні мұғалімдерімен қауымдастық құрып, тығыз жұмыс жасауға келістік. Тазалық сақтау, экологиялық құндылықтарды оқушы бойына сіңіруде ұстаздар Катонқарағай жерінде әр облыс, әрбір ұстаздың аты-жөнімен шырша ектік.
Осы орайда арнайы экологиялық білім беруді кіріктірілген сабақтар барысына енгізе отырып, өз идеямнан туындаған «Интегративті эко-биология» жобасы (Int Есо-Bio) жарық көрді. Жобаның мақсаты айқындалып, жоспары құрылып, қазіргі таңда топ өкілдері жұмыс жасауда. Өсімдіктерді өсіріп-баптау, экологиялық жай-күйін анықтау, топырақ құрамын, қышқылдылығын, жарық, температура, өсімдіктің химиялық құрамын анықтау, камера арқылы басқарып, видеоесеп жинауда, т.б. биология, география, химия, физика, информатика пән мұғалімдері бірлесе жұмыс жасайды.
Биология сабағында интерактивті оқытудың нәтижесінде туындаған тың әрі жарқын жоба жаңа істерге бастама болары анық. Жоба ұстаздардың кәсіби құзыреттілігін, оқушылардың үнемі өзін-өзі тәрбиелеп, жетілдіруіне, экологиялық білім алуына ынтасын арттырады.
Бүгінгі біліммен бәсекелесетін заманда шәкірттеріміздің биіктен көрінуіне күнделікті ісіміздегі жаңашылдығымыз, жан-жақты берген тәрбиеміз арқылы қол жеткіземіз. Мен дарынды балаларға арналған мектепте жұмыс жасап жатқаныма қуанамын әрі өз мектебіммен мақтанамын.
Жазира СМАҒҰЛОВА,
Е.Әуелбеков атындағы
№4 облыстық мамандандырылған
мектеп-лицей-интернатының биология пәні мұғалімі






