Елімізде оқушылар арасында ХІV Президенттік олимпиада өтті. «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған білім бәйгесіне ең үздік 183 оқушысы қатысты. Жас дарындылар математика, физика, химия және биология пәндерінен тапсырмалар орындап, білімдерін сынады.
Жаратылыстану-математика бағытындағы пәндер бойынша Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Сұлтан Қани жүлделі III орынды иеленді. Сыр бойылық зияткер NIS құрамасында мектеп намысын сәтті қорғап, жүлделі орындардан көріне білді. Сондай-ақ Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті мен Атырау қаласындағы мұнай және газ университетінің білім гранттарын жеңіп алды.
– Бұл олимпиадаға мен бар күш-жігерімді салып дайындалдым. Мектеп пен мұғалімдер маған үлкен қолдау көрсетіп, пән бойынша білімімді арттыруға үлкен септігін тигізді. Сол үшін ерекше алғысымды айтамын, – дейді дарынды бала.
Айта кетейік, Президенттік олимпиаданың қорытындысы бойынша «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы «Ең үздік олимпиадалық команда» атанды.
Гүлбану МАҚАЖАН
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<