И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық колледжіне биыл 90 жыл. Мерейлі мереке қарсаңында оқу орны күрделі жөндеуден өтіп, мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері, соғыс ардагері И.Әбдікәрімовтің ескерткіш-бюсті ашылды. Игі шараға облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов қатысты.
– Тарихы терең бұл оқу ордасы кезінде республикаға ғана емес Кеңес Одағына қажетті техникалық мамандарды даярлады. Бүгінде 12 мыңнан аса түлек түлеткен іргелі оқу орнында материалдық-техникалық база жаңарып, білікті педагогтар жүйесі қалыптасқан. Сондай-ақ, инновациялық бағдарламалар енгізіліп, студенттердің кәсіби білім алуына барлық мүмкіндіктер жасалған. Оның айқын дәлелі білім ошағы 2015-2019 жылдарға арналған индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының сұранысына сай ҚР Білім және ғылым министрлігі мен “Кәсіпқор” холдингі АҚ анықтаған еліміз бойынша білікті маман даярлайтын үздік он колледждің қатарына енді. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен Жастар жылында қолға алынған “Жас маман” жобасы биылдан бастап жүзеге асуда. Өңірімізде оны жүзеге асыратын 9 колледждің қатарына енгізілген бұл оқу орнының материалдық-техникалық базасын заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету үшін республикалық бюджеттен 323 млн теңге қаржы бөлініп, қажетті дүниелер алынды. Аталған шаралардың барлығы – ұжымның сан жылдардағы еңбегінің нәтижесі. Сондықтан білім ошағына бұдан да зор жетістіктер мен табыс тілеймін, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Жиын барысында ғалым, профессор Қазыбай Құдайбергенов И.Әбдікәрімов туралы естелік айтса, қызы Шәмшия Исатайқызы ұжым басшылығына өз алғысын жеткізді. Мұнан кейін жиналған көпшілік “Жас маман” жобасы бойынша жабдықталған зертханалармен танысып, “Шежірелі білім ордасы” атты салтанатты кештің куәсі болды. Шара соңында ардагер ұстаздар, үздік түлектер, колледж демеушілері 90 жылдық арнайы мерекелік медальмен марапатталып, оқу орны тарихындағы оқиғалар тізбегі мен білім саласында есімдері елеулі ұстаздар жайын сөз еткен “Шежірелі білім ордасы” атты естелік кітапты сыйға алды.
Бүгінде мұнда 2000-ға тарта студент 30 мамандық негізінде білім алады. Айта кету керек, бұл жерден мемлекет және қоғам қайраткерлері И.Әбдікәрімов, Ұ.Еспанов, О.Бәйімбетов, А.Бисенов, ғылым докторлары Ғ.Мүсілімов, А.Шәменов, Р.Тайманов, С.Қошқаров, М.Жайымбетов секілді тұлғалар білім алған. Осындай қайраткерлерді өсірген оқу ордасының облыс экономикасының дамуы мен инновациялық жобаларды жүзеге асыруға қажетті кадрларды даярлауда, жастардың кәсіптік білім алып, сұранысқа ие маман болуында алар орны ерекше.
Суретті түсірген
Нұрболат НҰРЖАУБАЙ
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<