Білім саласының ардагері, ұлағатты ұстаз Ерденбек Мұқанов 1942 жылы 4 шілдеде ұстаз отбасында дүниеге келген. 1958 жылы орта мектепті бітіріп, қолына аттестат алған жасөспірім (алдында мамандық) оқу орнын таңдау керек болды. Жас түлекті алғашқыда дәрігер мамандығы да қызықтырды, ойланды, толғанды.
Мұғалім мамандығына қызығушылық Қызылорда педагогикалық институтына алып келді. 1964 жылы қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп, еңбек жолын Шиелі ауданы №154 «Тартоғай» мектебінде бастады. Жас ұстаз педагогикалық оқуларда өзінің жаңалыққа деген талпынысымен, еңбекқорлығымен танылды. Мұғалімнің ізденімпаздығын, жалындаған жас жігерін байқаған білім бөлімінің басшылығы оны 1971 жылы №154 мектептің директорлығына тағайындады. Үміт ақталып, мектеп ұйымының көрсеткіштері, оқушылардың білім сапасы алдыңғы қатарға шықты.
Ерденбек Бектайұлының директорлық карьерасы осылай басталып, 1971-2008 жылдар аралығында Шиелі ауданының №№154, 141, 40, 41 мектептерінде 38 жыл абыроймен қызмет жасады.
Әрине, мектеп директоры болып қырық жылға жуық қызмет атқарған азаматтар жиі кездесе бермейді.
Ерекең мектеп ұжымдарына басшылық жасаған кезеңдерінде өзінің ізденімпаздығымен, іскерлігімен ерекшеленді. Мектептердің оқу-тәрбие процесі сапалы деңгейге көтеріліп, оқушылар пәндік олимпиадалар мен білім сынақтары бойынша жақсы нәтиже көрсетті.
Өзіне де, өзгеге де талап қоя білетін басшы ұстаздардың білімі мен білігін арттыруды назарда ұстады. Жетістіктің басты кілті осы жерде екенін жақсы түсінді.
Оқу мен еңбек – егіз. Оқушыларға білім бере отырып, еңбекке тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлді.
Егемендіктің алғашқы уақытындағы қиындықты, әсіресе білім саласы ерекше сезінді.
Осындай қиын кезеңде №41 мектеп директоры қосалқы шаруашылық ұйымдастырды. Қаз-үйрек өсіріп, қаражат тауып, оны мектепті жабдықтауға, мектеп интернатына азық-түлік алуға пайдаланды. Шаруашылықта қажетті машина, трактор басқа да техникалар жинақталды, база қалыптасты.
Аталған шаруашылық негізінде оқушыларға сапалы еңбек тәрбиесі беріліп, техника тілі үйретілді.
Мектептің бай тәжірибесі 1994 жылы республикалық семинарда өте жақсы бағаланып, республика көлеміне таратылды.
1989 жылы Солтүстік Қазақстанда, 1992 жылы Целиноград облысында «Оқушыларға білім беруді еңбекпен ұштастыру» тақырыбында өткен конференцияда мектеп директоры өз тәжірибесімен бөлісті.
Е.Мұқановтан білім алған мыңдаған түлектер республиканың барлық аймақтарында қызмет атқарып, егемендігіміздің тұғырын нығайтуға өз үлестерін қосып келеді.
Ұлағатты ұстаз «Еңбек ардагері» төсбелгісімен марапатталған. Шиелі ауданының Құрметті азаматы. Өмірлік жолдасы Үрләй апай да тәжірибелі ұстаз. Қазір қос ұстаз үлкен жанұяның отағасы мен отанасы, бақытты ғұмыр кешуде.
Ал Ерденбек Бектайұлы 80-нің сеңгіріне шығып, ізбасарлары мен өскелең ұрпаққа ұстаз өнегесін дарытып, ел бірлігін сақтауға үлес қосып келеді.
Сәбит ІЛИЯСОВ,
қалалық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<